Бауыржан Мырзабаев, шабандоз: Шетелге кетуіме бала күнгі арманым түрткі болды
Azattyq Rýhy тілшісі белгілі шабандоз Бауыржан Мырзабаевпен сұхбаттасты
- Бауыржан, Германия жокейлерінің арасында топ жарып, чемпион атандың. Құтты болсын! Осындай жетістікке жетуіңе ұлттық болмыстың әсері болғаны анық қой?
- Негізі бұл бір күндік емес, бір жылдық чемпионат. Жыл бойы жеткен жетістіктер есептеледі. Біз қазақты жылқыға жақын деп айтамыз, бірақ шетелде бізден де жақын секілді. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде жылқыға барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай иподромдар, атқоралар салынған. Білікті бапкерлердің де саны аз емес.
- Өзіңнің ата-анаң, туған жерің туралы айтып өтсең?
- Менің ата-анам Алматы облысы Кербұлақ ауданында тұрады. Інім Чехияда, мен Германиядамын. Туған жерге жылдың басында келемін, уақытым бола бермейді.
- 2018 жылы Argymaq.kz сайтына берген сұхбатыңды көзім шалды. Шетелге кетпес бұрын елімізде қандай тұлпарлардың құлағында ойнадың?
- Бала күнімде талай жүйрік тұлпарды тізгіндедім. Шетелге кетпестен бұрын бәйгелерге қатысқанмын. Бірақ ауыз толтырып айтатын тұлпарларға шапқан жоқпын. Сол жақта жүріп осындай атақтарға қол жеткіздім. Өйткені, біздің елде ұшқыр бәйге әлі дамып жатыр.
- Шетелге кетуіңе не түрткі болды?
- Шетелге кетуіме бала күнгі арманым түрткі болды. Кинодан шетелдің жокейлерін көріп, сондай болсам деп армандайтынмын. Одан кейін Алматы иподромының директоры болған Нұрлан Тілеулесов ағамның көп көмегі тиді. Арманымның орындалуына үлкен ықпал етті.
- Аламанда ат оздырып жүрген атбегілерімізді білеміз. Ал ұшқыр бәйгеге ат қосып жүрген кәсіби атбегілеріміз барма?
- Аламанға ат қосып жүрген жергілікті бапкерлеріміз өте көп. Сонымен қатар шетелде де ат ұстайтын қазақтар баршылық. Бірақ аты шығып, үлкен белестерді бағындырып жатқан қазақ бапкерлер жоқ десем де болады.
- Ат спортында Еуропа чемпионы атандың. Германия жокейлерінің арасынан топ жардың. Жалпы ат спортына яғни жылқыға неміс қоғамының көзқарасы қандай?
- Алғашында Чехияда үш жыл чемпион болдым. Одан кейін бір күндік Еуропа чемпионатында 2016 - 2018 жылдары екі жыл чемпион болдым. Биыл Алланың қалауымен Германия чемпионы атандым. Ал жылқыға деген көзқарас өте басқаша. Жылқы малына бізден он есе артық жақын десем артық айтқаным емес. Жас балаға қарағандай қарайды. Арнайы мамандар жиырма төрт сағат жылқының қас-қабағын бағады. Уақытылы денсаулығын тексереді. Әр қораға бақылау камералары орнатылған.
- Алдағы жоспарларың қандай?
- Алға қойған мақсаттар өте көп. Көптеген додалардың алды болғым келеді. Ақпан айының аяғында Сауд Арабиясында мемлекеттік додалар болады. Соған қосатын екі тұлпар бар. Сонымен қатар ақпан айының соңғы күндерінде Дубайда «Неміс дербиін» ұтқан атқа шабамын. Ал додалардың ең үлкені алдымыздағы жылы қыста Жапонияда болғалы тұр. Бірақ бұл бәйгеге қатысу үшін әуелі Германияның чемпионы болу керек. Чемпион болған соң ғана Жапонияға үш айға лицензия алуға рұқсат етіледі. Қазіргі таңда қаржы жағынан да, аттардың деңгейі жағынанда ең үлкені осы Жапониядағы сайыс болып тұр.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңа рахмет!
Сұхбаттасқан: Ришат Асқарбекұлы, Дәукебай Халықұлы, Алматы