Әйелі бес баласымен тастап кеткен Әбдіжаппардың тағдыры

Автор: Azattyq Rýhy

Мақтаарал ауданы Атамұра ауылында тоғыз баланы бағып-қағып отырған әке халықтан көмек сұрайды

Фото автордан

Жасы қырыққа жақындаған Әбдіжаппар Жақыпов 2007 жылы отау құрған. Осы уақыт аралығында әйелі алты баланы дүниеге әкелген. Алайда, балаларының бірін інісіне берген. Өйткені, келіні ұзақ жыл бала көтермей, ажырасуға шешім қабылдамақ болған.

«Келінім (інісінің әйелі – авт.) 5 жыл бала көтермей жүрді. Олар төзімі таусылып, ажырасатын жағдайға жеткеннен кейін мен бір баламды бердім. Менде өзі 3 бала 3 қыз еді. Ұлдың кенжесін бердім. Інімнің шаңырағынан береке кетіп, өзі қиналып жүрсе, жаратушы өзі берген алты баламмен түк болмағандай қалай отырамын? Бауырым да баланың иісін иіскеп, қылығына тоймай жүрсін деп бір баламды бердім. Арада бір ай өткенде келін де көтерді. Қазір олардың 4 баласы бар», - дейді.

Фотода: Әбдіжаппар Жақыпов

Інісінің бақытын ойлап, бір баласын бауырына қиып берген Әбдіжаппар Жақыповтың отбасында да ұрыс-керіс болып, бір шаңырақтың астында он жылдан астам бірге тұрған ерлі-зайыптылар ажырасып тынған. Әйелі Әбдіжаппарды бес баласымен бірге қалдырып, өзі кетіп қалған. Бес баланы бағып-қағу жалғызбасты әкеге оңай соқпай, үй шаруасы мен жұмысын қатар алып жүру қиындай берген.

«Былтыр әйелім менің рұқсатымсыз банктен бір емес, екі кредит алыпты. Содан үйде ұрыс-керіс басталды. Маған «еркіндік бермейсің» деп кінә тақты. Қандай еркіндік екенін ұқпадым. Әйел деген әр қадамын күйеуімен ақылдасып жасамай ма? Мен жұмыста жүргенде балаларды үйге тастап кетіп қала береді екен. Тіпті, құрбыларымен спирттік ішімдік ішіп отырған жерінен де ұстап алдым. Бар жағдайын жасап отырсам да, кетіп қалды. Бірде балаларымды сұрап келді. Бірақ ұл-қыздарым оған барудан бас тартты. Қазір өзі туған балаларымен де, менімен де хабарласпайды. Қыздарының қылығына күйінген әйелімнің әке-шешесі алдыма келіп, екінші рет үйленуге рұқсат берді. Балаларымды мемлекетке тапсырып, мен де жап-жас қызға үйленіп алсам болар еді. Бірақ балалардың көз-жасы жібермейді ғой. Десе де, әйелсіз 5 баламен өте қиын екен. Олардың кірін жуып, тамағын беру оңай шаруа емес. Жұмысқа шыға алмай қалдым», - дейді Әбдіжаппар.

Әбдіжаппарға бес баласымен бірге қайта үйлену оңай болмаған. Себебі, кездескен қыз-келіншектердің барлығы бес баланы бағуға келіспепті. Дегенмен, желтоқсан айында 3 баласымен тұрмыстан қайтқан Мөлдір есімді келіншекпен көңіл қосып, бүгінде екеуі 8 баланы бағып-қағып отыр. Балаларды бөліп-жармай, өзгенікі деп өзегінен теппей, бәрін теңдей асырап жүр.

«Менің де алғашқы күйеуім ішімдікке қатты әуес болды. Онымен бірге тұру мүмкін болмай кетті. Бұл шаңыраққа өткен жылдың 17 желтоқсанында келдім. Сол кезден бері бірге тұрып жатырмыз», - деп Мөлдір қысқа ғана жауап берді.

Әбдіжаппардың шаңырағына жылу сыйлаған Мөлдір

Әбдіжаппардың үлкен ұлы Мөлдірді әлі күнге дейін шешесі ретінде қабылдай алмапты. Анасын сағынып жылайды екен. Әкесі бұл жөнінде баласымен бірнеше рет оңаша сөйлесіп, түсіндіріп көрген. Ал, екінші ұлының денсаулығы жоқ. Алты жасар Сүндеттің мүмкіндігі шектеулі екен. Әлі күнге дейін аяғынан нық тұрып жүре алмайды, өз бетінше жүрсе сүрініп құлай береді. Бет-аузын жара басқан. Әкесі оған ем іздеп, бармаған жері қалмапты.

«Балам бас сүйек қысымы  (черепное давление – авт.) кеселіне шалдыққан. Оған ем іздеп бармаған жерім жоқ. Ташкентке талай рет барып емдетттім. Әзірге мықты маман табылар емес. Сүндетімнің дертіне дауа жасар дәрігер таппай жүрмін. Соған көмек қолын созар жандар болса, шексіз алғыс айтар едім», - дейді көп балалы әке көпшіліктің көмегіне үміт артып.

Әбдіжаппар перзенттерінің алдындағы жауапкершілікті жақсы сезінеді. Бүкіл ғұмырын балаларына арнағысы келеді. Сондықтан аянбай еңбек етіп жүр. Қорасындағы 4 жылқының екеуін сатып, күзде балаларына киім әперіп, жоқ-жітігін жамапты. Қалған 2 жылқымен де жан бағуға болатынын айтады. Қазір ол шаруа қожалығында жұмыс істейді. Күнделікті табысы 3 мың теңге екен. Айлық жалақысы 90 мыңға жетеді. Қыс мезгілінде қожалықтағы бар жұмысы - үндіктердің жем-суын беру. Яғни, балаларының болашағы, қамы үшін басқалар сияқты қара жұмыс істеуден арланбайды. Басты мақсаты адал жолмен ақша табу.

«Аналарының үйден кеткені балаларымның сабақ үлгеріміне кері әсер етеді ме деп уайымдап едім. Үлкендерім ол жағынан сыр берген жоқ. «Оқыңдар грантқа түсіңдер, бір саланың мықты маманы болыңдар» деп ақыл айтып отырамын. Менің бар мақсатым - балаларымды аш қалдырмай, киімін бүтіндеп, дұрыс тәрбие берсем деймін. Ертең осы еңбегімнің жемісін көретініме сенімдімін», - дейді ол.

Дегенмен, 8 баланы бағып отырған Әбдіжаппар Жақыпов былтыр атаулы әлеуметтік көмек алмапты. Айтуынша, құжаттарын дайындап үлгермеген. Үй мен жұмыс арасында шапқылап жүргенде, құжат рәсімдеу уақыты өтіп кеткен. Жергілікті биліктен көмек болса деген тілегін де жасырмады.

Арай Есенбек, Түркістан облысы