Алматыда өкпесі 100% зақымданған әйел аман қалды
Майра Құспанова коронавирустан бір ай бойы емделді
Алматылық дәрігерлер өкпесі толықтай істен шыққан науқасты тірілтіп алды. Статистика маман Майра Құспанова өмірге екінші рет келдім деп есептейді. Ол өзінің туған күні қарсаңында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан аман-есен сауығып шықты. Мұнда ол тура бір ай коронавирустан емделді.
«1 сәуірде Майра Құспанова өкпенің 100 пайыз зақымдануымен ауруханаға ауыр халде түскен. Дәрігерлер екі апта бойы жансақтау бөлімінде оның өмірі күресіп, о дүниеден қайтарды деп айтуға келеді. Ол өкпені жасанды желдету аппараты мен Higt Flow-да бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн жатты», - деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Жасанды тыныс алу аппаратында жатқан науқас о дүниені «көргенін» де айтты. Ол індетке сенбейтін азаматтарды өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндірмеуге шақырды.
«Тыныс алу аппаратында өз-өзіме келе алмай жатқанда о дүниені көрдім десем болады. Дәрігерлерге мың алғыс. Гүлнара Бердалина, Гүлмира Тойбаева, Жанат Абдымолдаева, Бақтияр Бекішев, Айдан Нұрлыбек, барлығына екінші өмір сыйлағаны үшін көп рақмет... Әлі де коронавирустың барына сенбейтінге вакцина алып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», - деді Майра Құспанова.
Бүгін аурухана қызметкерлері дәлізде тізіліп тұрып, Майра Құспанованы үйіне шығарып салды. Әрі оны туған күнімен құттықтады. Қорғаныс костюмінен олардың жүзінде қандай қуаныш сезімі болғаны көрінбейді.
«Науқастың сауығуы түрлі дәрігердің уақытылы көмегі, командалық жұмыс пен науқастың емделуге деген пейілінің нәтижесі. Ең бастысы - реаниматологтардың арқасы. Олар адамдарды тірілтіп қана қоймай, кейін де бақылауда ұстап, көмек көрсетеді», - деді дәрігер Гүлмира Тойбаева.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы