Рауаж Алдаров сурет салу мен қолөнерге құмар
Әлеуметтік желінің қазіргі мүмкіндігі еліміздің әр бұрышындағы талантты жастардың жұлдызын жағып жатыр. Желіні тек қызық үшін емес, өз пайдасына асырып жүрген өнерлі жандардың қатары өте көп. Солардың бірі суретші, қолөнерші – Рауаж Алдаров. Алматы облысының тұрғыны әлеуметтік желінің арқасында өз өнерін жаңа деңгейде көпшілікке көрсетіп жүргенін айтады. Мектеп оқушысының Tik-Tok желісінде бір миллион оқырманы бар. Қазақстандық жас суретшінің өнерін әлемнің сан мыңдаған адамы тамашалайды.
Azattyq Rýhy тілшісі Рауаждың өзімен хабарласып, сурет өнері, оқырмандары мен болашаққа жоспары жайында әңгімелесті.
Tik-Tok желісінде Aldarov2 нигімен танылған оның туғаннан қоян жырығы бар. Біраз уақыт бұрын ота жасатып, ернін қалпына келтірген. Денсаулығына байланысты бірнеше сыныпқа артқа қалып қойған ол, биыл мектеп бітіреді. Бойындағы ерекшелігі үшін есімі Рауаж қойылған екен. Рауаж – даму, өсу, жазылу мағынасын білдіреді дейді суретші жігіт.
«Алматы облысының тумасымын. Жасым 20-да. Сурет салуға деген ерекше қызығушылық бала кезден басталды. 6-7 жастан бастап сурет салдым. Ол кезде менде телефон, интернет деген болған жоқ. Тек теледидардан көрген кейіпкерлерді бейнелейтінмін. Сурет салып жүргеніме қазір 15 жылдай болып қалды.
Кішкентай кезімнен салған суреттерімді басқаларға көрсету, бөлісу қатты ұнайтын. Басында Tik-Tok -тан мүлдем хабарым болмады. Желі мен оның мүмкіндігі жайында достарымнан білдім. Осылайша, парақша ашып көруді жөн санадым, бірақ қазіргідей оқырманым болады деген ой мүлде болмапты. Содан бері Tik-Tok түсіріп келемін», - дейді Рауаж.
Суретші жігіттің бүгінге дейін салған туындыларынан кішігірім көрме жасауға болады. Суреттің қай түрінен де хабарым бар деген ол, карандаштан бастап, портрет, тасқа да қашап сурет сала алады.
«Мен суретті әр түрлі әдістермен сала беремін, өйткені сурет салуда шектеу жоқ. Көбінесе гуашьпен, карандаш, акрил бояуымен саламын. Өзіме портрет салған қатты ұнайды. Еркін тақырыптағы суреттерді көп саламын.
Менің ойымша, әр суретшінің өз арман-мақсаты болады. Мысалы, біреуі бай болу немесе атақты болуы үшін сурет салады, ал кейбір адамдар үшін сурет жарты өмірінің мәні болуы мүмкін. Кез-келген суретшіге ерекше болған жарасады, яғни әрдайым позитивті жүрсе немесе өзінің сырт келбеті, қылығы оған ерекше қасиет сыйлайды деп ойлаймын. Өз басым сурет салудан еш жалыққан емеспін. Барынша ерекшеленуге тырысамын», - дейді оқушы.
Ол Tik-Tok желісіне тіркелгенге дейін тұйық, ұялшақтау болғанын айтты. Желінің арқасында ашылып, көпшілікпен араласу, ең бастысы өзіме деген сенімділігім артты дейді суретші.
«Маған әлеуметтік желі көп көмектесті. Өзім жас бала болған соң желіге қатты қызығамын. Өз өнерімді түсіріп ғана қоймай, басқаларды шабыттандырғым келді. Шүкір, ол менің қолымнан келді. Ең басында қатты ұялдым. Өзімді сырттан көріп үйренбеген маған бәрі біртүрлі көрінді. Кейін етім үйреніп, өз-өзіме ұнай бастадым. Қазір оқырмандарымның ұсынысы, тапсырысымен сурет саламын. Кері байланыстың бары мені шабыттандырады», - дейді ол.
Рауаж болашақта сурет өнерін кәсібіне айналдыруға ниетті. Туа біткен бойындағы ерекшелігі оның сүйікті ісімен айналысып, адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына еш кедергі келтірмейді. Ол сурет салудан бөлек қолөнермен де айналысады.
«Сурет салуды тұрақты кәсібіме айналдыру үлкен армандарымның бірі десем де болады. Негізі суретке тапсырыс алмаймын. Көбісі маған портрет салдырғысы келеді, ол маған оңай түспейді. Кейде ұқсамай қалуы мүмкін. Себебі, портрет сурет салу жанрындағы ең қиыны. Көз, мұрын ,ауыз пропорциясын келтіру оңай жұмыс емес. Әзірге тапсырыс алмаймын. Болашақта сурет салу арқылы жоғары табыс табарыма сенемін. Үйренерім әлі де көп.
Мен сурет салудан басқа әр түрлі заттарды істеймін. Мысалы, картоннан қол бұйымдарын, ермексаздан бұйымдар жасаумен айналысамын. Одан бөлек өзімнің бұзылған заттарымды жөндеймін. Қолының икемі келеді.
Қазақстандық суретшілерден Әбілхан Қастеевті білемін. Ол кісінің өнерін қатты құрметтеймін. Одан бөлек бүкіл әлем танитын Леонардо Да Винчи, Винсент Ван Гог, Микеланджело, Рафаэль Санти сияқты аңыз суретшілердің жұмысы қатты қызықтырады», - дейді Рауаж.
Ол суретшіге қымбат құралдардың қажет емес екенін айтты. Бастысы ынта мен қызығушылық болса болғаны. Өнертапқыш жігіт өзі секілді жас суретшілерге ақыл-кеңесін айтты.
«Мен сурет салуға идеяны әуен, кино, басқа суретшілердің жұмыстарын қарау арқылы аламын. Енді бастап келе жатқан жас суретшілерге алдымен мақсатын айқындап алу керек деп айтар едім. Ізденіс, жаңа істі бастаудан қорықпау керек. Салған суретін басқаларға көрсетіп, сын қабылдау және өз туындысын жақсы көруі тиіс. Кейбір адамдар оның салған суретінің әдемі екенін көре тұра теріс пікір білдіруі мүмкін. Сондай кезде көп жас суретшілердің шабыты жоғалып, суретті тастап кетіп жатады. Өзіңе ұнаған істі өзге біреудің пікірі үшін тастау әлсіздік деп білемін. Сурет салу үшін көбі айтқандай қымбат қарандаш, бояу қажет те емес, бастысы сурет салуға ниетің болса болғаны», - дейді Рауаж Алдаров.
Жас суретші негізгі мақсаты желіден ақша тауып, блогер болу емес, жай ғана өзі өнерін көпшілікпен бөлісу, өзін оқитын жас оқырмандарды шабыттандыру екенін қоса айтты.