АҚШ-та докторантураға түсуге жасы жетпеген қазақстандық вундеркиндтің әкесі халықтан көмек сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Абзал Мырзаш - 16 жасында университет бітірген Қазақстандағы ең жас студент

фото: Абзал Мырзаш ата-анасымен

12 жасында университет студенті атанып, қазақстандық вундеркинд ретінде танылған Абзал Мырзаш білімін АҚШ-тағы университеттердің бірінде жалғастыруға ниетті. Алайда, докторантураға тапсыруға жасы жетпейді екен. Бұл туралы оның әкесі Дәуренбек Нысанов Facebook желісінде жазды.

Абзал Мырзаш биыл ғана IT мамандығы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетін тәмамдап, еліміздегіең жас бакалавриат атанды.

«Университетке түскен кезде еш қиындық көрмедім. Өйткені, мектепте сыныптарды аттап оқығандықтан, курстастарымның менен үлкен болғаны қалыпты жағдай болды. Олардың басым бөлігі менен 5-6 жасқа үлкен болды. Дипломға қатысты айтар болсам, оның түсі қызыл болады деген ойдамын. Себебі барлық пән бойынша жоғары балл жинадым», - дейді Абзал Мырзаш.

Жас білімпаздың ендігі мақсаты – ғылыммен тереңірек айналысу үшін оқуын АҚШ-та жалғастыру.

Дәуренбек Нысановтың сөзіне сенсек, АҚШ-та техникалық ЖОО-ны аяқтаған бакалавр иесінің бірден Ph.D докторантурасына оқуға түсуге мүмкіндігі бар екен.

«Абзал былтыр күзде TOEFL, GRE емтихандарын тапсырып, жоғары балл жинады. Сөйтіп желтоқсан айында АҚШ-тың 6 университетінің докторантурасына, яғни 14 желтоқсанда Пенсильвания университетіне, MIT, Гарвард университетіне, Принстон университетіне және 2021 жылдың 2 қаңтарында Йель университеті мен Нотр-Дам университетіне докторантураға (Ph.D компьютерлік ғылымдар докторы дәрежесіне) тегін түсуге өтініш беріп, құжаттарын тапсырды. Ол кезде Абзал 15 жаста еді. Алайда наурыз айының екінші жартысында аталған 6 университеттен де: «Биыл сіз сияқты репутациясы жоғары претенденттер өте көп болды. Сіз қабылданбадыңыз. Бізді таңдағаныңызға алғыс білдіреміз» деген хат келді. Бұл - біз үшін күтпеген жағдай болды», - деп жазды Абзал Мырзаштың әкесі Дәуренбек Нысанов.

Абзалдың докторантураға түсуге білімі жеткенімен, жасы жетпеген. АҚШ-тың барлық университетінде Ph.D докторантураға 22-23 жастан асқандарды ғана қабылдайтын болып шыққан.

НОТР-ДАМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАТУРАСЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ

Десе де, ғылым жолын таңдаған жас түлек үміт үзбей, аталған универлерге тағы да өтініш жіберген.

«Гарвардтан, Пенсилвания, Принстон университеттерінен: «Абзал, сізде бәрі жоғары деңгейде екен, бізді қызықтырдыңыз. Бірақ ақырғы шешім сол, оны өзгерте алмаймыз. Сіз әлі жассыз, бізге оқуға тусуге уақытыңыз да, мүмкіндігіңіз де бар. Сізге сәттілік тілейміз!», деген хат келді. Ал Нотр-Дам университетінен: «Сіздің жасыңыз жетпегендіктен қабылдамап едік. Конкурс өтіп кетті. Қазір бос қаржы ресурстары қалмады. Ендігі қаржы жылдың аяғында қарастырылады. Сондықтан біз сізді қабылдай алмаймыз. Бірақ сіздің мемлекетіңізден қаржы (білім гранты) бөлінетін болса, сізге магистратурада оқуды ұсынамыз, егер бәрі жақсы болса, онда 2 семестрден кейін докторантураға АҚШ-тың Ұлттық ғылым қорының қаржысына (білім грантына) тегін оқуға ауыстырамыз. Біздің тәжірибемізде магистратураның 2 семестрінен кейін докторантураға ауыстырылғандар бар. Сіз Қазақстанда ең жас студент болған екенсіз, егер бізде оқысаңыз Америкадағы ең жас магистрант боласыз» деген еді», - деп Абзалдың әкесі қуанышымен бөлісті.

Осылайша, Абзал Мырзаш Нотр-Дам университетінің «компьютер ғылымдары және инженерия» мамандығы бойынша магистратураға түсу үшін бағын сынап, универ мамандарымен онлайн түрде сұхбаттасқанын айтты.

«Сұхбат барысында көбіне өзімінің мамандығыма қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, 2020 жылы зерттеген ғылыми жобам туралы айттым. Сұхбат шамамен 25-30 минутқа созылды. Алдымен Нотр-Дам унивеситетінің киберфизика саласының профессорымен әңгімелестім. Сосын қаржы мәселесіне қатысты келісімдер жайында сөйлестік. Бір аптадан кейін менің магистартураға қабылданғаным жайында сүйінші хабар келді. Нотр-Дам унивеситетінде білімімді жалғастыру мен үшін өте маңызды», - деп бөлісті Абзал Мырзаш.

Алайда Абзал Мырзашқа АҚШ-тағы Нотр-Дам университетіндегі магистратурада (Graduate School, Department of Computer Science and Engineering, University of Notre Dame, South Bend, Indiana, USA) оқу үшін қомақты қаражат (білім гранты) керек. Дәлірек айтқанда, білім грантының бір жылдық құны 120 мың АҚШ долларын құрайды.

ВУНДЕРКИНДТІҢ АТА-АНАСЫ ҚАРАЖАТ ІЗДЕП ЖҮР

Абзалдың ата-анасы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына хабарласып, ықпал етуін сұраған екен. Алайда ондағы мамандар ережеге сай - дипломсыз ешбір өтініш қаралмайтынын айтқан. Өйткені, мемлекеттік бағдарламаның тәртібі мен талабы барлық үміткерге бірдей. Ал, Абзалдың дипломы қолына маусым айының соңында тимек. Демек, оның конкурстық іріктеуге жолданатын өтініші 2021 жылдың қазан айында бір-ақ қарастыралатын болады.

«Оқудан кешікпес үшін диплом алғанға дейін транскриптпен өтініш беріп, магистратураға қабылданған қағазды тапсыруға бола ма деген сұрағымызға мамандар дипломсыз өтініш те, құжаттар да қабылданбайтынын айтты. Оған қоса, құжаттар Egov.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданатын болғандықтан, транскрипт қабылданбайды екен. Сонда қалай болғаны? Абзал АҚШ-тағы Нотр-Дам университетінің магистратурасына дипломсыз, электрондық тіркеу арқылы транскриптпен қабылданып отыр ғой. Неге біздің елде солай жасалмайды?», - деп жазды Дәуренбек Нысанов.

Баласын биылдан қалдырмай АҚШ-қа аттандаруды көздеген Дәуренбек Мырзашұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жолдаған екен. Президент кеңсесі бұл мәселені Білім және ғылым министріне бағыттаған.

Алайда, ведомство білім беру саласындағы халықаралық келісімдерді жүзеге асыруда аталған оқу орны келісімшарттар тізімінде жоқ екенін хабарлаған.

Осылайша екі елдегі құжаттарды қабылдау жүйесі бір-біріне қарама-қайшы келгендіктен, дер кезінде қомақты қаражат табылса, Абзалдың арманы келер жылы бір ақ орындалмақ.

ҚАЗАҚСТАНДА РОБОТОТЕХНИКА  ЖАСАЙТЫН ЗАУЫТ АШУДЫ АРМАНДАЙДЫ

«Нотр-Дам Университетінің магистратурасының оқу бағдарламасы бойынша күндізгі бағдарлау (очная ориентация) 2021 жылдың 16 тамызында, ал күзгі семестр 23 тамызда басталатындықтан, Абзал биыл 1 тамызда АҚШ-тағы Нотр-Дам университетіне баруы керек. Оған дейін F-1 немесе J-1 студенттік виза алу үшін магистратурадағы оқуын төлейтін және берілетін стипендияны растайтын «қаржы сертификатын» тезірек алуы керек.

16 жасқа жаңа толған дарынды баламыз Абзал түсіп тұрған оқуына бара алмай қалса, үлкен өкініш қой. Еліміздің ғылымын көтеремін деп отырған дарынды баланың ғылымға құштарлығын қолдап, АҚШ университетінің магистратурасында оқуын қаржыландыра алатын азаматтар болса мына ұялы телефонға 8-707-292-27-20 хабарласуын сұраймын!», - делінген жазбада.

Абзал Мырзаш болашақта отандық IT саласын кеңінен дамытып, осы бағытта өндіріс ошақтарын ашуды армандайды.

«Магистратурадан кейін докторантураны оқып, содан соң бес жыл бойына постдокторантурада ғылыми жобасын жетілдіруді көздейді. АҚШ-та «профессор» мәртебесі тек постдокторантура бағдарламасын аяқтағаннан кейін беріледі. Ол осының бәрін тәмамдағаннан кейін Қазақстанға оралып, ірі университеттердің базасында киберфизика жүйесі мен жасанды интеллект бағыты бойынша ғылыми зертхана ашуды мақсат тұтады. Сонай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында робототехникалар жасап шығаратын зауыт ашуды армандайды. Мұндай дүниелер ғарыштық кеңістік, ауыл шаруашылығы мен қорғаныс саласына керек деп ойлаймын», - деп нақтылады Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысанов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан