Үйден шықпай қан тапсыру, талдау нәтижесін жылдам алу: медициналық қосымша ойлап тапқан маманмен сұхбат
Бұл қосымша қазір қолданысқа енгізілді
Ақтоты Сматова – «Checkdoc» қосымшасының негізін қалаушы. Checkdoc – электронды жолмен жылдам медициналық талдау алуға мүмкіндік беретін қосымша. Негізгі мақсаты – халықты уақытылы тексерістен өтіп тұруға үйрету. IT саласының маманы пандемия кезінде өз басынан өткен жеке оқиғадан кейін аталған жобаны қолға алғанын айтты. Қазір платформа қолданысқа енгізілді және қосымшаны пайдаланушылардың қатары күннен күнге көбейіп келеді.
Azattyq Rýhy тілшісі Ақтотыға хабарласып, жобаның басты артықшылығы мен құрастыру барысындағы жұмыстар жайында сұрап, сұхбат өткізді.
Қызылорда өңірінің тумасы жобаны небәрі 5-6 айдың ішінде дайындап шығарған.
«Өзім – Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегімін. Осыдан кейін Халықаралық бизнес университетін бітірдім. Қазір тұрмыстамын, екі қызым бар. Checkdoc – электронды жолмен, 40 минуттың ішінде медбикеге тапсырыс беруге мүмкіндігі бар зертхана. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарды уақытылы тексерістен өтіп тұруға үйрету және созылмалы аурулардың алдын алу.
Жобаны жасау идеясы карантин уақытында келді. Пандемия бәрімізге денсаулықтың қадірін көрсеткендей болды. Карантин кезінде жолдасымның анасы, яғни енемнің денсаулығы сыр бере бастады. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер онкология деген диагноз қойды. Жанұямызбен шетелде ота жасататын болып шештік. Анамыз қан тапсыру үшін аурухана, зертханаға бару кезінде жолға жарамай біраз қиналдық. Содан кейін осы жобаны жүзеге асыруды қолға алдым. Қазір енемнің денсаулығы жақсарып келеді», - дейді Ақтоты.
Ол осы оқиғадан кейін қан тапсырып, нәтижесін күту кезінде болатын қиындықтарды техникалық жолмен шешу жолдарын, медицина саласындағы мәселелерді зерттей бастағанын айтады.
«Өзім бұрын IT компанияда жұмыс істегеннен кейін аталған қиындықтарды техникалық жолмен шешуге болатынын байқап, жан-жақты ізденіп, қарап жүрдім. Көбісі біз сияқты қиындықтарға тап болатынын байқадым. Медицинада осы бағытта қандай күрделі мәселелер барын зерттедім. Қазір жобамызда 16 адам жұмыс істейді. Үш медбике, екі call орталық, маркетолог, SMM, құрастырушы, штаттағы дәрігер, бухгалтер, юрист секілді өзге де жауапты мамандар бар. Ойымыздың бәрі емдеу жолын жақсарту болды. Қазіргі бағытымыз – созылмалы аурумен ауыратындарға барып көмек көрсету. Басты мотивация – науқас адамдардың қан тапсыру кезіндегі жұмыстарын жеңілдету», - дейді маман.
Ақтоты «Checkdoc» қосымшасының басты артықшылығы мен өмір сүру ұзақтығы жайында айтып берді.
«Жобаның артықшылығы – біз электронды түрде сапалы және жедел қызмет көрсетіп, жылдам арада талдау жасап береміз. Қазіргі таңда платформаға техникалық жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, платформаны 2-3 рет бассаңыз өзіңізге қажет анализдерді таңдап, онлайн төлем жасап, жедел түрде медбикені үйіңізге шақыра аласыз. Бұдан бөлек толық ақпарат біздің checkdoc.kz сайтында көрсетілген.
Қосымшаны қолданушылар арасында ДЦП-мен ауыратын науқастар да бар. Олар біздің платформаны өздері іздеп тауып алды. Телефон арқылы хабарама түскен уақыттан бастап ол адамға қызмет көрсетіліп болғанға дейін науқаспен үздіксіз қарым-қатынаста боламыз. Медбике алған қанды өзіміз серіктес зертханаларға жібереміз. Зертханалар анализ қорытындысын дайындап шығарады. Ал оның нәтижесін сайттан қарауға болады. Науқас адамдар үшін анализ қорытындысының жеделдігі қаншалықты маңызды екенін білесіздер. Сол себепті тез жауап қайтарып, тез қызмет көрсетуге тырысамыз. Қан ашқарынға тапсырылғаннан кейін күтірмей тез келуге тырысамыз», - дейді ол.
Платформа құрамында кәсіби біліктілігі бар дәрігерлер жұмыс істейді. Олар бірнеше қадамдық тексерістен өтіп жұмысқа қабылданады.
«Дәрігерлерді біліктілігіне қарай іздеп, байланысқа шығамыз. Қазір бізбен 40 шақты дәрігер жұмыс істейді. Олар үйіне шақырған адамдарға барып жедел қан алады. Онлайн көмекке көбіне үлкен кісілер және балалар жүгінеді. Олардың тамырлары нашар көрінетін болғандықтан тәжірибелі медбикалерді таңдап шақырамыз. Олар бірнеше қадамдық тексерістен өткеннен кейін ғана жұмысқа қабылданады. Дәрігерлерді біздің жүйеге толық үйренгенге дейін бақылауда ұстаймыз», - дейді Ақтоты.
Маман өзі дайындап шығарған жобасының сәтті жұмыс істеуі үшін әлі де болсын ақпараттық қолдау керектігін айтып, әлуметтік желі арқылы қосымшаны өздері тауып алып, жақсы пікір қалдырып жатқан жандарға белсенділігі үшін ризашылығын білдірді.
«Қазір біз топпен бірге сервистің өркендеуіне, халықтың ол туралы көбірек ақпарат білуіне бар күшімізді салып жатырмыз. Кез-келген бастама белгілі бір көлемде қаражатты қажет етеді, бірақ біз электронды сервис болғандықтан шығын көлемі аздау болды. Қазір өзіңіз білесіз барлығы ақырындап электронды жүйеге көшіп келеді. Бізге қолданушыларға техникалық тұрғыда жақсарту жасау үшін қаражат қажет болып отыр және қосымша жайында кеңінен ақпарат тарату көмегі керек. Қосымшаны тұрақты қолданып жүрген адамдар бар. Олардан тек жақсы пікір естіп жатырмыз. Платформаның қызмет көрсету жеделдігіне ризашылығын білдіріп жатқандар да жетерлік.
Айта кетерлігі қазір елімізде IT саласы жақсы дамып келеді. Десе де, аталған салада жұмыс істеу әйел адамға қиындау. Көп жерде кәсібилік тұрғыда өзіңнің іскерлігіңді дәлелдеп отыруың керек. Бір байқағаным ер адамдар бір-бірімен оңай келісім жасайды. Болашақта іскер әйелдерді қаражатпен қолдайтын инвестициялық фонд ашу арманым бар», - деп сөзін қорытындылады «Checkdoc» қосымшасын құрастырушы Ақтоты Сматова.