Түзету мекемесінде үй қояндарының 3 түрі өсіріледі
Петропавл қаласындағы 164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер қоян мен тауық өсіріп, жалақы алып отыр. Колониядағылар бұдан бөлек, бау-бақша егуді де кәсіпке айналдырған. Онда саңырауқұлақ, қияр, қызанақ, болгар бұрышы сынды тағы басқа жеміс-көкөністер өсіріледі. Жуырда әйелдер бригадасы тәжірибе ретінде цитрус ағаштарын еккен, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі.
СОТТАЛҒАНДАР ТУЫСТАРЫНА АҚШАЛАЙ КӨМЕК ЖІБЕРІП ОТЫР
Кісі өлтіру, есірткі сату, ұрлық, өзгенің денсаулығына қасақана зиян келтіру, алаяқтық... Петропавл қаласындағы ЕС-164/6 түзету колониясында түрлі қылмысы үшін жазасын өтеуші әйелдер отыр. Олардың қатарында күйеуін бөлшектеп өлтірген келіншек те бар. Алайда қандықол қылмыскерлер сұхбатқа келісе бермейді. Түзету колониясы қызметкерлерінің сөзінше, ондай адамдарды дұрыс жолға бағыттап, жөн сілтеудің ұтымды жолдарының бірі – еңбекпен қамту.
«Түзету мекемесі жазасын өтеушілерді еңбекке тарту мақсатында облыс кәсіпкерлерін өз аумағында жұмыс істеуге шақырады. Бұл сенімді басқару негізінде жүзеге асырылатын шаруа. Олар түзету мекемесінің аумағында жұмыс істегені үшін жалдау ақысын төлемейді. Жазасын өтеушілерге жалақы тағайындайды. «Шмаганов» ЖК бос тұрған жылыжайды, қоян, тауық өсіретін қораларды қалпына келтірді. Алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Сотталғандар жалақы алып, мемлекет алдындағы берешегін өтеп, туған-туыстарына ақшалай көмек жібереді. Керек-жарағын осындағы дүкеннен сатып алады», - дейді ЕС 164/6 түзету мекемесі бастығының орынбасары Ерлан Мырзатаев.
ҚОЯННЫҢ ҮШ ТҮРІ ӨСІРІЛЕДІ
Бригадада 7 адам жұмыс істейді. Олардың таңы тауықтарға жем шашып, қояндарға шөп беруден басталады. Қазір үй құстары жұмыртқалап жатыр. Енді бірер айдан соң балапан шығару науқаны басталмақ. Ол кезде жұмыс тіпті қыза түседі.
Олеся Русак – есірткі сақтап, сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Қазіргі уақытта жазасының 4 жылын өтепті. Мекемеде барынша тәртіпті болып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға үмітті. Сондықтан алдына келген жұмысқа аянбай кіріседі.
«26 тауық пен 1 әтеш бар. Күніне екі мезгіл жем-суын береміз. Ауырып қалса, емдейміз. Тауықтардың көбі әлі кемеліне жетпеген. Сондықтан 17-сі ғана жұмыртқалайды. Тәулігіне бір рет. Құстарды былтыр ақпан айында әкелді. Бізге әбден үйреніп кетті. Адамнан қорықпайды. Қазір дәрумен беріп жатырмыз. Өзім жануарларды жақсы көремін. Оларды бағып жүріп, уақытымыз тез өтеді. Таңертең әтеш азан шақырып жатқанда өзімді үйде жүргендей сезінемін. Мұндай еңбек маған жаман ойлардан арылуға көмектеседі», - дейді Олеся Русак.
Түзету мекемесінде үй қояндарының 3 түрі өсіріледі. Олардың жем-шөбін кәсіпкер жеткізіп тұрады. Өсіп-жетілгенде көжектерін сатуға алып кетеді. «Великандардың» ең ірісінің салмағы 10 келіге дейін тартады. Шаруашылықта жұмыс істейтіндер еңбек көлеміне қарай жалақысын алып тұрады. Ең кемінде 20 мың теңге.
«Бұған дейін үй қояндарын бағып көрген жоқпын. Оларға ерекше күтім қажет екен. Бастысы, тұрған жері таза, құрғақ болуы керек. Сонда ауырмайды. Сәбіз, орамжапырақты жақсы көреді. Бақшада өсіріп, әкеліп береміз. Қояндардың көжегіне жолауға болмайды. Олар балалағанда жанына адам барса, көжектерін жеп қояды», - дейді жазасын өтеуші Лилия Заворотнюк.
Қояндар мен тауықтарды жайлап болған соң, бригада жұмысшылары бау-бақшаға барады. Жылыжай 12 ай бойы үздіксіз өнім береді. Қыс мезгілінде нысан ішіндегі қалыпты температураны ұстап тұру маңызды. Топырақ жүйелі түрде тыңайтылады. Қазір қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қарамағындағы түзету мекемелерінің аумағында үш жылыжай бар. Оларда жыл бойы қызанақ, қияр, жуа, аскөк, ақжелкен, саңырауқұлақ және болгар бұрышы өсіріледі. Жеке кәсіпкер Елена Шмагнова болашақта өндіріс көлемін ұлғайтпақ ниетте.
«Біз былтыр 200 келі қияр мен 100 келі қызанақ жинап алдық. Ал биыл өнімнің көлемін екі есе көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жемістер мен көкөністерге деген сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы саңырауқұлақ отырғыза бастадық. Білмегенімізді арнайы әдебиеттен үйреніп жатырмыз», - дейді кәсіпкер.
МАНДАРИН МЕН ЛИМОН ЕГІЛДІ
Сонымен қатар, жылыжайда қозықұйрық өсіріледі. Алынған өнім Петропавл қаласындағы дүкендерде саудаланады.
«Қозықұйрықты алғаш еккенде тәжірибе ретінде сынап көруді көздеген болатынбыз. Өнім жақсы шықты. Оны дер кезінде суарып, топырақты құнарландырып отырудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Саңырауқұлақ сұранысқа ие. Сондықтан қозықұйрық егілетін жылыжай аумағы ұлғайтылмақ», - дейді Олеся Русак.
Жазасын өтеушілер Солтүстік Қазақстан үшін тағы бір жаңа кәсіп түрін игеруге көшіпті. Сотталғандар лимон, мандарин сынды цитрус ағаштарын еккен. Оның өнімі жайында айту әзірге ерте. Дегенмен, бригадада жұмыс істейтіндер жақсы нәтиже көрсетуге үмітті.
Солтүстік Қазақстан облысындағы бес түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 780 адам бар. Олардың 71%-ы еңбекке тартылған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО