Астанада ер адам бұталардың арасына тығылып, ұятсыз әрекет жасаған (ВИДЕО)

Оқиға Қорғалжын тасжолы мен Тұран даңғылының қиылысында болған

Астанада ер адам бұталардың арасына тығылып, ұятсыз әрекет жасаған (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астана қаласында ер адам көше бойындағы бұталардың арасына жасырынып, ұятсыз әрекет жасаған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған мәліметке сүйенсек, оқиға Қорғалжын тасжолы мен Тұран даңғылының қиылысында болған.

Видео авторының айтуынша, ер адам бұталардың арасына тығылып, өтіп бара жатқан әйелдер мен балалардың көзінше ұятсыз әрекет жасаған. Әрі оларды өзіне шақырған көрінеді.

«Қала тұрғындарын, әсіресе ата-аналарды ескерткім келеді. Балалар мен қыздардың қауіпсіздігі үшін мына жағдайға назар аудару қажет», – дейді видео авторы.

Агенттік тілшісі оқиғаға қатысты Астана қаласының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады.

«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және аталған азаматтың жеке басын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесінде азаматтың әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі», – делінген ПД хабарламасында.