$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.05.2021, 17:07
Кейіпкер

Майор, подполковник, аға сержант – елордалық бір әулетте ішкі істер органдарының бес өкілі бар

Кинолог-полицеймен сұхбат

 

Майор, подполковник, аға сержант – елордалық бір әулетте ішкі істер органдарының бес өкілі бар

Бір отбасында 5 адам полицей қызметін таңдап, Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Бұл – елордалық Құлбаевтар отбасы. Майор, подполковник, аға сержант – бір әулетте ішкі істер органдарының түрлі шенділері бас қосқан.

Azattyq Rýhy тілшісіне Отан қорғаушылар күні мерекесінде Құлбаевтар әулетінен шыққан Айгүл Мұсаханқызы сұхбат берді. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Кинология орталығының инспектор-кинолог лауазымды қызметін атқаратын ол екі баланың анасы. Ал жолдасы Қуат Айтжанов 25 жылдық еңбек өтілімен былтыр зейнетке шығыпты.

«Жасым 43-те. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылында дүниеге келдім. Қазір елордада ішкі істер органдарында қызмет атқарамын. Жолдасым Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде жұмыс істеп, былтыр аға сержант шенінде зейнетке шықты. Ұлым төртінші сыныпта оқиды. Ал қызым студент», - деп таныстырды отбасысын Айгүл Құлбаева.

«ӘУЛЕТІМІЗДЕ ПОЛИЦИЯ ОРГАДАРЫН ТАҢДАҒАН БЕС АДАМ БАР»

Полицияда қызмет атқару – Айгүлдің бала күнгі арманы. Туған әпкесі екеуінің әскери форма киіп, сап түзеп, пәрмен беріп ойнаған балалық шақтағы арман-қиялы өсе келе шындыққа айналған.

«Өзімнен үш жас үлкен әпкем Гүлайым Полиция департаментінде 25 жыл қызмет істеп, ол да былтыр зейнетке шықты. Інім Махамбет 1995 жылы Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы училищеге оқуға түсті. Міне, сол жылдан бері әскери салада қызмет атқарып келеді. Келінім Махигүл екеуі қазір Қорғаныс министрлігінде жұмыс істеп жүр. Мен майормын, әпкем де майор шенімен зейнетке шықты. Ал жолдасым - аға сержант, өмір бойы полиция саласында қызмет атқарды. Туған інім–  подполковник, келінім – майор», - дейді Айгүл.

ҚЫЗМЕТТІҢ ҚИЫНЫ МЕН ҚЫЗЫҚТАРЫ

Әйел заты болғаннан кейін, тәртіп пен шымырлықты, шыдамдылықты қажет ететін бұл сала Айгүлге оңай тимепті. Алайда, ол қанша рет таңдау бола да, полицей болудан бас тартпас едім дейді.

«Өзім бала кезімнен армандап таңдағаннан кейін бұл саланың қиындықтары еш білінбеді. Түнгі 1-2-ге дейін жұмыс істейтін кездер болды. Бұл, әсіресе, балалы әйелдер үшін қиынға соғатын тұсы. Алайда, «әйел қырық шырақты». Балаға да, ас үйге де, қызметке де үлгересің. Әкем бала кезімнен спортқа үйір етіп өсіргендіктен, физикалық жағынан қиын болмады.

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығында 9 жыл бойы жасөспірімдермен жұмыс істедім. Мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінде 11 жыл қызмет атқардым. Осы 20 жылдық қызметімде жабық мекемелерде жұмыс істегеннен кейін, басқа қаланы және басқа саланы таңдағым келді. Сөйтіп, былтыр осы кинологияға келдім. Ит – жеті қазынаның бірі. Олармен жұмыс істеген қызық. Шаршағаның басылады, жалықпайсың. Олар бір-біріне ұқсамайды», - деп, Айгүл кинология саласының қызықтарымен бөлісті.

ОТБАСЫНДА ҚАТАҢ ӘСКЕРИ ТӘРТІП САҚТАЛА МА?

Айгүлдің үлкені қызы студент, педагогикалық саланы таңдаған. Ал ұлының болашақта алысқа кетпей, әскери салада болғанын армандайды.

«Отбасымызда қатаң әскери тәртіп деген жоқ. Тек ұлыма «ұшқыш болуға қалай қарайсың» деп айтып, құлағына бұл мамандықтың артықшылығын құйып отыратынымыз бар. Қызым ән сабағының болашақ ұстазы, ал ұлымның әскери саланы таңдағанын қалаймын», - деді кейіпкеріміз.

Әулетінің әскери династияға айналғанын қалайтын армандайтын Айгүл мереке күні өз тілегін айтты.

«Ішкі істер органдарын таңдағаныма мақтанбасам, өкінбеймін. Әулетіміздің үлкен династияға айналғанын қалаймын. Ұлымды әскер қатарына қосып, осы салада көргім келеді. Отанына адал қызмет ететін азамат болып өседі деп үміттеніп отырмын.

Бүгін мереке күні барша қазақстандықтарға, әрбір отбасына тілейтінім: береке, бірлік, ынтымақ, бақыт. Ашық аспан астында өмір сүрейік, еліміз дамып, көркейе берсін!» - деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз Айгүл Құлбаева.

Сұхбаттасқан: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары