Анейля Ибраимова Louis Vuitton компаниясында 5 жылдан бері жұмыс істейді
Француздық сән үйі Louis Vuitton өнімдеріне қызықпайтын қыз-келіншек жоқ шығар. Оның сәнді қол сөмкелері, иіссулары мен киімдері қазақстандық сәнқойлар арасында да үлкен сұранысқа ие.
Дизайнер Луи Виттон құрған сән үйінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дизайнерлер жұмыс істейді. Олардың қатарында болу бейнелеу өнерін таңдаған әр адамның арманы десе болады. Сол арманы орындалған санаулы жан қатарында қазақ қызы Анейля Ибраимова да бар. Ол француздық брендтің өнімдерін 5 жылдан бері әрлеп келеді. Анейляның салған суреттері LV мұрасы саналатын сөмке сандықшаларда бейнеленген. Сонымен қатар, отандасымыз шетелдіктер арасында фотореализм жанрына негізделген портреттік суреттерімен де танымал.
Анейля Azattyq Ruhy тілшісімен болған сұхбатта Louis Vuitton компаниясына қалай келгенін, әріптестері және Қазақстандағы сән индустриясының дамуы жайында әңгімелеп берді.
Анейля Нұр-Сұлтан қаласында өсіп, білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін білімін жетілдіру мақсатында шетелге кетіп, қазір Лондонда жұмыс істейді. Талантты қыз Louis Vuitton компаниясына 2019 жылы күрделі ірікеуден кейін жұмысқа қабылданған. Қазір компаниядағы атақты 17 суретшінің бірі.
«Өзім астанадағы №27-ші мектептің түлегімін. Оқуды бітіргеннен кейін маркетинг бағыты бойынша магистратураны Англияда оқыдым. Оқып жүріп Louis Vuitton компаниясына сатушының көмекшісі болып жарты бағаға жұмысқа кірдім. Бір күні компания суретші-дизайнер іздеп жатыр деген хабарландыруды көзім шалды. Ойланбастан барып қатыстым. Ұзақ конкурс пен іріктеуден өттік. Жұмысқа орналасу барысы оңай болған жоқ. Еуропа елдерінің басқа да қалаларынан көптеген суретші қатысты. Ұзақ таңдаудан кейін маған ұйымдастырушылар хабарласып, іріктеуден өткенімді, суретші-дизайнер ретінде жұмысқа қабылданғанымды айтты. Оны естігенде қуанышымда шек болмады. Қазір аталған брендте ресми жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды.
Louis Vuitton компаниясында әлем бойынша 17 суретші бар. Компания 3 аймақта тұрақты жұмыс істейді. Олар: Ұлыбритания, Ирландия және Батыс Африка елдері. Мені қосқанда үш суретші Лондондағы кеңседе істейміз. Қазір анаммен Англия астанасында тұрып жатырмын», - дейді Анейля.
Әлемде алғаш болып жол жүруге арналған сандық сөмкені дизайнер Луи Виттон ойлап тапқан болатын. Louis Vuitton қобдишалары 1854 жылдан бастап шығарыла бастады. Түрлі суреттер бейнеленген ерекше сандық арнайы тапсырыспен жасалады.
«Біз сөмкеге сурет салмаймыз. Арнайы сандыққа дизайн жасаймыз. Себебі, бұл Louis Vuitton компаниясының бұрыннан келе жатқан тарихы мен мұрасы. Алғашқы кезде тұтынушы саяхат барысында өз сандығын тану үшін адамның аты-жөні және белгілі жолақтар бейнеленді. Ал, қазір LV сандықтарын жақсы көріп, жинауды әдетке айналдырған әрбір клиентке ерекше дизайн нұсқаларын ұсынып жасап бере аламыз. Бізде бір сандыққа жасалған сызба екінші рет қайталанбайды. Әр жоба өз алдына ерекше болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, сандықтың интерьерін де жасаймыз. Бұл өте ұзақ уақытты талап етеді. Эскиздерді алдымен Франциядағы шеберханамызға бекітуге, кейін жасауға қайта жібереміз», - дейді суретші.
Ол бейнелеу өнерімен мектеп жасынан айналысып келеді. Дизайнерліктен бөлек Анейля ерекше портреттердің де авторы. Тіпті, Лондонда арнайы сурет көрмесін өткізген.
«Менің өнерге деген қызығушылығым әрдайым жоғары болатын. Бала кезімнен түрлі жанрдағы суреттерді салуға қатты қызығатынмын. Сурет салумен кәсіби айналысқаныма 7 жылдан асты. Бірнеше жыл бұрын Лондонда жеке көрмемді өткіздім. Менің жеке жұмысым фотореализм жанрына негізделген. Портреттерді маймен саламын. Сурет салу барысында әрқашан кейіпкердің көзқарасына көп көңіл бөлемін. Суретте бергім келген ойды көз арқылы жеткізуге тырысамын. Себебі, адамның көзінен біраз нәрсені ұғып, білуге болады», - дейді отандасымыз.
Анейля елімізде сурет өнері мен сән әлемі жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын айтады. Қазір қазақы нақыштағы киімдерге сұраныс жоғары дейді суретші.
«Біздің елде талантты адамдар өте көп. Қай салада да өнерлі жастар жеткілікті. Өз басым біздің суретші-дизайнерлердің туындыларын көргенде қатты қуанамын және мақтаныш санаймын. Қазір қазақтың ұлттық киімдерін, әдемі оюларын заманауи үлгіде дамытып, түрлі киім, сөмке тігіп жүрген отандық дизайнерлердің жұмысы танылып келеді. Сән өнерін жан-жақты дамытуға мүмкіндігіміз толық жетеді деп ойлаймын. Тек талантты жандарды дұрыс қолдай білу керек», - дейді Анейля.
Ол күнделікті жұмыс барысы қалай өтетінін және әріптестерімен қарым-қатынасы жайында баяндап берді.
«Біздің команда өте мейірімді жандардан құралған. Бәрі бір-бірімен жылы қарым-қатынаста. Әрдайым көмек қолын созуға асығып тұрады. Мен біздің топта жұмыс істейтін жалғыз қазақпын. Суретшілердің негізгі құрамы жергілікті қалалардан. Еуропа мен Қытайдан келген адамдар бар. Бәрі шетінен өнерлі.
Әр дизайн әртүрлі жасалады. Біз алдымен фотошопта бірнеше күн жұмыс істейміз. Бәрін бастан аяқ өзіміз сызып, суреттеп шығамыз. Сандықтардың беті түйіршікті болып келгендіктен сурет салу процесі өте күрделі жүреді. Әсіресе, тегіс әсерге қол жеткізу керек болса, түрлі сызықтар мен белгілі атауды жазу мұқияттылықты талап етеді. Асықпай түзу сызып шығу керек. Қобдиша сыртына көбіне ашық түсті кескіндерді бейнелейміз. Мұның бәрі біріге жасалған үлкен еңбек», - дейді суретші.
Анейляның болашаққа құрған жоспары көп. Солардың бірі — түрлі елде өз көрмесін ашу. Бұл идеяны жақын арада Қазақстаннан бастаймын дейді ол. Сондай-ақ, суретші қыз кәсіп таңдауда жан-жағыңды емес, тек өзіңді тыңдаудың маңыздылығын айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.
«Әр түрлі елде көрмелер ашу бұрыннан арманым болатын. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Алғашқы көрмемді Қазақстанда ашамын деген ой бар. Әзірге туындыларымды жинақтап, толықтырудамын. Ең маңыздысы, қай кезде де өзіңе деген сенімділік жоғары болу қажет. Әсіресе жастарға еңбекқор болу, тәуелсіз өз ойын еркін айтып, еркін жүру маңызды. Қандай жағдай болмасын, өзіңді бақытқа бөлейтін істен бас тартпау керек. Сондай-ақ, берілген мүмкіндікті жіберіп алмай, өзіңді сынаудан қорықпаңыз деп айтқым келеді. Мысалы, шығармашылыққа кетпес бұрын менің алдымда екі жол тұрды. Бірі — қаржыгер мамандығы, енді бірі — сурет өнері. Мен суретші болуды таңдадым және таңдауыма еш өкінген емеспін. Өзіңе ұнаған іс әрдайым табысқа әкеледі. Бастысы біліктілігіңді қай жерде де көрсете білу керек», - дейді Анейля Ибраимова.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан