Оралдық жас қолөнерші қардан мешіт тұрғызды
Мешітті толық тұрғызуға 4 тоннадан астам қар кеткен

Бірнеше күн бұрын желіде қардан мешіт тұрғызған мүсінші жігіттің видеосы тараған болатын. БҚО тұрғыны Надір Қуанаев жалпы көлемі төрт метрді құрайтын мешітті ауласындағы қар үйінділерінен жасаған. Орал қаласындағы орталық мешіттің көшірмесін салған шебер, туындысына жарық тартуды да ұмытпаты. Оның осындай өнері барын туыстары мен ауыл тұрғындары бұрын білмегенін, жасаған жұмысын көрген сәтте таң қалғанын айтады. Надірдің өзі де сурет салуға аздап қызыққанымен бұған дейін мүсін жасау мүлде ойына келмегенін айтты.
Azattyq Rýhy тілшісі 23 жастағы мүсінші жігітпен хабарласып, өнері, өзге де туындылары мен қардан мүсін жасаудың қиындықтары жайында сұрап білді.
Оның негізгі мамандығы жүргізуші. Надір алғашқы жұмысын өткен жылы қардан көлік жасаудан бастапты.
«Орал қаласында Амангелді Иманов атындағы Жол-көлік колледжін бітірдім. Қазір жүргізуші болып жұмыс істеймін. Өзім Орал қаласы Бәйтерек ауданы, Достық ауылының тұрғынымын. Бұрыннан суретке жақын жандардың қатарынанмын. Десе де, сурет салуға аса көп уақыт бөлмейтінмін.
Өткен жылы жұмыста жүріп, аяғымды жарақаттап алдым. Ота жасатып, біраз уақыт жұмыссыз үйде болдым. Отадан кейін аяғым қайта жүруге келді. Үйде босқа жатқанша қардан мүсін жасап көруді шештім. Сөйтіп, алғашқы жұмысым – көлік жасадым. Туынды көрші-қолан, дос-жаранға қатты ұнады. Өзім де нәтижесіне қанағаттандым. Өмірімде істеп көрмеген дүниенің бірінші реттен қолымнан келгеніне сол кезде таңғалғаным рас. Сол көліктен кейін бір досым неге мешіт салып көрмейсің деп ұсыныс тастады. Күннің жылып келе жатқанын ескеріп, мешіт салуды келесі жылға қалдырдым», - дейді Надір.
Кезекті туындысын ол, 31 желтоқсан күні бастаған. 18 күннің ішінде салып шыққан мешітті толық құрауға 4 тоннадан астам қар кеткен.
«Алғаш көлік жасағанымда өзіміздің ауылдың адамдары, желі қолданушылары түрлі хат жазып, қолдау көрсеткен болатын. Шынымды айтсам, қазіргідей желіде таныламын деп ойлаған жоқпын. Бар болғаны, өзімді сынап көргім келді. Көпшіліктің қолдауы бастаған ісімді жалғастыруға шабыттандырды деуге болады.
Мен бейнелеген мешіт Орал қаласындағы орталық мешіт болатын. Ең алдымен мешіттің суретін алып, зерттеп шықтым. Өзім салған мешіттің жалпы көлемі 4 шаршы метрді құрайды. Бастан аяқ құрап шығуға 4 жарым тоннаға жуық қар кетті. Қарды үйдің ауласынан алдым. Ең бірінші қардан үйінді жасап, кейін оны белгілі пішінге келтірдім. Жақтауларын ағаш, басқа да қатты затпен тегістедім. Қисық жерлерін түзеп шықтым. Алғашында көлемін кішкентай етіп жасаймын деп ойлағанмын. Сала келе ойымдағыдай шықпай қалатынын түсініп, үстіне қайта қар қостым. Өлшеп алып, жұмысты жалғастыра бердім. Барлық жағын үш метр қылып жасадым. Бәрін есептеп, сызбасын сызып алдым. 31 желтоқсан күні бастапқы пішінін шығарып қойдым», - дейді мүсінші жігіт.
Қардан мүсін жасауда туындайтын басты қиындық ауа райының өзгеруі.
«Жұмысты қарқынды бастағаныммен қаңтардың басында күн жылып кетті. Жасаған жұмысымның ұсқыны кетіп қалды. Осылайша, күннің қайта суытқанын күттім. Мешітті 17 қаңтарда толық бітірдім. Алғашында жұмыстан шыққаннан кейін істеп жүрдім. Кейін демалыс алып, толықтай кірістім. Жұмыс барысын телефонға түсірген болтынмын. Нәтижесі өзіме қызық болды. Аяқтағаннан кейін желіге салдым. Оның үстіне, жасаған жұмысым Орал қаласының әлеуметтік желідегі парақшасына да салынды. Содан кейін маған хабарласып, сұхбат алғысы келетіндер көбейді.
Қардың қатты бекіп, құрған пішінді сақтап тұруы үшін күрекпен барынша бекітемін. Қардан мүсін жасауда кедергі болатын басты мәселе – ауа райы. Қиындық тудырған да сол. Ал, жалпы мешітті құрау барысы анау айтқандай қиын болған жоқ. Бастысы шыдамдылық керек екен. Қолды сілтеп кетіп қалмасаңыз болғаны. Мешіттің сұлбасын толық салып біткеннен кейін оны қарапайым түрлі-түсті бояумен бояп шықтым. Әдемірек болу үшін түрлі шамдарды да қостым. Кеш бата шамдар керемет бейне беріп тұрады», - дейді ол.
Надірдің салған туындысы әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін жан-жақтан хабарласып, суретке түскісі келетіндер мен түрлі ұсыныс жасайтындар көбейіпті.
«Жасаған жұмысымды көріп, ғимарат алдына мүсін салдырғысы келетіндер көбейді. Балабақшаның мүсінін, басқа да ұсыныстармен хабарласып жатқандар бар. Тапсырыс алғым келеді. Дегемен, менің тұрақты жұмысым бар. Уақытым бола бермейді. Бұған тек хобби ретінде қараймын. Оның үстіне тек қыс мезгілінде ғана істемін. Өзімнің отбасым, балаларым бар. Туған-туыстар үйдің алдында тұрған мешіттің көшірмесін әлі деп тамашалап жүр. Суретке түсу үшін басқа қаладан келіп жатқан адамдар да бар», - дейді шебер.
Мүсінші адамның өзі білмейтін мүмкіндіктері көп екенін айтады. Тек бастап көруден қорықпау керек. Жас жігіт осы жасаған жұмыстары арқылы өмірінде жаңа мүмкіндіктер ашылғанын және оған қолдау көрсеткен барлық жандарға алғысын білдірді.
«Келесі қыста тағы бір мүсін жасау ойда бар. Ер кезегі үшке дейін деп отырмын. Қолдап жатқан барлық жандарға үлкен алғысымды айтамын. Бұл ісіммен көпшілікті өзіме қаратып, үлкен іс тындырдым деп мүлде ойлаған емеспін. Жәй ғана шабыттандырып жатқан жандарға риза болдым. Негізі адамның қолынан көп нәрсе келеді. Менің жағдайымда осындай өнерім барына өзім таңғалдым. Сондықтан, жүрегің тартып ұнаған кез-келген істі бастап көруден тартынбау керек екен. Себебі, бойыңызда қандай қабілетіңіз барын білмей кетуіңіз мүмкін. Қазір, әлеуметтік желі арқылы танылып, өнерін көпшілікке көрсетіп жүрген жандарды жиі көзім шалады. Талантты жастардың көп болғаны қуантады», - дейді Надір Қуанаев.