«Келін, бүгін қандай тик-ток түсіреміз: арбаға таңылған Анар Хамитова қалай танымал болғанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Оны осы уақытқа дейін демеп келген енесі коронавирустан қайтыс болған

Арбаға таңылған Анар Хамитова туралы БАҚ өкілдері осыдан екі жыл бұрын жарыса жазды. Елардалық келіншек денсаулығы жоғына қарамастан қолөнер бұйымдарын жасап, көшеде әшекейлер сатқан. Былтырдан бері көпшілік Анарды қазақстандық танымал тик-токерлердің қатарына қосып келеді.

«Tik Tok видеоларымды былтыр карантин кезінде түсіре бастадым. Жалпы арбаға таңылғаныма қарамастан күнделікті өмірде сыртта көп жүремін. Елде карантин жарияланып, сыртқа шығуға шектеу қойылған кезде үйде уақыт өткізу үшін осындай қызықты видеоларды түсіруді қолға алдым. Ол кезде аудитория жинауды көздеген жоқпын. Түсірген видеоларым туыстарым мен достарыма ұнап, жан-жаққа тарай бастады. Бірден оқырман саны да арта түсті. Бұған дейін түрлі актерлік, режиссерлік курстарды оқығанмын. Мүгедек болғандықтан анам бала күнімнен түрлі үйірмелерге қатыстырған. Қазір сол оқығандарымның пайдасы тиіп жатыр», - дейді Анар Хамитова.

Алғашқыда қызықты видеоларға тек өзі ғана түскен келіншек, көп ұзамай Tik Tok желісіне енесін де тартқан.

«Идея таусыла бастаған кезде енеме тик-токты бірге түсіру туралы ұсыныс жасадым. Ол кісі менің сөзімді ешқашан жерге тастамаған, бұл жолы да бірден келісе кетті. Ал, жолдасым апаммен бірге түсірген видеоны көрген кезде әбден күліп алды. Кейін «бұлай көп түсірме, ұят болады» деп айтты. Ол мінезі жұмсақ адам, дін ұстанып, намазын қаза қылған емес. Десе де, бұл апам екеумізге жақсы ермек болды. Тик-ток түсірудің арқасында енем екеуіз бір-бірімізді одан сайын жақын тарта түстік. Тіпті таңертең ұйқыдан тұрған сәтте әңгімесін «Келін, қандай тик-ток түсіреміз?» деп бастайтын», - дейді Анар.

Мен «осымен бітті, өлемін» деп ойладым....

Анардың алғашқы кездері смартфонына штативі болмағандықтан видео түсіру қиынға соққан. Өйткені оның диагнозы бұлшық еттердің еркін қозғалысына кедергісін келтіреді. Бірақ соған қарамастан, Анар Хамитова әлеуметтік желідегі күнделікті белсенділігін тоқтатқан емес.

Өкінішке қарай, оқырман саны артқан сайын теріс пікір жазушылар саны да арта бастапты.

«Бастапқыда жақсы пікірлер өте көп болды. Хейтерлер болған жоқ. Бірақ кейінірек оқырмандар мен қаралым саны күрт артқан кезде теріс пікір жазушылар да көбейді. «Семізсің, әжең сондай, әжең мұндай» деген сияқты дүниелерді жаза бастады. Бірақ мені жақтайтын оқырмандарым да өздерінің жақсы ойларын, әрдайым тілектерін жазып отырады. Мен енемнің жасын сыйлап, үлкен кісі екенін ескеріп, ол кісіге жаман пікірлерді оқымайтынмын. Негізі өзім де пікірлерге көп мән бермеуге тырысамын. Өйткені маған денсаулығыма байланысты ашулануға болмайды. Жылап немесе көңіліме алып қалсам, денем жұмыс істемей қалуы мүмкін, ондай кезде тіпті дәрі де көмектеспейді. Сондықтан әрқашан жақсы көңіл-күйде жүруге тырысамын», - деді Анар.

Өкінішке қарай, көктемде Анар Хамитованың енесі коронавирус індетіне шалдығып, сәуір айында ауруға төтеп бере алмай қайтыс болған. Осылайша әлемді жайлаған дерт бұл отбасының да шаңырағын бір жылатқан.

«Апамды ауруханаға алып кеткеннен кейін артынша мен де ауыра бастадым. Бірінші аяқ қолым сырқырап, тартыла бастады. Екі күн бойы температурам 37 градус болды. Коронавирусқа шалдыққанымды сонда түсіндім. Жолдасыма «Менде де коронавирус, мен бітті өлемін» деп дүрбелеңге түстім. Алайда, күйеуімнің жылағанын көріп, өзімді қолыма алдым. 18 жыл бойы миастенияны жеңіп келе жатқандықтан, ковидты да жеңемін деп өз өзіме ант бердім. Аллаға шүкір, аман қалдым. Бірақ өкінішке қарай, апамыз бұл аурамен күресе алмады. Енем ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін алтын кісі болды. Маған үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ковидке шалдығып, ауруханаға түскен кезінде жолдасыма «Анарымды ренжітпе, керек кезде көмектес» деп ақылын айтып кетті. Бәлкім, қайтыс болатынын сезген де болар», - деп бөлісті Анар Хамитова.

Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасауға қарсымын…

Бүгінде әлеуметтік желінің алаңы көптеген блогер үшін табыс көзіне айналғаны анық. Алайда, Анар жарнама жасап, гив ұйымдастыру арқылы ақша табуды құп көрмейтінін айтты.

«Бір кездері арықтау марафонына және онлайн маркетингтерге қатысты жарнама жасадым. Солардың видеосын түсіріп жатқанымды күйеуім көріп, ұрысқан болатын. «Олай істеме, халықты алдама» деп ақылын айтты. Содан кейін ондай жарнамаларға жоламайтын болдым. Бір рет гив ойнатып көрдім. Өкінішке қарай, оқырман жинай алмай, өзім шығынға батып кеттім. Міне, осындай жағдайлардан кейін ондай дүниелерді ұйымдастырғым келмейді. Оның үстіне гивтен бір ғана адам жеңеді. Біреудің ғана алғысын, қалғынының қарғысын алғым келмейді», - дейді келіншек.

Анар әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын салыстыра келе, жақсы тұсы басымырақ екенін айтады. Өйткені ең бастысы дәл осы заманауи құралдың арқасында бүгінде ол өзіне қажетті дәрісіне қол жеткізіп отыр.

«Бұрындары ұялшақ әрі жасқаншақ болдым. Көбіне сыртқы келбетімнен қысылатынмын, гормондардың салдарынан толып кеткен кезімде тіпті, фотоға да түспейтінмін. Қазір сол кемшіліктерімді жеңдім. Жалпы өзің ұнайтын іспен шұғылдансаң берекең де артады екен. Тағы бір айтарым, Instagram әлеуметтік желісі дәрімді алуға ықпал етті. Жұма сайын оқырмандарым мүмкіндігінше қаржылай көмектерін көрсетіп отырады. Оларға алғысым шексіз. Елімізде мұндай қымбат дәріні өз ақшасына алып жүргендер өте аз. Өкінішке қарай, көбінің бұл дәріні алуға қаражаты жетпей жатады», - деп нақтылады Анар.

Анар Хамитованың бүгінде негізгі мақсаты – өзі сияқты жандарға мотивация беру. Осылайша ол алдағы уақытта көпшілікке пайдасы бар блогер болуды армандайды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан