$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда жалғызбасты әке екі жылдан бері жасанды жүректің көмегімен күнелтіп келеді

Елімізде жүрек алмастыруға мұқтаж 150-ден астам адам бар

Петропавлда жалғызбасты әке екі жылдан бері жасанды жүректің көмегімен күнелтіп келеді

Қызылжарлық жалғыз басты әке Азамат Бекеев екі жылдан астам уақыттан бері жасанды жүректің көмегімен өмір сүріп келеді. Ол 2019 жылдан бері реципиенттер, яғни ағза ауыстыруға мұқтаж адамдардың тізімінде кезекте тұр. Жалпы Қазақстанда ағза транспонтологиясы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі.  Бүгінгі күні 3500-ден адам шұғыл түрде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе ауыстыруды қажет етеді. Оның 79-ы – бала, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ЖӘРДЕМАҚЫ ДӘРІ-ДІРМЕКТЕН АРТЫЛМАЙДЫ

Азамат екі жылдан бері арнайы аппараттың көмегімен күнелтіп келеді. Техниканы бір сәтке ажыратуға болмайды. Дәрігерлер тыйым салса да, жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені төленетін жәрдемақы дәрі-дәрмегінен артылмайды.

«2019 жылы қатты ауырдым. «Плеврит» диагнозы қойылды. Өкпенің астына су жиналыпты. Асқынып кеткен екен. Сұйықтық ішкі органдарды қысып қалған. Жүрек қатты зардап шекті. Дәрігерлердің айтуынша соның әсерінен жүрек шүберек сияқты болып қалған. Бірден ота жасауды ұсынды. Бастапқыда бас тартқым келді. Бірақ дәрігерлер болжамы есеңгіретіп тастады. Олар ота жасалмаса ғұмырымның тым қысқа боларын айтты. Амалсыздан келістім. Астанада жүрекке операция жасалды. Мұндай отадан кейін өмірге жаңа келгендей болады екенсің. Анам жанымда болды. Отырып-тұруды, жүруді басынан үйрендім. Оңай емес екен. Қазір Аллаға шүкіршілік етемін. Кеудемде бірнеше аппарат тұр. Ол сым арқылы екінші құрылғыға жалғанған. Таңғыштарды күнде ауыстыру қажет. Олар арзан емес. Қазір алып отырған жәрдемақының барлығын дерлік соған жұмсап отырмыз», - дейді Азамат Бекеев.

ЕКІ БАЛАСЫМЕН ДАЛАДА ҚАЛУЫ МҮМКІН

Биыл көктемде Азаматтың әйелі қайтыс болған. Жап-жас келіншек аллергиядан кенеттен дүние салған. Жалғызбасты ер адам бала тәрбиелеу оңай емес екенін айтады. Денсаулығының жоқтығы да алаңдатады.

«Әйелім қайтыс болғаннан кейін жағдайымыз қиындап кетті. Өзім жұмыс істеуге болмаса  да еңбек етіп жүрмін. Балаларымның тағдырына алаңдаймын. Тезірек донор табылса деп тілеймін. Бірақ оның өзі біреудің өлімімен байланысты екені есіме түскенде жаным түршігеді. Мақсатым –екі баламды өзгелерден кем қылмай ер жеткізу. Үйдегі бар шаруаны да өздері тындырып отыр. Басқа амалымыз жоқ», - дейді Азамат.

Кейіпкеріміз қазір Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі екі қабатты көппәтерлі үйде тұрады. Баспананың салынғанына бір ғасырға жуықтап қалған. Мұндай нысандарға банктер ипотека рәсімдемейді. Сондықтан бағасы біршама арзан. Азамат екі жыл бұрын оны ұзақ мерзімді қарызға алған. Жуық арада үйінің берешегін өтемесе, баспанасынан да айрылып қалуы мүмкін.

АҒЗА АУЫСТЫРУҒА МҰҚТАЖ 150-ДЕЙ АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Елімізде Азамат сынды жүрек алмастыруға мұқтаж 150-ден астам адам бар. 177 науқас бауыр трансплантациясын қажет етеді. 3200 адамға бүйрек керек.

«Ағза тапшылығы – барлық елде бар проблема. Біз өз тарапымыздан да әрекет етіп жатырмыз. Жүйелі іс-шаралар бар. Қазіргі бағытымыз – донорлық стационарларда еңбек ететін дәрігерлердің білімін жетілдіру. Бас-ми өлімін тіркеуші мамандардың санын да көбейту керек. Қазақстанда 30 адам транспант-үйлестіруші болып жұмыс істейді. Бұл салада көшбасшы мемлекет саналатын Италияда 600-ден астам, үнді елінде 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл Қазақстанда 6 айдың қорытындысы бойынша 104 трансплантация операциясы жасалды. Осы 104 операцияның 80 пайызында тірі донор ағзасы пайдаланылған болса, тек 15 пайызында мәйіттік донордың ағзасы қолданылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш», - дейді республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының директоры Әділ Жұмағалиев.

Өйткені ағза тапшы. Бұл – саладағы басты проблема. Мәйіттік донорлық дамымай келеді. Көпшілік бұл мәселеге үрке қарайды. Жыл басынан бері ағза ауыстыруға мұқтаж 150-ге жуық науқас қайтыс болды. Ал былтыр 340 адам көз жұмды.

БҰЛ САЛАДА МАМАН ДА ТАПШЫ

Мэлс Асықбаев – Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог-хирургы. Тәжірибелі маман талай ота жасаған.

«Салада дәрігерлердің де жеткіліксіздігі бар. Себебі бұл мамандық адам үшін физикалық, моральдық жағынан ауырлық туындатады. Неліктен? Өйткені күндіз-түні ауруханада болуың керек. Жастар ондай жұмысқа барғысы келмейді. Көбінесе жалақысы жақсы, жұмысы жеңіл бағыттарды таңдайды. Ал басты проблема – ағза тапшылығы. Бізде мәйіттік трансплантация дамымай отыр. Оған халықтың көзқарасы кедергі. Көбіне туыстық трансплантация жасалады. Яғни жақын туыстар бір-біріне ағзасын беріп жатады. Ағза ауыстырған адамдар өмір бойы біздің медициналық бақылауда болады. Жыл сайын орталыққа жатқызылып, медициналық тексерістен өтеді», - дейді Мэлс Асықбаев.

Елімізде трансплантация тек мемлекеттік ауруханаларда жасалады. 5 орталық бар. Бүйрек ауыстыру отасы 3 млн теңге, бауыр 6 млн теңге, жүрек пен өкпе трансплантациясы 15-20 млн теңгеге бағаланады. Қазақстандықтар медициналық сақтандыру аясында бұл қызметті тегін алып жүр.

Серіктес жаңалықтары