Желіні дүрліктірген астаналық аула сыпырушы халықтан ақша жиналғанын білмейді
Накип Мейізбаеваға көпшілік 2 миллионнан астам қаржы жинаған
Астаналық аула тазалаушы Накип Мейізбаеваның соңғы екі аптадағы өмірі адам сенгісіздей өзгерген. 20 ақпан күні Нұр-Сұлтан көшелерінің бірінде үйілген қардың үстінде жатқан әйелдің видеосы қазнетте вирустай тарап кеткен болатын. Ол видеоны әлеуметтік желілерге сол ауданның тұрғыны Аида Сүйінбаева жариялаған еді. Жас қыз көше тазалаушысын тұрғызып, оған алғашқы көмекті көрсеткен.
Azattyq Ruhy тілшісі қазақстандықтарды алаңдатқан Накип Мейізбаеваның үйіне барып, кейуананың бүгінгі таңдағы өмірі қалай өтіп жатқанын өз көзімен көріп қайтты.
ҚАЗНЕТТІ ШУЛАТҚАН ВИДЕОДАН КЕЙІНГІ ӨМІР
Мейізбаева Нұр-Сұлтандағы Лесозавод шағынауданында тұрады. Бізді аялдамадан күтіп алып, редакция көлігіне мінген әйелдің аузынан арақ иісі мүңкіп тұрды. Айтуынша, келіні «жаңа телефоныңды жу» деген соң бір жартыны бөліп ішкен.
Ауысым бойынша жұмыс істейін тазалықшы бастығына журналистермен кездесетінін айтып, сұранып келіпті. Мұнтаздай болып жиналған екі бөлмелі жер үйдің іші күні бойы от жағылмағандықтан азынап тұр. Біз ең алдымен желіні шулатқан видеода Накип апайдың неліктен қар үстінде жатқанын өзінен сұрадық.
«Жұмыста жүрген кезім ғой. Кейде қан қысымым көтеріліп кетеді. Екі күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, шаршағандықтан, талықсып кеткен сияқтымын. Ол кезде ішкен жоқпын. Мені тауып алған қыз жерде жатқанымды көріп, мас деп ойлаған ғой. Шынын айтсам, денсаулығым жоқ», - деді ол.
Накип Қазақстанға бірнеше жыл бұрын Астрахань қаласынан көшіп келген. Әңгіме барысында байқағаным, өзінің бір құлағы дұрыс естімейді. Екі айдан бері жұмыс істеп жатқан компанияның атын білмейтін болып шықты.
«Мен ауысым бойынша жұмыс істеймін. Режиміміз таңғы 6-дан түскі 12-ге дейін, одан 12-ден кешкі 17:00-ге дейін. Бүгін сіздер келе жатқан соң, бастығымнан сұранып кеттім. Мына үй ініме тиесілі. Осы үйде інімнің қызы және әйелі, сосын мен 13 жастағы ұлыммен бірге тұрамыз. Балам ауру. Өзім екі рет тұрмыста болғанмын. Бірінші күйеуім осы астанада із-түссіз жоғалып кетті, екінші күйеуім қайтыс болған», - деді ол.
ХАЛЫҚТЫҢ ЖЫЛУ ЖИНАҒАНЫН БІЛМЕЙДІ
Накип апай телефонды дұрыс пайдалана алмайтындықтан, әлеуметтік желі арқылы халықтан қандай көмек көрсетілді, жеке есебіне қанша қаражат жиналды, жабылған несиесінің неше сома екенін бізге тарқатып айта алмады.
«Маған көмектескен қыздар несиеге алған тоңазытқыш пен теледидардың ақшасын жауып берді. Үйге үш тонна көмір түсіріп, балам мен өзімді бастан-аяқ киіндірді. Азық-түлік, ет алып келді. Ұлым мен маған телефон сыйға тартты. Баламның қажетті дәрі-дәрмектерін де әкелді. Енді маған дәрі-дәрмек қажет. Көзім ауырады, жүрегім ауырады», - деді ол.
Баласының қандай диагнозбен ауыратынын сұрап едік, оны да білмейтін болып шықты. Бәлкім баласының аутизм дертіне шалдыққанын айтқысы келмеген болар. Тек ұлына да, өзіне де дәрі-дәрмекке қаражат қажет.
«Балам тез ашуланып, тез қуанады. Сосын қуанып, ашуланған кезде өз-өзін ұстай алмайды. Мектепке арнайы автобус алып кетіп, әкеп тастайды. Үкімет балама 45 мың жәрдемақы төлейді», - дейді.
Анықтағанымыздай, Накип Мейізбаева Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты тазалықпен айналысатын «Бектұр» ЖШС жұмыс істейді. Ай сайынғы айлығы 90 мың теңге. Бірақ жұмысқа кірген екі ай ішінде жалақысын алмаған. Себебін сұрағанымызда, жұмыстағы бір келіншектің «кесірінен» ала алмай жүргенін айтты.
Қош, осылайша біз барша қазақстандықтарды бір шулатқан кейіпкеріміздің жай-күйін көрдік. Өз аузынан толыққанды ақпарат ала алмадық. Бәлкім ащы судың кесірінен әңгімесін дұрыс жеткізе алмаған болар дедік. Бірақ өзі үшін желідегілердің жабылып қаражат жинап, талай адамның көшеде жатқан видеосын көргенде еріксіз көзіне жас алғанын сол бойы түсінбеген.
АУЛА ТАЗАЛАУШЫНЫ КІМ ТАУЫП АЛДЫ?
Накип апайды алғаш көшеден тауып алған бойжеткен Аида Сүйінбаеваға хабарластық.
«Мен 20 ақпан күні көлігіммен жұмысқа бара жатқанмын. Содан жолай жерде жатқан үлкен кісіні көріп, тоқтадым. Жанына барып, жағдайын сұрап едім, арақтың иісі мүңкіп тұрды. Содан дала суық болған соң, аз да болсын жылынып алсын деп Накип тәтені көлігіме отырғыздым. Көлікке отырған кезде ол кісі өзінің жағдайын айта бастады. «Балам ауру, бірге тұратын інімнің оқушы қызы бар. Солардың бәріне қараймын. Жас күнімде күйеуім басымнан ұра берген соң, кейде көп нәрсені ұмытып қаламын. Айлығымды алмағаныма екі ай болды, оның үстіне дала суық болған соң, ішкен едік» деді. Түріне қарасам күнде ішетін адамға ұқсамады. Сомен ол кісіні тамақтандырып, бір күнге жететін азық-түлігін алып бердім. Жұмысым техникамен байланысты болған соң, ұлына бір планшетімді сыйлық ретінде беріп, үйіне дейін жеткізіп салдым. Ал, видеоны достарыма көрсетіп, азын-аулақ көмек жинау мақсатында түсірген едім. Бірақ дәл осылай қызу тарап кетеді деп ойламадым», - дейді ол.
Суретте: Аида Сүйінбаева
Аида видеоны желіге жүктеген соң достары Накип Мейізбаеваға өз көмектерін қаржылай жинай бастаған. Одан бөлек бойжеткен кейіпкеріміздің айлығын екі ай бермеген «Бектұр» ЖШС-не хабарласып, мән-жайды анықтаған.
«Мен екі күнімді Накип апайға арнадым. Ол кісі жұмыс істейтін «Бектұр» ЖШС-не барып, басшылықтарының неліктен екі ай бойына айлық бермей жүргендерін сұрадым. Шынын айтсам, мен ешқандай да блогер немесе волонтер емеспін. Жәй ғана анамдай адамның жағдайын, үйдегі баласының күйін көріп, жаным ашыды», - деп ағынан жарылды ол.
«КӨЗБОЯУШЫ» ВОЛОНТЕРЛАР
Аиданың айтуынша, оның өзі түсірген фотолары мен видеоларын түрлі пабликтерге «Bm_dobro» еріктілер тобы таратқан. Бір қызығы, ерікті топ кейіпкерді тапқан Аиданың атын еш жерде жарияламауды құп көрген. Осылайша алғашқы қаржылай көмек «Bm_dobro» қатарындағы Гүлнұр есімді бойжеткеннің карточкасына жинала бастайды.
«Аталған видеоны «Bm_dobro» еріктілер тобы түрлі пабликтерге таратқан. ZTB –ның қанша мың оқырманы бар екенін білесіз, видеоны көрген оқырмандары Накип тәтеге қаржы жинамақ болған. Осы кезде «Bm_dobro» еріктілер тобы маған хабарласпастан, өздерінің қатарындағы Гүлнұр есімді қыздың жеке есепшотына қаражатты жинайды. Оған біз ашуланып, Накип тәтенің өз атына «Каспий голд» карточка ашуды ұсындық. Содан кейін ғана волонтер қыздар ол кісіге көмектесу үшін сағат 15:00-де «Магнум» жақта жиналатындарын айтып, банкке барып Накип тәтенің жеке атына карточка ашқан», - дейді Аида.
Аида Сүйінбаеваны бәрінен бұрын «Bm_dobro» қыздарының әрекеті таңғалдырған.
«Волонтер қыздар Накип тәтемен адам сияқты сөйлескен де жоқ. Заттарын бергенде ғана көзбояушылық үшін видеоға түсіріп жатқандай көрінді. Тіпті, қыздардың бірі «мен тәтенің аяқ киімін кигізіп жатқандай боламын, сен соны видеоға түсіріп ал» дегенде таңғалдым. Сонда бәрі «видео үшін ғана ма» деп те ойладым. Бәлкім біреулер мені көре алмай жатыр деп сөгер, бірақ өз көзіммен көргенімді айтып жатырмын. Сондағы қыздардың бәрі жап-жас, 18-20 жастағы қыздар. Қайда жұмыс істейтіндерін сұрағанымда тұрақты жұмыстары жоқ екенін байқадым. Ал қолдарында қымбат телефон, киімдері де арзан емес. Соңғы рет волонтер қыздармен сөйлесіп, Накип тәтенің жеке шотына жиналған қаражатты сұрағанымда олар «тәтеге пәтер алуға ақша жинап жатырмыз» деді. Демек біраз ақша жиналған ғой. Тек сол ақша дұрыс жерге жұмсалса екен», - дейді Сүйінбаева.
ВОЛОНТЕРЛАРДЫҢ БАСЫНДА КІМ ТҰР?
Накип Мейізбаеваға қаржы жинаған «Bm_dobro» астаналық еріктілер тобындағы Гүлнұр Омарованың ұялы телефонын тауып, хабарластық. Фотограф болып жұмыс істейтін қыз 2000 жылғы екен. «Bm_dobro» еріктілерін кім құраған, басшысы немесе ұйымдастырушысымен сөйлессек бола ма?» деген сұрағымызға қанағаттанарлық жауап ала алмадық.
«Bm_dobro» басшысы кім екенін білмеймін. WhatsApp-та чатымыз бар, сонда 70-80 адам отырады. Бірақ осындай ұйымдастырушылық жұмыспен 3-4 қыз ғана айналысамыз. Мен бұл топқа «Бизнес молодость» кәсіпкерлер қоғамдастығының тренингінен кейін келдім. Өзім бұрыннан жетімдер үйіне барып, қайырымдылықпен айналысатынмын», - деді ол.
Гүлнұр Накип Мейізбаеваның видеосын желіге «біз таратпадық» дейді. Астаналық келіншектің жеке шотына түскен қаражаттың соңғы есебін сол үйде тұратын студент қыз – Мадинадан сұрауға болатынын айтты.
«Видеоның пабликтерде қалай тарап кеткенін білмеймін. Біз тек Накип тәтеге көмек қолын созғымыз келді. Ал, соңғы түскен қаражаттың есебін сол үйде тұратын студент қыз Мадина білетін болу керек», - деді ол.
ЕКІ МИЛЛИОННАН АСТАМ ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТТІ?
Волонтер қыздан өзі білетін есепті сұрағанымызда 2 миллион екі жүз мың теңгенің есебін шығардық. Ал, одан кейін де Накип Мейізбаеваға қолұшын созып, шотына қаржы аударушылар легі әлі де толастамаған. Біз барған күннің өзінде Накип апай Ақтаудан, Атыраудан адамдар хабарласып жатқанын айтты. Ал, Гүлнұрдың бізге берген есебін көрейік.
«Менің жеке шотыма бірінші күні 180 мың теңге түседі. Ол 180 мыңға Накип апай мен ұлын киіндірдік, баласы аутизм дертіне шалдыққан екен. Соған дәрі-дәрмек алдық, үш тонна көмір түсірдік және азық-түлік апардық. Одан кейін Накип тәтенің каспий голдына 2 сағатта 403 мың түсті. Апай несиеге тоңазытқыш пен теледидар алған боп шықты, қарызы - 415 мың теңге екен. Біз сол несиесін жаптық. Содан кейін ол кісінің жеке шотына 1,5 миллион теңге жиналған. Ол ақшаны кім, қайда жұмсады білмеймін. Бәлкім әлі жеке шотында жатқан шығар. Одан біздің хабарымыз жоқ», - деді ол.
Біз Накип Мейізбаевамен бірге тұратын інісінің қызы, студент Мадинаға қоңырау шалдық. Мадина бізбен сөйлесе алмайтынын айтып, тұтқаны қоя салды. Онымен байланысқа шығып, есеп алып беремін деген волонтер қыз Гүлнұр екінші және үшінші қайтара хабарласқанымызда бізбен суық сөйлесіп, Мадинамен хабарласпағанын айтып, тұтқаны тастай салды. Сонымен, қалған 1,5 жарым миллион теңгенің есебін сол күйі анықтай алмадық.
Н.Мейізбаеваға елордалық сән салонының қыздары бір күндерін арнаған
Айта кететіні, Накип Мейізбаева біз сұқбаттасуға барған күні ұлы мен өзінің дәрілеріне ақша керек екенін айтып, жылап қалды. Телефонды әрең қолданып жүрген Накип апай жеке шотында 1,5 миллион теңге жатқанынан бәлкім бейхабар болар...
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан.