АҚШ хоккей клубында бас бапкер болған тұңғыш қазақстандық әйелмен сұхбат
Бұлбұл Қартанбай әйелдер хоккейіне арналған халықаралық академия ашқалы жатыр
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - қазақстандық әйелдер арасында алғашқы болып NHL-де өнер көрсеткен, АҚШ хоккей клубының бас жаттықтырушысы, ұлттық әйелдер хоккей лигасында ойнаған алғашқы қазақ ойыншысы Бұлбұл Қартанбай.
Қазақстандық спортшы қазір кәсіби хоккейші әйелдер қауымдастығының және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, сондай-ақ, жуырда ғана ол Қазақстанның 100 жаңа есіміне кірді. Azattyq Rýhy тілшісі Бұлбұлмен кездесіп, Қазақстанда халықаралық хоккей академиясын құру, елдегі қыздар спорты және АҚШ-тағы жұмысы жайында әңгімелесті.
СПОРТҚА 7 ЖАСЫНАН КЕЛГЕН
- Мен Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты (Жамбыл облысы - авт.) Көгершін ауылында дүниеге келдім. Спортқа бала күнімнен бастап қызықтым. 7 жасымда боксқа жазылдым, себебі, Көгершінде қыздарға арналған секция жоқ еді. Содан әжеме: «Мен спорт залға барамын» деп рұқсат сұрап алдым. Әжем маған бал қосылған ыстық сүт ішкізіп, бауырыммен бірге жаттығу залына жіберетін. Қысқа ғана шашым бар, спорт-киімін киіп алып, мәз болып кететінмін. Осылайша екі ай жүрдім. Екі айдан соң ауылға ауданнан жаттықтырушылар келіп, 7 жастағы мені ұл екен деп ойлап, өздерімен бірге алып кетпекші болған. Бірақ жаттықтырушыларым әжемнің мені ешқайда жібермейтінін және алдында тұрған ұл емес, қыз бала екенін айтты. Бокстан кейін 2-сыныпта күреске қатыстым. Ол кезде де ер балалармен бір деңгейде жаттығатын едім. Содан ата-анам күрестен «аяғың қисық болады, құлағың сынып, қисық бітеді» деп алып кетті. Әкем өзі бокспен айналысады, атам КСРО-ның еңбек сіңірген чемпионы. Нағашыларым жақта спортшылар жоқ. Мен 12 жасқа толған кезде отбасымызбен Алматыға көшіп келдік, онда мен әуесқой футболға қатыстым. Мақсатым кәсіби спортпен айналысу еді, бірақ сабақ пен спортты қатар алып жүру қиын болды. Сосын оқу мен спортты бірге алып жүруге болатын спорт интернатына бардым. Бірақ ол жерде әйелдер футболы жоқ, тек хоккей бар болып шықты. Маған жаттықтырушылар «байқап көр» деді. Ролик тебе алатындықтан, коньки тебуді бірден алып кеттім. Жаттықтырушыларыма да, өзіме де ұнады. Осылайша мен хоккей спортында қалдым. Ерлерге арналған спорт түрі болса да, сабақ пен жаттығуымды қатар алып жүрдім.
Бес жыл мектеп командасында ойнадым, Универсиадаға қатыстым, 18 жасымда ұлттық құрамаға шақырылдым. Кейін адам көп болған соң, құрамадан 5 адамды қайтарып жіберді. Осы кезде 2 жыл регбимен айналыстым. Жаттықтырушылар «бұрынғы спортшы деген болмайды» деп регби ойнауға алып кетіп, ұлттық құрамаға дайындай бастады. Бірақ осы уақытта астанада «Томирис» хоккей клубы ашылып жатқан еді. Мен еш ойланбастан елордаға ұшып келдім. Команда мені капитан етіп таңдады, 5 жыл бойы сол жерде ойнадым. Қазір халықаралық дәрежеде спорт шеберімін.
АҚШ ХОККЕЙ КЛУБЫНА ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?
- Америкаға бару туралы арман алғаш 16 жасымда - Словакияға әлем чемпионатына барған кезде пайда болды. Сол кезден бастап шетелдік команда сапында ойнау туралы арагідік ойлап тұратынмын.
2017 жылы мені жаттықтырушы Сэми Джо Смоу байқап қалып, ағылшын тілін білетіндіктен, біз жақсы сөйлесіп кеттік. Ол маған: «Бізбен бірге барғың келе ме?» деді. Мен барғым келетінін, бірақ агентімнің, оны жалдайтын ақшамның жоқтығын айттым. Ол өтініш жазуымды сұрап, қалғаны өзіме байланысты екенін жеткізді. Сосын Канадада Calgary Coyote командасына қосылдым. Алғашында жат елде ойнау қорқынышты болды, бірақ артқа шегінбеуім қажет екенін түсіндім. Шетел деп келген соң өзіңнің ғана емес, еліңнің намысын қорғау керексің. NHL-ге қосылу басты мақсатым болды. Канада арқылы Америкаға бардым, 2019 жылы жазымды Минессоттада өткіздім. Кейіннен Нью-Йорк, Нью-Джерси командаларының іріктеуінен өттім. 16 тамыз күні маған екі команда хабарласып, келісімшарт ұсынды. Қуанышымда шек болмады, осылайша Нью-Джерсиде қалдым.
АҚШ пен Қазақстан хоккейіндегі айырмашылық - тек ойында ғана. Себебі олардыкі біздікіне қарағанда агрессив, жылдамырақ. Біз мұнда қарсыласқа қалай шабуыл жасаймыз, қай жақтан жүгіруге болады дегенді ойласақ, олар да «Ал да, қақпаға қарай жүгір. Сонда кездесеміз» дейді. Бізге қарағанда шыдамды, энергиясы көп. Мен алғаш барғанда барынша олармен тең ойнауға, сондай-ақ қанша спортпен айналыссам да, әйелге тән табиғатымды жоғалтпай, әдемі киініп, әдемі болуға тырыстым.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР СПОРТЫ ТУРАЛЫ
- Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың маған сенім артып, әйелдер спортының елшісі етіп тағайындағанына алғысым шексіз! Әлемнің біраз елін аралап, туған жерге оралдым. Мұнда жас спортшыларға тәжірибелі мамандардың көмегі қажет екенін көріп тұрмын, сол себепті, кем дегенде әйелдер хоккейін дамытуды қолға аламын. Ары қарай мүмкіндік болып жатса, көреміз. Спорттың қай саласында болсын Қазақстанның атын шығаратын қыздар керек. Дәл қазір әйелдер хоккейіне арналған халықаралық академия ашумен айналысып жатырмын. Осы іспен барынша жан-жақты айналысқым келеді, себебі, концепцияны, аталған саланың бүкіл қыр-сырын жетік білемін. Кәсіби спортшы ретінде жаттығуһыма, шәкірт тәрбиелеу мен әлемдік чемпионатқа қатысуға қарсы емеспін. Қазір Финляндия, Канада, АҚШ академияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Қазақстандағы хоккей академиясының тәуелсіз болғанын қалаймын. 3-4 жылдан соң біз ойыншыларды дәл сондай жатын орны, тамақтануы мен жаттығу деңгейін қамтамасыз етіп, шетелге жібереміз деп ойлаймын. Осы кезде біз бәріне Қазақстандағы кәсіби хоккей деңгейін көрсете аламыз. Біздегі спортта маркетинг жағы дамымаған, қазір қазақстандықтардың 5% ғана бізде ұлттық құрама бар екенінен хабардар.
Болашақта жас спортшы қыздарға көмектескім келеді және ашылып жатқан хоккей-шайба академиясы халықаралық дәрежеге жетіп, мұздағы ғана ойын емес, хоккейлі-ролик болса деймін. Өткен жылы жаз қысқы маусым аяқталып, локдаун басталды. Осы кезде мен қыз-жігіттермен шығып, хоккейді роликте ойнай бастадым. Онда арнайы формасыз ролик, қолғаппен ойнап жүріп, жерге бетпен құлап, тісімді түсіріп алдым. Осы оқиға өмір бойы есімде қалатын болды. Хоккейлі роликті жазда ойнау практикасын қолдану қызық. Барлығы біздің қолымызда және мен әрдайым қыздар спортын дамытуға барымды салатын боламын. «Қыздар спортынан пайда жоқ» деу сетротип екенін және осы жолды жүріп өткендіктен бізге тек қолдау болғанда ғана нәтиже шығатынын білемін. Әйелдер спортына бюджет пен маркетинг көбірек бөлініп, мен сияқты жас спортшыларға қолдау көрсетілсе, біз де ел үмітін ақтауға тырысамыз!
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан