Жүзуге қатысқан бала спорттың кез келген түріне икемді болады — жаттықтырушы
Айбек Жәнібеков астанадағы танымал бапкерлердің бірі
Миннесота Университеті ғалымдарының зерттеуінше, жас кезінен суда жүзіп үйренген адамның миы кеш қартаяды және көңіл күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарады. Мамандардың айтуынша, ағзаның тамыр жүйесі су температурасының алмасуына ыңғайланып, микробтар мен бактерияларға төзімді келеді екен. Бұл тұжырымды елордалық жаттықтырушы Айбек Жәнібеков те растайды. Суда жүзуден кәсіби спортшы жүзудің адамға, оның ішінде балаларға тигізер пайдасы зор екенін айтады. Жас болса да тәжірибелі маманға елордалық ата-аналардың көбі балаларын сеніп тапсырады.
Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген Айбек балаларға жүзуді үйретудің жеңіл жолдарын, судың бала ағзасына пайдасы мен күні бойы хлор қосылған бассейнде жүрудің денсаулыққа әсері жайында айтып, тәжірибесімен бөлісті.
Ол Нұр-Сұлтандағы балаларға арналған сауықтыру орталығының бірінде жұмыс істейді. Орталыққа қарапайым балалармен қатар ерекше топтағы бүлдіршіндер де келеді.
«Бізге келетін балалардың ең кішісі 2 айдан басталады. Тіпті, 40 күннен кейін де нәрестені әкеле беруге болады.
Бассейінге келетіндердің саны көп. Сондықтан демалыссыз жұмыс ісейміз. Жаз мезгілінде жүзуді үйренуге келетін балақайлар екі-үш есеге көбейеді. Екі жерде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін.
Үш жасқа дейінгі балаларды 30 минуттан, ал үш жастан 12 жасқа дейінгілерді 40 минут қабылдаймыз. Балалар бассейнге кезекпен кіріп отырады. Ерекше топтағы балалардың да жас аралығы дәл осындай», - дейді жаттықтырушы.
Жаттығу барысы
Айбектің айтуынша, бір балаға жүзу үйрету үшін оған бір ай жеткілікті. Десе де, жүзуді одан да аз уақытта үйреніп шығуға болады. Бұл баланың қабілеті мен дағдысына байланысты. Ол орталыққа келген әр баланың мінезіне қарай жұмыс жеке-жеке жүргізілетінін айтады.
«Бала алғаш келген сәтте-ақ оның мінез-құлқын бірден түсінесің. Тәрбиелі, айтқаныңды істейтін балалармен қатар ерке, мінезі қыңырлау бүлдіршіндер де келеді. Олармен жаттығуды бастамас бұрын баланы суға үйретіп, арнайы ойыншықтармен алдандырамын. Мұндай әдістен кейін жаттықтырушымен баланың арасында жақын қарым-қатынас пайда болады. Жаттықтырушыға деген сенімі нығайып, тыңдай бастайды. Сосын барып қана арнайы жаттығу басталады.
Жаттықтырушы ретінде балаларға жұмсақтық танытпаймын. Жұмсақ болсаң тыңдата алмайсың. Тәртіп болғанын қадағалап отырамын. Барынша қаталдық өзіме де пайдалы.
Жүзуді тез үйрену уақыты баланың қабілетіне қарай әр түрлі болады. Кейбір балалар бірінші жаттығудан кейін-ақ бәрін ұғып, келесі келгенде жүзіп кетеді. Ал, кейбіреуіне жүзуді толық үйрену үшін бірнеше абонемент керек болады», - дейді Айбек.
Суда жүзуді бала кезден қолға алудың пайдасы зор. Жаттықтырушы жүзудің қыр-сырын үйренген баланың басқа спорт түріне тез дағдыланып, денесі дайын болып баратынын айтады.
«Суда жүзу көбіне баланың және ересек адамның омыртқа жотасының тік болуына, бұлшық еттің қатаюуына көп көмегін тигізеді. Бізге әлсіз балалар көп келеді. Жалпы, бассейн басқа спортпен салыстырғанда екі есе күшті талап етеді. Суға қарсы жүзу арқылы дене шымыр болады. Бассейннен кейін баланы қандай спорт түріне апарсаңыз да, денесі жаттыққан болып барады. Себебі, суда дененің әр бөлігі шынығады. Жүзу кезінде барлық бұлшықет жұмыс істейді. Суда не аяқпен, не қолмен кезек-кезекжүзе алмайсыз. Бәрі бір уақытта қимылдауы тиіс. Әр бұлшықет түрліше күш алады. Сол себепті, денеңіздің бұлшықеті өз формасына қарай қалыптасады», - дейді Айбек.
Ол орталыққа келетін ерекше топтағы балалармен жұмыс барысын баяндап, жаттығуды бастамас бұрын жасалатын арнайы әдіс-тәсілдер жөнінде айтты.
«Бізге ДЦП, аутизм, даун синдромы сияқты диагноз қойылған балалар көп келеді. Қарапайым балаларға қарағанда оларға салмақ салмай, белгілі нормаларды сақтаймыз. Суда шаршап, денесінің барынша қозғалуын қамтамасыз етеміз. Себебі, өз алдына жүріп-тұрмағандықтан ерекше топтағы бүлдіршіндер энергиясын басқа жерге жұмсай алмайды. Бассейнге келген баланың барлық энергиясын максималды түрде шығаруға тырысамыз. Мұның өзі баланың өзін жақсы сезініп, жақсы ұйықтауына көмек береді.
Бізде судың температурасы 33-34 градус жылы болып тұрады. Сондықтан бұлшық еттің тартылып қалуы сияқты жағдайлар болмайды. Аяқ-қол тартылу көбіне бала салқын суға кіргенде болады. Десе де, арнайы жаттығуды бастамас бұрын баланың денесін қыздырып аламыз. Ол үшін арнайы бес минуттық жаттығу жасалады. Қол, аяқты шынықтырып, мойынды жаттықтырамыз», - дейді ол.
Суға қосылатын хлор адам шашына, тырнағына, терісіне кері әсерін береді. Арнайы көзілдіріксіз жүру көзге де зиян. Айбек жұмыс уақытында өз денсаулығын қалай күтетінін айтты.
«Суда көп жүрудің денсаулыққа тигізер зияны бар. Жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүргеніме екі жарым жыл болды. Бірақ, денсаулығым әлі сыр жоқ. Себебі, өзімді барынша күтуге тырысамын. Судан шыққаннан кейін міндетті түрде крем жағып, арнайы көзілдіріксіз суға кірмеймін. Көзілдіріксіз суда жүру өте зиян. Сондықтан балалар да, жаттықтырушылар да денсаулыққа қатысты барлық ережелерді сақтаймыз.
Жүзуді тез үйренудің жалғыз жолы жаттығу, әдіс-тәсілден бұрын баланың денесін суға үйрету. Бала толығымен суда өзін еркін ұстауы маңызды. Өзін еркін ұстаған бала кез-келген әдісті тез үйренеді. Балаларға жүзуді үйретіп ғана қоймай, біз арнайы жарыстар да ұйымдастырамыз. Жарысқа 4-5 жастан жоғары балалар қатыса алады. Өзіміз кезінде өткен тәжірибені балаларға үйретеміз», - дейді ол.
Айбек спортпен 12 жасынан бері айналысып келеді. Өмірімнің әр сәті спортпен байланысты дейді ол. Бапкерлікке дейін Айбек Ұлттық құрамада болып, Қазақстанның атынан ірі жарыстарға қатысқан.
«Спорт мектебін бітіргенмін. Жоғары оқу орнында да Дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтадым. Әскерде жүргенде де спортшылар болатын құрамда болдым. Өмірімнің әр сәті спортпен тікелей байланысты десем болады.
Бұл жұмысқа дейін еліміздің атынан түрлі жарыстарға шығып тұратынмын. Жүзумен кәсіби түрде айналыстым. Бала кезден суға жақын болғандықтан оның ағзаға қаншалықты керек екенін білемін. Сондықтан ата-аналарға айтарым, балаларды бассейнге міндетті түрде әкеліңіздер. Судың зиянынан пайдасы көбірек. Арнайы диагнозы бар балаларға судағы жаттығулар көп көмек береді. Баланың шымыр дені сау болуын кішкентай кезінен қолға алған жөн», - деп қорытындылады Айбек Жәнібеков.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан