4 мың шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өтті: 72 жастағы саяхатшы қария СҚО-ға жетті

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

72 жастағы қария ұзақ сапарға 7 жыл әзірленген

Саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов жаяу жүріп, Қызылжарға жетті. 72 жастағы қария 31 наурыз күні Ұлытаудан сапарға шыққан болатын. 3 айға жуық уақыт аралығында ол Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Аягөз, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау қалаларын басып өтіп, Солтүстік Қазақстанда аялдады. Құтты қонақты теріскейдің бір топ тұрғыны қарсы алып, алыс жолға қайтадан шығарып салды. Келесі бағыт – Қостанай облысы. Қарт марафоншы Azattyh Ruhy тілшісіне 112 күндік сапары барысында кездескен қиындықтары мен қызықты оқиғалары жөнінде айтып берді.

ҰЗАҚ САПАРҒА 7 ЖЫЛ ӘЗІРЛЕНГЕН

72 жастағы қарияның қимылы ширақ. Ол бұл сапарына ұзақ уақыт әзірленіпті. Бастапқыда туған-туыстары қарсы болған. Өзі межелеген 8 мың шақырымға жуық жолдың 4 мыңнан астамын жүріп өтті. Алда оны әлі де ұзақ сапар күтіп тұр. Екі дөңгелекті арба – қарияның жалғыз серігі. Өз қолымен жасап алған. Сәрсенбай ақсақал 5 жасынан ұсташылықты меңгере бастаған. Сондықтан мұндай бұйым жасау қиынға түспегені анық. Барған жерінде де шеберлермен танысып, қолөнер жайында мағлұмат жинап жүреді. Айтуынша арбаның салмағы – 60 келі. Шағын ғана қораптың ішінде ең қажетті заттар мен ұйықтауға арналған қапшық бар. Керек тастың ауырлығы жоқ. Сырт көзге қарағанда қария арбаны жеп-жеңіл сүйрей жөнеледі. Ол күніне орта есеппен 40 шақырым жолды жүріп өтеді. Кей күндері бөлгеліп қалатынын айтады. Себебі саяхатшыны жолда тоқтатып, жөн сұрасып, суретке түсетіндер көп.

«Жанымнан өтіп бара жатқан көліктердің барлығы дерлік сигнал беріп өтеді. Осылай қошеметке бөлегендері болса керек. Елордаға дейін жалғыз келдім. Астанадан өтіп бара жатқанымда полиция қызметкерлері тоқтатып, жаяу трассада жүруге болмайтынын айтты. Бәлкім өз заңдары бар шығар. Бағынуға міндеттіміз. Содан Шортандыға дейін даламен жүріп өттім. Сол сәттен полиция қызметкерлері көлікпен жанымда жүретін болды. Осылайша трассамен қозғалатын болдық», - дейді қария.

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ҚОҚЫСҚА ТОЛҒАН

Зейнеткер өзін өміріндегі ең ұзақ сапарға бірнеше мақсат жетелеп шығарғанын айтады. Өзінің туған жері Ұлытауды көпшілікке танытқысы келеді. Сапарын барынша пайдалы ету үшін әр өңірдің қолөнер шеберлерімен тілдесіп, олардың ерекше технологиялармен танысуды, тізімін жасауды мақсат еткен. 

«Солтүстікте он саусағынан өнер тамған шеберлер баршылық екен. Маған былғары жасау әдісі ұнады. Жалпы Қызылжар өңірінің табиғаты да ерекше әдемі. Адамдары қонақжай, кең пейілді. Жағалай жасыл орман көмкерген. Бір байқағаным, ауылдарының арасы алыс. Осыдан халқының оңтүстіктегідей тығыз орналаспағанын аңғаруға болады. Қазақстанның әр жері өзінше әдемі ғой. Тек даламыз қоқысқа болып кеткен екен. Кетіп бара жатқандар терезені ашып, лақтыра салады. Әжетхана жоқ. Қоқыс жәшіктері де орнатылмаған. Жолдың жағдайы тіпті нашар. Осының бәрін жөндемей, туризм де дамымайды», - дейді көпті көрген ақсақал.

«14 ДӨҢГЕЛЕК, 6 ЖҰП АЯҚ КИІМ АУЫСТЫРДЫМ...»

Марафоншы зейнеткер 15 қаланы артқа тастады. Қолында картасы бар. Өзінің жүретін бағытын сызып алған. Ол осы сапарының арқасында көпке танымал болғанын айтады.

«Жолда 14 дөңгелек жарылып, 6 жұп аяқ киім жыртылды. Бастапқыда сапарға шыққанда зейетақым жетпейді-ау деп алаңдап едім. Қазір керісінше, ақшам артылып жатыр. Өйткені қазағымның даласы қандай кең болса, пейілі де сондай дархан екен. Шешен, ингуш, кәріс ақсақалдарының айтқанын естіп жүретін едім. Әлемде қазақтан асқан пейілі кең халық жоқ екеніне көзім жетті. Аялдаған жерімде ешкімге тамақ пен төсекке ақы төлеп жақтаным жоқ. Керісінше бәрі қарсы алып, шамалары келгенінше көмектесіп жатыр. Банк шотыма аз-маз ақша салып қоятындар да бар. Негізгі жейтінім – ұлттық тағам. Ет, бауырсақ, құрт пен қымыз. Ол маған ерекше күш-қуат береді. Қазіргі күннің ыстығы маған кедергі емес. Соған шыңдалған адаммын. Жолда қиыншылықтар да кездесті. Арба талай сынды. Ескі жолдарда көп бейнет көрдім. Болашақта бәрі түзеледі деген үміттемін», - дейді Сәрсенбай ақсақал.

Зейнеткер әлеуметтік желіде өте белсенді. Инстаграм парақшасында қазір 20 мыңнан астам оқырманы бар. Қария сапарының ең қызық сәттерін бөлісіп отырады.

«Мен жолда сурет түсіріп, баспасөз хатшысына жіберіп тұрамын. Ол бәрін өзі жариялайды. Әр қалада қарсы алып, сұхбат алатындар бар. Бүгін міне журналистермен кездесуге келісілген уақыттан ертерек келдім. Себебі олардың өз жұмысы бар. Ешкімнің уақытын алып, жұмысынан бөгегім келмейді. Алда Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау шаһарлары күтіп тұр. Жаяу сапарым Ақтауда аяқталады. Содан кейін пойызбен астанаға барамын. Осыдан кейін барып Президенттің қабылдауын күтемін. Халқым аман болсын деймін. Көпшіліктің қолдауының арқасында ауырмай-сырқамай жүріп келеміз», - дейді жиһанкез ақсақал Сәрсенбай Қотырашов.