$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.10.2021, 16:53
Кейіпкер

«Суицидпен проблема шешілмейді»: астанада көпірден секірген жүкті әйелді құтқарған полицеймен сұхбат

Алмаз Құлтанов екі қыздың әкесі

«Суицидпен проблема шешілмейді»: астанада көпірден секірген жүкті әйелді құтқарған полицеймен сұхбат
Фотоколлаж

Биыл қазан айының басында елордада жүкті әйелдің көпірден секіріп, өзіне қол салмақ болғанын отандық БАҚ-тың бәрі жарыса жазды. Өмірімен қош айтысқысы келген жергілікті тұрғын Есіл өзенінің үстіндегі көпірге шығып, ойланбастан суға секіріп кеткен. Абырой болғанда, сол маңда қызметте жүрген полицей Алмаз Құлтанов мұны көріп қалып, әйелді судан аман алып шықты. 25 жастағы келіншек пен оның құрсағындағы сәбиге дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсеткен. Қазір жағдайлары бірқалыпты. Ал, ерлік көрсеткен Құлтанов пен оның серігі Асылхан Нұрмұхамбетовті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.

Azattyq Ruhy тілшісі Алмаз Құлтановпен сұхбаттасып, сол кездегі оқиғаның мән-жайын, суға секірген полицейдің өз денсаулығын және отбасылық өмірі мен жалпы жұмыстағы жауапкершілік туралы сұрап білді.

Алмаз Құлтановтың полиция қатарында жүргеніне 10 жыл болған. Қызмет бабында бұған дейін де талай төтенше жағдайға тап болғандықтан, жедел шешім қабылдап үйренген.

«Оқиға болатын күні әдеттегідей маған берілген аумақты шолып жүрдім. 12:30 шамасында Қабанбай батыр көшесіндегі көпірде («Рамстор» СҮ маңында – авт.) әйелді көзім шалды. Ол көпірдің үстінен төменге қарап тұр екен. Көлігімнен шығып, рация арқылы әріптестеріме іс-әрекеті күдікті әйел жайында хабарлай бергенім сол еді, ол үстіндегі киімдерін шеше бастады. Сол кезде өзіне қол жұмсағалы тұрғанын бірден түсіндім. Көпірге қарай жүгіре жөнелдім. Енді көтеріле бергенімде ол көпірдің қоршалған екінші бетіне өтіп кетіпті. Дереу қызға қарай жүрдім. Жүгіріп келе жатып, шешініп те үлгердім. Қыз суға секірген бетте, артынан қоса секірдім», - дейді Алмаз.

Ол суицид жасайтын адамдардың көбі соңғы сәтте ойынан бірден айнып қалатынын айтады. Себебі жан беру оңай емес. Бірақ кейбіреулер үшін өте кеш болуы мүмкін.

«Қызға жақындай берген кезімде ол мені шап беріп ұстап алды. Маған сүйеніп, өзі судан шыққысы келді. Бірнеше рет судың астына батып шықтым. Сол сәтте дереу әрекет ету керектігін түсініп, екеумізге де қауіп төнбес үшін ол қызды өзімнен алшақтата итеріп жібердім. Өз-өзіме келіп, қызға қарай ақырын жүзіп бардым. Киімінен ұстап жағаға қарай итеріп жіберемін, қайта жүзіп барып, тағы итердім. Жағаға жеткенше итеріп келдім. Қыз шамамен көпірдің орта жағына секірген болатын. Ақырындап жағаға да жақындадық. Сол сәтте әріптестерім оқиға орына келіп, маған жүзуге арналған арнайы балонды лақтырды. Осылайша, қызды судан аман алып шықтық», - дейді полиция қызметкері.

Алмаз артында кішкентай екі қызы мен жұбайы бола тұра, өз өмірі үшін еш алаңдамағынын айтады. Ол суға секірер кездегі сезімімен бөлісті.

«Дәл сол сәтте ойлануға мұрша болмады. Айналамда адам болған жоқ. Оқиға менің көз алдымда болып жатқандықтан барынша жедел шешім қабылдауға тырыстым. Бар ойым қызға жетіп, тірі алып қалу болды. Менің орнымда кім болса да көмектесуге талпынар еді», - дейді ол.

Алмаз Құлтановтың негізгі мамандығының полиция қызметіне мүлде қатысы жоқ. Тәртіп сақшысы боламын деген ой аяқасты келіпті.

«Полиция қызметіне 2011 жылы келдім. Негізі өзім IT саласының маманымын. Жеті жыл осы саланы оқығанмын. Бірақ, полиция қызметкерлерінің қатарына қосылу бұйырыпты. Бұл таңдауыма еш өкінген емеспін», - дейді Алмаз.

Қарапайым «рахмет» деген сөзді естімедім...

Алмаз Құлтанов осы оқиғадан кейін суицид жасаған келіншекпен кездеспесе де, телефон арқылы сөйлесіп, жағдайын сұрапты.

«Оның жағдайы жақсы. Баласына еш зиян келмеген. Ол жарты жылдай психолог мамандардың қарауында болады. Сол оқиғадан кейін онымен кездесіп, сөйлескен жоқпын. Ауруханаға хабарласып, жағдайын сұрадым. Денсаулығы жақсы екенін айтты. Бірақ, өмірін сақтап қалсам да рахмет айтқан жоқ. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарласып, екеумізді кездестіріп, сұхбат алғысы келіп еді. Ол кісі бас тартты. Дегенмен, қызмет пен арымның алдындағы міндетімді орындадым. Оның үстіне, келіншектің екі баласы бар. Ішіндегі үшінші сәбиі екен. Бастысы, балалары анасымен аман-есен қауышқанына қуаныштымын», - дейді ол.

Алмаз соңғы кездері елордалықтар арасында көпірден секіріп суицид жасайтындардың көбейгенін айтады. Адамдар көп жағдайда отбасылық жанжалды осындай жолмен шешкісі келеді дейді ол.

«Суицид жағдайы жастар арасында жиі болады. Осы оқиғадан екі-үш күн бұрын 7-8 сыныпта оқитын қыз бала Желтоқсан көпірінен секіріп қайтыс болған. Жауапсыз махаббат, отбасылық жанжал үшін өзінің өмірін қиюға дайын тұратын жастардың қатары өкінішке қарай көбейіп келеді. Көбіне суицидке 30 жасқа дейінгі адамдар барады.

Қандай мәселе болмасын отырып, сөйлесу керек. Шешілмейтін түйін жоқ. Өлу проблемадан құтылудың жолы емес. Ашу үстінде көпірден секіріп кету оңай көрінгенмен, судың ішінде жан беру қиын. Қаншама адам ойланбастан, білместіктен өмірін қиып жіберіп жатыр. Кез-келген қиын жағдайдың шешімі болады. Ауыр дертке шалдығып, жай ғана ұзақ өмір сүруді армандап жүрген қаншама адам бар. Сондықтан, адамдар өз өміріне барынша жауапкершілікпен қараса екен деймін», - дейді Алмаз Құлтанов.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ерлік көрсеткен полицейлерді марапаттады.

Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі взводының командирі Алмаз Құлтановқа, полк қызметінің инспекторлары Асылхан Нұрмұхамбетов пен Нұрсұлтан Сариевке жедел әрі үйлесімді іс-әрекеті үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.

«Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Оларды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Біздің қатарымызға кірген әрбір адам полиция қызметі жан қиярлықты, батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді», – деді марапаттау рәсімі кезінде ІІМ басшысы.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары