Петропавлдық бойжеткен түрмеде отырған жігітке тұрмысқа шықты
Жазасын өтеуші азамат 2021 жылы бостандыққа шығады
Петропавлдық бойжеткен түрмеде жазасын өтеп жүрген жігітке тұрмысқа шықты. Неке қию рәсімі ЕС-164/3 түзету мекемесінде өткен.
Күйеужігіт 2019 жылдың қыркүйек айында тонау фактісі үшін сотталған. Қылмыскер екі жылға бас бостандығынан айрылған. Қалыңдық сүйіктісінің бостандыққа шығуын күтпеуді жөн санапты. Екі жастың неке қию рәсімін өткізу үшін түзету мекемесіне облыстық АХАЖ қызметкері шақыртылған.
«Салтанатты жағдайда АХАЖ қызметкері сотталған Е. Мен оның қалыңдығының отбасылық одағын тіркеп, «Неке қию туралы» куәлікті табыс етті. Бұл өз кезегінде кез келген адамның, әсіресе сотталған адамның маңызды қадамдарының бірі деп ойлаймын. Атап айтқанда неке қию рәсімі оң өмір салтын жүргізуге ұмтылу, жасақ пен мекеме өміріне белсенді қатысу және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзуға жол бермеуге оң әсерін тигізеді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы әділет полковнигі Рустан Ахметжанов.
Жазасын өтеуші 2021 жылы бостандыққа шықпақ. Қалыңдығы сол сәтті асыға күтетіндігін жеткізді. Екі жас неке қию дәстүріне сай бір-біріне адап болып, қуанышты бөлісіп, қиындықты бірге көтеруге серттесті.
«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 мекемесінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге, атап айтқанда сотталғанды бас бостандығынан айыру орындарынан қоғамға ауыртпалықсыз қайтаруға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сондықтан жұмыспен қамту орталығымен, пробация қызметімен бірлесіп сотталғандардың туыстық және әлеуметтік-пайдалы байланыстарын қолдау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Неке қию рәсімі – солардың бір парасы», - СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиева.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінде13 неке қию рәсімі өткізілген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО