«Қарақшы емеспіз, есірткі сатпаймыз»: елордалық жігіт байкерлердің өмір сүру салты туралы айтып берді
Қазір Қазақстан қалаларында мотосезон маусымы ашық
Байкер десе көп адамның көзіне былғары күрте, жыртық джинсы шалбар киген сақалды ер адам елестейді. Тіпті, сырт келбетіне қарап оларды қарақшыға, қылмыскерге ұқсататындар да кездеседі. Бұл бәлкім Голливуд фильмдерінің әсерінен де болар...
Жалпы, мотоцикл айдау мәдениеті мен байкерлік ұғым АҚШ-тан бастау алады. Байкерлік қозғалыс алғаш өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған. Бүгінде бұл мәдениет күллі әлемге тарап, біздің елде де қызығушылыққа ие болды.
Сонымен, қазақстандық байкердің жалпы образы қандай, олар немен айналысады, ал мотоциклдің адамды баурап алатын қандай «қасиеті» бар? Осы және өзге де сұрақтарды Azattyq Ruhy тілшісі астаналық жас байкер Жангелді Күзенбаевтан сұрап көрді.
23 жастағы Жангелді Тараз қаласының тумасы. Қазір елордада тұрады. Өзін кәсіби байкермін деп есептейді. Айтуынша, соңғы жылдары бұл мәдениетке қызығушылардың саны күрт артқан. Ал, ірі қалаларда байкерлік клубтар көбейіп келеді екен.
«Адамдар алдымен байкер мен қарапайым мотоциклшіні ажырата білу керек. Мотоциклші мотоциклді тек өзінің қимыл-қозғалысы үшін пайдаланса, байкер оны өмірінің бір бөлшегі санайды, өмір сүру стилі деп қабылдайды. Байкер мотоциклді тек айдап қана қоймайды, оны барынша күтіп-баптайды, қажет болса сәндейді, жаңа бөлшектермен құрастырады.
Байкерлік – кәдімгі көлік бере алмайтын жылдамдықты мотоциклден алу, желмен жарыса еркіндікті сезіну. Мен байкер болуды бала кезімнен армандасам да, кәсіби түрде тек бір жылдан бері айналысып келемін», - дейді астаналық жас байкер.
Байкер деген кім, олар немен айналысады?
Жангелді байкерлердің өмір сүру образына, мінез-құлқына сипаттама беріп, 90-шы жылдан бері байкерлік мәдениеттің қалай өзгергенін айтты.
«Негізі байкерлер сырт көзге қатал, дөрекі көрінгенімен көбі өмірде қарапайым, ешкімді ренжітпейтін адамдар. Мотоцикл мінген соң қара түсті былғары киім міндетті түрде керек. Себебі, джинсы күртеше немесе жемпірден қатты жылдамдықта суық өтеді. Ал, былғарыдан жасалған киім суық өткізбейді, ыңғайлы әрі әдемі көрінеді.
Сондай-ақ, халық арасында байкерлер туралы жағымсыз түсінік қалыптасқан: қарақшылықпен айналысады, есірткі сатады деп ойлайтындар көп. Бұл түсінік 90-шы жылдары қалыптасқан және сол кезде бәлкім дұрыс болған шығар. Бірақ қазір байкерлер ондай емес, адамдар біз туралы қате пікірде болмаса екен деймін. Себебі қазіргі байкер – тәрбиелі, қайырымдылық шараларына белсене қатысатын, намыс пен бауырлық қатынасты жоғары қоятын адам. Олардан сескенуге ешқандай негіз жоқ», - дейді Жангелді.
Фото: mk-kz.kz
Оның айтуынша, елордадағы байкерлер қозғалысы мотокезең басталған уақытта күшейеді, яғни күн жылынған көктем, жаз айларында. Байкерлікке жігіттер қалай қызықса, қыздар да олардан қалыспайтын көрінеді.
«Астанада байкерлер өте көп. Олардың бәрі ер адамдар емес, шамамен 30 пайызын нәзік жандылар құрайды. Яғни, мотоциклге қызығушылық жынысты таңдамайды. Біз күн жылынған уақытта түгел қала көшелеріне шығып, кешкі 20:00-ден түнгі 2-ге дейін жүреміз. Түрлі жиындар болады. Әдетте Тұран даңғылындағы саябақтарда, Цирк жанындағы алаңда жиналамыз. Ол жақта байкерлер әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізге мотоциклге қандай өзгерістер енгізгенімізді, басымыздан өткен қызық жағдайлармен бөлісеміз.
Қалада байкерлер арасында жарыстар жиі болмайды. Қазір бұрынғыдай емес, бүкіл қиылыста, үлкен көшелердің бойында камера көп, жылдамдықты асыруға мүмкіндік бермейді. Жарыстарымыздың көбі қаланың сыртында болады. Бірақ, пандемия басталғалы бері ешқандай жарыс-жиындар өткізілмей жүр», - дейді ол.
Фото ашық дереккөзден
Мотоциклде автокөліктегідей қауіпсіздік функциялары болмағанмен, арнайы киім-жабдықтары бар. Бірақ, бұл бәрібір де адам өмірі үшін қауіпті. Ал, байкерлер осындай тәуекелді өте қатты жақсы көреді екен. Яғни, қаншалықты қауіпті болған сайын, байкер ләззат алады.
«Жоғары жылдамдықпен жүргенде ешқандай қауіпсіздік талаптарын сақтай алмайсың. Байкерлер киетін арнайы жабдықтары болады. Олардың ішінде темір пластиналар бар. Құлаған кезде адамды жарақат алудан сақтайды. Басымызға міндетті түрде шлем киеміз. Қауіпсіздік белбеулерінсіз жүру бізге адреналин береді», - дейді Жангелді.
Байкерлердің мінетін мотоциклі де ерекше, қарапайым мотоциклге ұқсамайды: дөңгелегі жалпақ, жүргізушінің шалқалап отыруына ыңғайлы орындығы бар, тізгіні кең, жалпы көлемі де әлдеқайда үлкендеу.
«Мотоциклдің негізгі бағасы 1 млн теңгеден басталады. Ары қарай көлік сияқты бағасы өсе береді: 10 000, 20 000, 50 000 долларлық байктар бар. Байкерлердің мінетін мотоциклі қарапайым мотоциклге қарағанда қымбат болады. Қарапайым мотоциклді мото-авто салоннан алуға болады. Ал, біз мінетін байктардың көбі арнайы тапсырыспен келеді. Шын байкер мотоциклге ақшасын ешқашан аямайды, соңғы тиынына дейін соған жұмсауы мүмкін», - дейді байкер.
Жангелдінің негізгі мамандығы дәрігер. Оқудан қолы тиген сәтте ол өзінің ақ халатын былғары күртеге ауыстырып, сүйікті мотоцикліне қайта оралады. Дәрігер жігітің бұл қызығушылығына ата-анасы да қарсы емес.
«Ата-анам байкерлікке қызығатынымды білгенімен, кәсіби айналысатынымды әзірге білмейді. Білсе де қарсы болмайды. Қазақстандағы байкерлердің 80 пайызын қазақтар құрайды. Менің ойымша, қызығушылық ұлтқа, менталитетке бөлінбейді. Ұнап тұрған іспен неге айналыспасқа?! Қазір медицина саласында білім алып жатырмын. Күндіз сабақта боламын. Кейін дәмханада администратор және курьер болып жұмыс істеймін. Жаз маусымында кешкі бос уақытымды міндетті түрде мотоциклде өткіземін. Байкерліктен ешқандай табыс жоқ. Қарақшылықпен айналыспаймыз, есірткі де сатпаймыз, бұл менің тек сүйікті ісім ғана», - дейді Жангелді Күзенбаев.
Қазір Қазақстанда мотосезон ашық, ірі қалаларда байкерлер жиі жиналып, мотоциклге қондырған жаңа бөлшектері мен аксессуарлары туралы әңгіме-дүкен құрады.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан