«Орамал спортта кедергі емес»: 17 жастағы ММА чемпионы спортшы қыздар туралы айтты
Райяна Акдавлетова ережесіз жекпе-жекпен кәсіби түрде айналысады
ММА – әлем бойынша жоғары сұранысқа ие спорт түрі. Ережесіз жекпе-жек деп аталатын спорттың бұл түрі ересектермен қатар жасөспрімдер арасында да танымал. Бұл спортпен кәсіби түрде айналысатын қыздардың қатары да өте көп. Солардың бірі - қазақстандық Райяна Акдавлетова. Небәрі 17 жастағы жас қыз жасөспрімдер арасынан ММА чемпионы болып үлгерген. Райяна бала кезінен орамал тағады. Оны әлеуметтік желіден алғаш көрген сәтте хиджабтағы сыпайы, нәзік қыздың не үшін осындай ауыр спорт түріне барғаны еріксіз қызықтырды.
Azattyq Rýhy тілшісі Райянаға хабарласып, спорттағы жетістіктері және болашақ жоспары туралы сұрап білді.
Мектепті жақында ғана бітірген Райяна спортқа толық ден қойғанын айтады. Алғашында өз-өзін қорғау үшін спортқа бет бұрған жасөспірім өзіне керегінің бәрін спорт залынан тапқанын жасырмады.
«Қазір жасым 17-де. Орал қаласының тумасымын. Мектепті бітірдім. Бірақ биыл ешқайда оқуға тапсырмаймын. Себебі, осы жылы спортқа толығымен ден қоюды шештім. Спортпен айналысқаныма төрт жылдай болды. 2017 жылы бастадым. Алғашында таэквондомен шұғылдандым. Кейін тай боксымен, қазір ММА-мен айналысамын. Бұл спортта жүргеніме жарты жыл болды.
Осы үш жылдың ішінде біраз жүлде алдым. Әлем бойынша МАА-дан жасөспірімдер арасында алғаш рет чемпион атандым. Панкратионнан Қазақстан чемпионы және түрлі турнирлердің чемпионымын. Өзімді жекпе-жектердің барлық түрінен байқап көрдім десем болады. Муай-тай, кикбоксингпен айналыстым», - дейді Райяна.
Ол ММА-ға қалай келгенін, бұл шешіміне ата-анасы қалай қарағанын айтты.
«Мен бұған дейін тек тұрып (стойкада) төбелестім. Қолмен ғана жұмыс істейтінмін. Ал, ережесіз жекпе-жекте бәрі аралас. Қолмен де, аяқпен де төбелесуге болады. Күрес те бар. Өзімнің осы салада жүрген құрбыларыма қарап, ММА-ға көшемін деп шештім. Алланың қалауымен осы жылы жоғары көрсеткіш көрсетіп, әлем чемпионы атандым. МАА-дан Қазақстан чемпионатында қарсыласымды қылғындырып, жеңіске жеттім. Әлем чемпионатында да дәл солай болды. Чемпионатқа 25 елден 400-ге жуық жас спортшы қатысты. Финалда украиналық қызбен кездестім. Ол мені бірінші раундта қылғындыра бастады. Бірақ соңына дейін берілмей, шыдап бақтым. Бұл уақыт мен үшін өте ауыр болды. Үшінші раундта мен оны қылғындырып жеңіске жеттім. Сол жарыстан кейін өзіме қатты таңғалғаным есімде.
Спортқа бұрыннан қызығатынмын. Басында ата-анам қарсылық танытты. Десе де, кейін менің таңдауымды қолдады. Табандылығымның арқасында әлі күнге дейін спорттамын. Өзіңіз білесіз, спортта төзім керек. Әсіресе, қыз балаға бұл екі есе ауырға түседі», - дейді ол.
Райянаның ата-анасы намазхан кісілер. Кішкентай кезінен діни тәрбие алып өскен ол орамалы спортта еш кедергі келтірмегенін айтады. Және өзіне қатысты түрлі пікірді қалай қабылдайтынын жеткізді.
«Отбасымның барлық мүшесі намаз оқиды. Хиджабты бала кезден бастап кидім. Орамалым спортта еш кедергі келтірген емес. Дегенмен, қоғам хиджаб киіп, оранғандарды әлі толық қабылдаған жоқ. Сол себепті, көбі бұл жолға үлкен шешіммен келеді. Ал, менің жағдайымда бұл үйреншікті нәрсе болды. Себебі, үйде сондай тәрбие алдым. Жан-жақтан келетін пікірлерге мүлде назар аудармаймын. Қызықтырмайды. Әр адамның пікірі бар. Оның бәрін көңілге ала беруге болмайды деп ойлаймын. Әлем чемпионатында орамалмен жібермейді деп уайымдадым. Бірақ, ол жақта менің орамалым туралы бір сөз айтылған жоқ. Оның үстіне орамал ығайлы. Шашың түсіп, кедергі келтірмейді», - дейді спортшы.
Ол өзінің күнделікті жаттығуы, спорттағы қиындықтар мен қызықтарға да тоқталды.
«Спортпен шұғылданған адамның өзіне деген сенімділігі арта түседі. Адамдар сенің жетістігіңнен мотивация алады. Достарың, ортаң көбейеді. Қиындықтары: қатты соққы алуың мүмкін, жарақат көп болады. Денсаулыққа кедергі келетін кездер жиі болады. Бірақ, қай спорттың да өз жарақаты бар. Маған бәрі ұнайды. Бұл спортта ұзақ уақыт қалу үшін табанды мінез және тынбай жаттығу керек.
Жаттығу әр күні әртүрлі болады. Жай күндері таңертең, кешке екі мезгіл жаттыға аламыз. Жарыс болмаған кезде қалыпты сақтау үшін жоқ дегенде бір аптада үш рет жаттығу керек. Турнир мен чемпионаттар басталған уақытта күнделікті күрделі жаттығулар басталады. Ерте жатып, ерте тұру, дұрыс тамақтанып, ащы-тәттіден бас тартамыз. Менің салмақ категориям – 70 келі.
Бос уақытымда анама үш шаруасына көмектесемін. Қыз баласы болғанна кейін тамақ істеу, үй жинау сияқты жұмыстар жетерлік. Өзімді дамыту бағытында түрлі дәрістер оқимын», - дейді ол.
Райяна спортшы үшін мотивация жеңіске жеруге бірден бір құрал екенін айтады. Ол жарысқа шықпай тұрып, түрлі спортшылардың мотивацияға толы видеоларын көретінін айтты.
«Менің мотивациям – ата-анам, маған үміт артқан адамдар. Өзге елде жүрген соң елге жеңіспен, нәтижемен қайту, жаттықтырушымның жұмысын зая кетірмеуім керек деп өз-өзіңді қайшылайсың. Оның үстіне, қолдау көрсетіп жатқан қаншама оқырманым, менен үлгі алатын балалар бар. Мотивацияны өзіме өзім беремін. «Қарсыласым мен сияқты адам, еш артықшылығы жоқ», деп өзімді қайраймын. Кездесу алдында мотивациялық роликтерді, өзімнің өткен төбелестерімді қарап шығып, қателіктерімді түзеймін», - дейді спортшы.
Райяна қанша мықты спортшы болса да, өмірде адамдарға күш көрсетуге мүлде қарсы екенін жеткізді. Ол қыз балаға табиғатынан берілетін сұлулық пен нәзіктіктікті сақтай білуі маңызды екенін айтады.
«Жекпе-жек, төбелес - мұның бәрі мен үшін тек спорт. Өмірде мұндай күш көрсету жағдайы болған жоқ. Қарсыласыма келсек, ол өз еркімен, өз келісімімен жекпе-жекке келді. Яғни, ешкім оны еркінен тыс ұрып-соқпайды. Ережесіз жекпе-жек деп аталғанымен, оның да өзіндік ережесі болады. Өмірде мені сабырлы, байсалды көріп қалған жандар жекпе-жекті көргенде таңғалып жатады. Әрине, өзің таңдап келген жол болғандықтан, кері шегіне алмайсың. Не сен, не ол жеңіске жету керек.
Екі образды алып жүру мен үшін қиын емес. Өмірде мен барлық қыздар сияқты көйлек киіп, нәзік бола аламын. Себебі, қыз баласы әрдайым әдемі, көркем болып қалуы керек. Басты ерекшелігіміз де осында. Көптеген ата-ана қыздарын спорттың ауыр түріне бермейді. Ер балаша ойлап, дене пішіні өзгеріп, мінезі де ауырлай түседі деп есептейді. Әрине, бұл пікір орынды. Десе де, бұл әр спортшының өзіне байланысты деп ойлаймын. Әрдайым, шынайы қалыпта қалу керек. Мен де бұрын ер балалар сияқты жүріп, өзімді солай ұстайтынмын, кейін бұл ісімнің қате екенін түсіндім. Оның үстіне орамалда жүргендіктен, оның жауапкершілігін көтеріп, соған лайықты болу керек», - дейді Райяна.
Спортшы қыз алдағы жопарымен бөлісті.
«Екі айдан кейін панкратионнан Қазақстан чемпионаты өтеді. Жақында дайындықты бастаймын. Жарыс Уркаинада немесе Түркияда өтеді. Мақсат - чемпионатта жеңіске жету.
Үлкен арманымдарымның бірі - мұсылман қыздарға арналған зал ашу. Себебі, ер адамдардың көбі әйеліне залға келіп, айналысуға рұқат бермейді. Спортпен айналысқысы келетін орамалдағы қазақстанық қыз-келіншектердің қатары көп. Сол жандарға қолдау білдіргім келеді. Жалпы, жоспарымның бәрі спортқа қатысты. Жастарды спортпен шұғылдануға, шымыр болуға шақырамын», - деп қорытындылады спортшы қыз.
Жазып алған: Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан