«Менің бір күнім екіншісіне ұқсамайды» – патрульдік полиция батальонының қызметкері

Автор: Azattyq Rýhy

Қиын кезде жылдам шешім қабылдауға тура келеді. Асығыстық жасап, қателесуге де болмайды

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Қуаныш Сүлейменов 2014 жылдан бері Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонынында еңбек етіп жүр. 7 жыл ішінде талай жанның өміріне араша түсіп, түрлі қылмыстардың ашылуына атсалысқан. Жас маманның еңбегі еленіп, «Халық алғысы» медалінің иегері атынды. Құқық қорғау органдарында қызмет еткен атасының ізін басқан Қуаныш өз ұрпағының да тәртіп сақшысы болғанын қалайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ПОЛИЦИЯДА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – БАЛАЛЫҚ АРМАНЫ

Әкеге қарап ұл өсер. Қуаныш Сүлейменовтің атасы ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Немересінің полиция саласын таңдауына да ықлап еткен сол кісі.

«Мен бала кезден иығыма погон ілуді армандадым. Атама қызыға қарайтынмын. Есейе келе погонның сәндік үшін тағылмайтынын ұғына бастадым. Ол үлкен жауапкершілік. Ең алдымен өзіңнің, жақындарыңның, әріптестерің мен халық алдындағы жауапкершілік. Кез келген адам өзінің ары алдында таза болуы шарт. Содан кейін ғана азамат елі үшін адал қызмет ете алады. Біздің жұмыс қиындығымен бірге қызыққа толы. Ешқашан бір күн екіншісіне ұқсаған емес. Сондықтан да уақыт озған сайын қызығушылық артпаса, кемімейді», - дейді тәртіп сақшысы.

Қуаныш үйдегі үш ұлдың кенжесі. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қатарластарымен бірге әскерге барып, Отан алдындағы борышын өткерген. Жас маман сол сәтте полиция қызметіне деген қызығушылығы одан әрі арта түскенін айтады. Өйткені әскери өмірдегі темірдей тәртіп ішкі іскер органдарындағы жұмысқа ұқсайды.

«Кезекшілікке түскенде кез келген сәтте, кез келген шақырту түсуі мүмкін. Барлық шаруаны ысырып қойып, көмек сұраған азаматтарға жөнелесің. Қиын кезде жылдам шешім қабылдауға тура келеді. Асығыстық жасап, қателесуге де болмайды. Осындай сәттерде өзіңнің қоғамға пайдалы іспен айналысып жүргеніңді сезінесің. Еңбек етуге деген құштарлығың арта түседі. «Адам жұмысқа асығып барып, үйге қуана қайтуы керек» деген философиялық ойды естіген едім. Бұл сөздер мен туралы айтылғандай. Бөлімге асыға жетемін. Уақыт зымырап өте шығып, кезекшіліктің қалай соңына таяп қалғанын байқамай қаласың. Сосын қуана үйге қайтасың, бала-шағамен қауышасың. Әңгіме-дүкен құрасың», - дейді тәртіп сақшысы.

Қуаныштың жұбайы Наталья Петропавлдағы инфекциялық стационарлардың бірінде жұмыс істейді. Коронавирусқа шалдыққан науқастарға көмек көрсетеді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының бірінде дәрігер мамандығын меңгеріп жүр. Ерлі-зайыптылар Әмина және Мансұр есімді екі перзент тәрбиелеп отыр.

ӨЗГЕНІҢ АМАНДЫҒЫ ҮШІН ӨЗ ӨМІРІН ҚАТЕРГЕ ТІКТІ

Қуаныш Сүлейменов қызметін қарапайым полицияден бастаған. Кейін «Құқықтану»  мамандығы бойынша жоғары білім туралы диплом алды. Бүгінгі күні аға лейтенант шеніне ие. Көптеген грамота, алғыс хаттармен, сол сияқты «Халық алғысы» медалімен марапатталған. Бірнеше адамды ажалдан арашалаған еңбегі еленді. Ол 2019 жылы жертөлеге түсіп, лак бояуының иісіне уланғанның әсерінен ес-түссіз жатқан екі жігітті сыртқа шығарып, ажалдан аман алып қалған болатын.

«Әріптестеріммен бірге болдық. Уланған адамдарды төбедегі есік арқылы шығардым. Бастысы олардың аман қалғаны. Сол үшін қатты қуандым. Дәрігерлер келіп тиісті көмек көрсетті. Бәрі ұжымдық жұмыс болды. Мұндай сәттерде адамның кәсіби шеберлігі мен жеке қасиеттері қатар сыналады. Оларға көмектесе алмасам – мен үшін ауыр жүк сол болар еді. Кейін жақындарым өміріме қауіп төнгенін естіп, алаңдады. Ал менің ойымша, мұндай жағдайлар полиция қызметкерін шыңдай түседі», - дейді Қуаныш.

Жас маман әріптестерінің алдында сыйлы. Басшылық та оның кәсіби қабілетін жоғары бағалайды.

«Полицияның аға лейтенанты Қуаныш Сүлейменов қызметте жауапты, бастамашыл. Ол барлық нормативтік-құқықтық актіні жақсы біледі және жұмыста тиімді пайдаланады. Кәсіби қабілетін арттыруға ұмтылады. Бұл мақсатта уақытын да, күшін де аямайды. Әріптестерімен, жолдастарымен үнемі жақсы қарым-қатынаста. Ешқашан біреумен дауласқанын көрген емеспін. Оның бойында нағыз тәртіп сақшысына лайықты қабілеттер бар. Оның табысты жұмыс істеуін ең бірінші өз қызметіне деген сүйіспеншілігімен байланыстырамын. Жақсы көрмейінше нәтижелі жұмыс істеу мүмкін емес», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Қанат Әлімжанов.

Кейіпкеріміз өзінің өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, жанып жатқан үйден адамдары алып шыққан әрекетін де қалыпты жағдай деп есептейді. Ол қыстың қақаған аязында әріптесімен бірге өртеніп жатқан үйден балаларды алып шыққан. Дәрігерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп те үлгерген. 

«Жұмыста түрлі жағдайлар болып тұрады. Бірде күдік тудырған көлікті тоқтаттық. Жүргізуші мас екен. Құжаттарын алып шығамын деген сылтаумен көлікке қайта отырып, қашып кетті. Көп ұзамай қолға түсірдік. Көлік өзінікі емес, айдап әкеткен екен. Иесі жағымсыз жайтты бізден естіп білді. Алайда мүлкінің өзіне қайтарылғанына қуанды. Кезекшілік кезінде түрлі жағдайларды көресің. Әсіресе ішімдікке тойып алып, үйінде ойран салатындар жиі кездеседі. Шаршайтының сонша, күшің сарқылып, үйге жете алмайтындай сезінген күндер болды», - дейді полицей.

«2021 жылдың 9 айында Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының жеке құрамы 116 қылмысты «ізін суытпай» ашты. Өткен жылдың осы кезеңінде 113 қылмыс әшкере болды. Сондай-ақ, биыл 441 қылмыстың ашылуына көмектесті. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың ашылуына, анықталуына және олардың жолын кесуге бейнежетондар, қызметтік автокөліктің үстінде орнатылған сыртқы бейнекамералар да көмектеседі. 9 айда сыртқы бейнебақылау камераларының және кеудеге тағылатын бейнежетондардың көмегімен 17 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», - дейді СҚО ПД беспасөз хатшысы Нұрбек Баекин.

Қуаныш – ел Тәуелсіздігінің құрдасы. Жасампаз, жігерлі жас екені аңғарылып тұр. Солтүстік Қазақстан полициясында 1991 жылы дүниеге келген 70-тен астам қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында мінсіз қызметі мен адам өмірін құтқарғаны үшін мемлекеттік наградалармен марапатталғандар аз емес. Олардың алдында әлі де жаңа жеңістер болатыны сөзсіз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО