Тамақ жеткізушілердің қызметіне былтырдан бері сұраныс артқан
2020 жылы пандемия басталғалы бүкіл әлемде тамақты жеткізу сервсиіне сұраныс еселеп артқан. Бұл қызметті пайдаланушылардың көшін америкалықтар бастап тұр. McKinsey компаниясы сарапшыларының мәліметінше, АҚШ тұрғындарының жартысынан астамы тамақты үйде істеп ішкеннен көрі, жақын маңдағы дәмханаларға тапсырыс беруді жөн көреді екен.
Қазақстанда аталған қызмет түрі 2019 жылдан бастап ірі компаниялардың келуімен танымал бола бастады. Пандемия уақытындағы карантиндік шектеулер жеткізу қызметіне деген сұранысты одан әрі жоғарылатты. Бүгінде біздің елде жастардың көбі, тіпті егде жастағы азаматтар да жеткізу қызметін тұрақты жұмысқа айналдырған.
Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы жеткізу компанияларында жұмыс істейтін бірнеше курьердің күнделікті жұмысымен танысты: дайын жеткізу қызметіне деген сұраныс, табыс көзі және тапсырыс берушілердің мәдениеті жайында сұрап білді.
«Туыстардың көңілі үшін бір жерде отырып жұмыс істегім келмейді...»
Бақытжан бір жарым жылдан бері жеткізу қызметінде тұрақты жұмыс істейді. Жоғары білімі бар маман курьерлік жұмыс жалғыз таңдауы болғанын айтады. Ол жеткізу қызметін еліміздегі ыңғайлы әрі табысы жақсы жалғыз жұмыс деп санайды. Бірінші кезекте уақыт еркіндігі мен жайлылығы қызықтырыпты.
«Жеткізу қызметінде жүргеніме бір жарым жылдан асты. Негізі Тараз қаласының тумасымын. Астанада жүргеніме 5 жыл болды. Радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын бітіргенмін. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс істемеймін деп шештім. Біріншіден, бізде жұмыс орындары өте аз. Екіншіден, менің жұмысқа деген көзқарасым өзгеше. Жұмысты тек табыс көзі деп санамаймын. Туыстардың арасында мақтанып айту үшін ғана таңнан кешке дейін бір жерде байланып жұмыс істегім келмейді. Мен үшін жұмыс ыңғайлы және жайлы болуы керек. Бастысы, істеген ісің сені физикалық, моральдық жағынан қинамауы керек.
Мен үшін жеткізу қызметінде жұмыс істеу жалғыз таңдау болды. Басқа, қолайлы жұмыс таба алмадым. Себебі, бізде ыңғайлы еркін жұмыс істеу тәртібімен жоғарғы табыс табу жолдары жоқтың қасы. Болса да оған кез-келген адам кіре алмайды», - дейді Бақытжан.
Курьерлердің жұмыс кестесі өздеріне ыңғайлы уақытқа бекітіледі. Олардың әр сағаты мен жүрген километрі есептеліп, екі апта сайын айлық төленіп отырады.
«Бізге күніне жұмыс істеуге 10 сағат беріледі. Он сағатты өзіміз қалаған уақытта алсақ болады. Менің жұмысым таңғы 10-да басталады. Түскі уақытта демалып, кешке қарай қайта жалғастырамын. Әр сағатқа орта есеппен 1000 теңге төленеді. Күніне жоқ дегенде 10-15 тапсырыс жеткіземін.
Әр сағаттағы табыс әр түрлі. Мысалы, таңертеңгі 10-11 аралығында тек бір ғана тапсырыс болуы мүмкін. Ал, түстен кейін бір сағатта үш немесе төрт тапсырыс шықса, мың теңгеден көп ақша табуға болады. Осылайша, он сағатта шамамен 10 мың теңгеден астам табыс шығады. Біз арнайы қосымша арқылы жұмыс істейміз. Қазақстанға келгелі біздің компаниянаның айлық есептеу жүйесі өзгерген жоқ. Әрбір киломертрге 110 теңге төленеді және 350 теңге жеткізуге тағы қосылады. Айлық екі аптада бір рет шотымызға түсіп тұрады», - дейді ол.
Карантин уақытында жұрт ойлағандай көп ақша тапқан жоқпыз...
Бақытжан карантин уақытында тапсырыс берушілер мен курьер болғысы келетіндердің көбейгенін айтады. Бірақ, пандемия кезінде олардың табысы айтарлықтай өспеген. Уақыттың көбі тамақтың дайындалуын күтуге және жолға кетеді екен. Оның үстіне, көлік мәселесі айтарлықтай қиындық тудырады.
«Карантин уақытында тапсырыс көп болғаны соншалық, көбі дәмхана сыртында тұрып тапсырыс беретін. Тапсырысты алып, көлік тұрағына ғана апаратын кездер болды. Десе де, карантин уақытында біздің тапқан табысымыз кейбір адамдар ойлағандай көп болды деп айта алмаймын. Себебі, тапсырыстың дайындалуын күтеміз, оны апарғанша бірнеше сағатымыз кетіп қалатын. Бір күнде ары кетсе 15 мың теңге тауып жүрдім.
Тапсырысты электросомокатпен тасимын. Көлігі барлар көлікпен, көлігі жоқтар мен сияқты самокат немесе велосипедпен жүреді. Жаяу жүргендерге жауын-шашын мен қыс мезгілі қиындық тудырады. Қыста автобуспен жүреміз. Мекен-жай жақын болса, жаяу апарамыз. Бұл жұмыспен өзімнің жеке кәсібімді ашқанға дейін айналысамын деп жоспарлап отырмын. Кәсібімді бастасам көшеде жүру қажет болмайды», - дейді курьер.
Жақында, Алматыда дайын жеткізу қызметі өкілдері айлықтарын 30-70 пайызға қысқартқан жаңа жүйенің жұмысына наразылық білдірген болатын. Аталған оқиғаға пікір білдірген Бақытжан бұл оқиғаны компания менеджерлерінің ойланбастан шешім қабылдауынан болғанын айтады.
«Алматыдағы оқиға менеджерлердің ойланбай шешім қабылдауынан болды. Олар әрбір километрге төленетін төлемді жойды. Менеджерлер бұл шешімді тапсырысты көлікпен таситындар мен жаяу апаратындар 1 километрге бірдей ақша алады деп түсіндірді. Алыс болсын, жақын болсын бір ғана төлем төлену керек деп шешім шығарды. Бірақ, бұл әділетсіз деп ойлаймын. Көлікпен жүретіндердің де өз шығыны бар. Жанармай құяды, кептелісте тұрады, оның үстіне, жолда түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сол себепті, жан-жақты қарау керек еді.
Тағы бір айтқым келетіні, көшеде көп адам бізді тоқтатып, қанша ақша табатынымызды сұрайды. Біз басқа адамдар сияқты сегіз сағаттық жұмыс істесек, біздің табысымыз әлдеқайда аз болар еді. Себебі, бізге еңбек демалысы, медициналық сақтандыру, премия, мерекелік демалыстар қарастырылмаған. Демалыссыз айна 30 күн жұмыс істейміз. Демалсақ, табысымыз азайып қалады. Сонықтан көпшілік біздің жұмысты оңай ақша табатын жер деп ойламаса екен деймін», - дейді Бақытжан.
«Бізді тапсырыспен бірге сатып алғандай дөрекілік танытатындар бар...»
Ал, Нұрбек есімді курьер жеткізу қызметіне келгеніне көп болмаса да, тапсырыс берушілер тарапынан дөрекілік танытатындарды жиі кездестіретінін айтты. Тапсырыс берушілермен қатар тапсырысты дайындайтын кейбір мейрамхана өкілдері де олардың жұмысына немқұрайлы қарайды екен.
«Негізгі тапсырыстың 80 пайызы тағамдарды құрайды. Тамақтан бөлек азық-түлік, киім-кешек апарумен айналысамын. Өзімнің көлігім бар. Бізге күніне 10 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Себебі, қазір жол апаты мен оқыс оқиғалар көп. Сондықтан барынша сақтық шараларын ұстанамыз.
Жұмыста түрлі жағдайлар болады. Бірі бізге түсінікпен қараса, енді бірі шыдамсыздық танытады. Әр адам әртүрлі. Барлығы бірдей деп көпке топырақ шашқандай болмайын, бірақ сөйлеу мәдениеті төмен адамдар өте көп. Өзінің берген тапсырысымен қоса бізді де сатып алған адам сияқты дөрекілік көрсететіндер бар. Ондай кезде мәселені байыппен шешуге тырысамын. Себебі, біз үшін тапсырыс берушінің разылығы маңызды. Қарапайым адамардан бөлек, кейбір мейрамхана өкілдерінің де жеткізушілерге деген қарым-қатынасы төмен. Бізді менсінбей, тапсырысты ұзақ күттіріп қоятындар бар. Кей кездерде бір-екі сағат күтуге тура келеді. Ал, тапсырыс кешіксе, үйінде тамағын күтіп отырған адамдар ашуланады. Сондықтан мейрамхана өкілдері бізге барынша жауапкершілікпен қараса екен деймін», - деді Нұрбек.
Ол, жеткізу қызметіндегілерге күн сайын төнетін қауіптің көп екенін айтып, оңай ақша тауып жүрсіңдер деп сөгетіндерге де пікірін білдірді.
«Қазір көбі курьерлерді, жалпы жеткізу қызметінде жүрген жігіттерді жай жүріп, көп табыс табады, жұлдыз болған деп жатады. Ондай әңгімелерді жиі естіп тұрамыз. Десе де, жеткізу қызметінде жұмыс істейтін әрбір адамға төнетін қауіп аз емес. Олар көбіне жаяу немесе самокатпен жүреді. Оның үстіне Шымкент, Алматы сияқты үлкен қалаларда жол ережесін білмейтіндер жетіп артылады. Соғып кету жағдайы көп болады. Тәуекел етіп, күні бойы көшеде жүретін олардың айлығын 30-70 пайыз кесіп, оның үстіне жұмысына құрметсіздік көрсету өте ұят деп ойлаймын. Олар адал еңбекпен күнін көріп жүрген жандар. Сондықтан курьерлердің жұмысы барынша әділ бағалануы керек деп ойлаймын», - деді Нұрбек Серік.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан