Олар 2016 жылы Рио олимпиадасында бақ сынаған
Токио олимпиадасының басталуына бір айдан аса уақыт қалды. 2019 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Александра және Екатерина Немичтер Токио жолдамасын қоржынға салған болатын. Бүгінде әртістік жүзуден ел үздіктері дүбірлі сынға дайындалуда. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшылар алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Біздің осы спорт түрімен айналысқанымызға 15 жыл толды. Шыны керек, спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысуды мақсат қылмадық. Әйтеуір, бір спорт түрімен шұғылдансақ деген ой болды. Ал уақыт өте келе біздің арман-мақсатымыз пайда болды», - дейді олар.
Айта кетелік, апалы-сіңлілі Немичтер 2016 жылғы Рио Олимпидасында сынға түсіп, іріктеу кезеңінде 15-ші орын алды. Осылайша, финалдық кезеңге өте алған жоқ.
«Ең үздік сәттерді еске алар болсақ, 2012 жылы Грекияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын айтар едік. Сол сында біз сегізінші орын алдық. Бұл Қазақстан үшін ең жоғарғы нәтиже еді. Оған дейінгі қатысқан жастар 12-ші орын алған. Бұл эмоционалдық тұрғыдан да ең керемет жарыс болатын. Азулы командалардың алдын орап кеткенбіз. Жанкүйерлер үздік үштік қатарында болмағаны үшін бізге қолдау көрсетіп, «Неліктен Қазақстан сегізінші орында қалды» дегені есімде. Содан соң, әрине, Рио Олимпиадасы. 2016 жылғы ойындардан бізге жылы естеліктер қалды», - дейді спортшылар.
Апалы-сіңлілі Немичтер тынымсыз еңбектің арқасында осымен екінші Олимпиадаға қатысқалы отыр.
«Көңіл-күйімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алғашында қатты қуандық, кейін жеңілдей бастадық. Коронавирус пандемиясына байланысты әлемдегі ахуал тұрақсызданып кетті. «Бізде лицензияның бар болғаны қандай жақсы» деп, үнемі алаңсыз жүрдік. Іріктеу турнирлерінің кейінге шегерілгеніне немесе мүлде өтпей қалғанына уайымдаған жоқпыз», - дейді Екатерина Немич.
Қазіргі сәтті спортшылар елордада жаттығып жатыр. Олар шілде айына дейін елде дайындалып, кейін Олимпиада ойындарына жол тартады.
Еске салайық, пандемияға байланысты 2020 жылдың тамызында өтуі тиіс Токио олимпиадасы кейінге қалдырылды. 2021 жылдың басында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах биыл Олимпиада ойындары жоспарланған уақытта өтетінін мәлімдеді.
Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ биыл дүбірлі додаға бейсбол, каратэ, серфинг, құзға өрмелеу және скейдбординг секілді жаңа спорт түрлері қосылды.
Ал, қазақстандық спортшылар Токио олимпиадасында ел намысын спорттың 30 түрінен қорғауды жоспарлап отыр.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, қазақстандық спортшылардың Токио Олимпидасына (жазғы) қатысуына мемлекет тарапынан 15 млрд теңге бөлінеді.