$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.04.2021, 12:13
Кейіпкер

«Головкин, Роналду, Илон Маск»: алматылық оқушы Рубик кубигінен ерекше портреттер жасайды

Тимур Омаровтың жасы небәрі 12-де

«Головкин, Роналду, Илон Маск»: алматылық оқушы Рубик кубигінен ерекше портреттер жасайды

Құммен, кофемен, тіпті сұйық маймен сурет салып, керемет кескіндерді бейнелейтін суретшілерді көріп жүрміз. Тіпті, қазір мұндай өнермен біреуді таң қалдыру қиын. Ал, сіздің кәдімгі Рубик кубигінен портрет жасайтын өнерпаз туралы естуіңіз бар ма? Алматылық оқушы Тимур Омаров Рубик кубиктерін санаулы секундта шашып-жинап қана қоймай, одан танымал адамдардың кескінін жасап шығарады. Оның галереясынан Геннадий Головкиннің, Димаш Құдайберген мен Криштиану Роналдудың, Илон Масктың және өзге де көптеген танымал тұлғалардың портретін табуға болады.

Тимур Алматы қаласындағы №78 мектеп-гимназиясында жетінші оқушысы. Оның бейнелеу өнеріне қызығушылығы кішкентай кезінен біліне бастаған. Ал, осыдан бес жыл бұрын Тимурдың Рубик кубигіне деген қызығушылығы кенет оянып, ол интернет арқылы кубиктермен портрет жасауды үйрене бастапты. Қазір бұл өнер хоббиіне айналған.

«Рубик кубиктерін құрастыруды осыдан бес жыл бұрын үйрендім. Үйде ойыншықтардың арасында үнемі бір кубик жататын, оның түстерін бірдей етіп жинауға кенет қызығушылығым оянды. Сосын Youtube видеопорталына кіріп, Рубик кубигін жылдам құрастыру жөнінде көптеген видео мен нұсқаулық қарап шықтым. Соның арқасында аз уақыттың ішінде үйреніп алдым. Бір күні интернетте отырып, украиндық жігіттің Рубик кубигінен портрет жасағанын көріп, қатты қызыққаным есімде. Сол күннен бастап мен де кубиктерден портрет жасаймын деп шештім. Көп кубик сатып алдым. Уақытымның көбі соларды құрастырумен өте берді. Содан ең бірінші жасаған портретім – анамның бейнесі болды. Әлі күнге дейін ол портрет мен үшін ең бағалы еңбектерімнің бірі болып қалады. Сол жұмысымнан кейін маған ұсыныс тастайтындар көбейді. Жасаған еңбектерімді сосын Instagram әлеуметтік желісіне сала бастадым», - дейді Тимур.

Өзінің айтуынша, туындыларын әлеуметтік желіге салғанына көп болмаса да, жылы лебізін білдіріп, түрлі ұсыныс тастайтын оқырмандарының саны күннен-күнге арта бастаған. Оның Instagram әлеуметтік желісінде және Youtube видеопорталында өз каналы бар. Тимур өте қарапайым. Оның бойында осындай өнердің барын мектептегі ұстаздары мен сыныптастары осы жақында ғана естіп біліпті.

«Олар (сыныптастары мен мұғалімдері – авт.) салған портреттерімді көріп, қатты таң қалған еді. Қазір онлайн оқу болғандықтан маған сынып жетекшім мен сыныптастарым телефон арқылы жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тілеп жатады. Кубиктен портрет жасайтыным болмаса мектепте ерекше балалардың қатарынан емеспін. Барлығы сияқты сабақ оқып, орташа баға алып жүрген қарапайым оқушымын. Портрет жасау менің хоббиім, ол сабақтан кейінгі екінші орында тұрады. Ең бірінші сабағыма ден қоямын, үй жұмысын орындаймын. Содан кейін ғана кубиктеріммен отырамын», - дейді ол.

Тимурдың айтуынша, кубиктің бір қырын жинауға оның 10-14 секунд уақыты кетеді екен. Ал, портретті толық жасап шығуға 2 сағаттай уақыт керек. Бір портретті жасауға шамамен 500 кубик жұмсалады екен.

«Кімнің портретін жасайтынымды әлеуметтік желідегі оқырмандарымның ұсыныстарынан кейін шешемін. Белгілі тұлғанын фотосуретін алдымен толығымен зерттеп, қандай түстің қай жерде тұру керектігін қарап аламын. Портреттің көлеміне қарай кубиктің саны да көбейе береді. 500 кубиктен тұратын портретті жасау үшін маған екі сағат жеткілікті. Ал, көлемі кішкентай суреттер мен логотиптерді одан да аз уақытта жинаймын», - дейді Тимур.

Ол бойындағы өнерден ақша табуды әзірге көздемейді. Десе де, түрлі компаниялар мен жеке адамдардан ақылы негізде ұсыныстар түсіп тұрады екен. Бос уақыты болған жағдайда олармен жұмыс істеседі.

«Бұл менің бос уақытымда айналысатын ісім болғандықтан нақты мынанша табыс табамын деп айта алмаймын. Бірақ, қазіргі уақытта түрлі компаниялардан логотип жасап беруге ұсыныстар көп түседі. Сондай-ақ, туған күні болатын адамдарды құттықтап достары, туыстары тапсырыс беріп жатады. Ақысына жасап беремін. Мәселен, жуырда бір жігіт сүйіктісінің портретін жасатты. Жасау сәтін видеокамераға түсіріп, видеоны музыкамен сүйемелдеп, ролик жасап бердім. Бұл жұмысым туған күн иесіне өте қатты ұнапты. Алғысын жаудырып жатты», - дейді талантты оқушы.

Тимур осы уақытқа дейін Димаш Құдайберген, Иманбек, Скриптонит сияқты өнер жұлдыздарының портретін құрастырған. Оның жасаған туындыларына жұлдыздар әлеуметтік желіде жауап беріп, өз прақшасында бөлісіп, өнеріне мақтау көп айтады екен. Ең бастысы танымал тұлғалармен кері байланыс бар дейді ол.

Алматылық жеткіншек болашағын өнермен емес, IT мамандығымен байланыстырады. Ол компьютерлік бағдарламалар жасап, осы саланың білікті маманы болғысы келеді. Сол үшін қазір IT-курсына барып, қосымша білім алып жүр.

«Салған портреттерімнің иелері жиі хабарласып, жұмысыма ризашылығын білдіріп тұрады. Иманбек Зейкенов жұмысымды көріп, рахметін айттып пікір білдірді. Одан бөлек Димаш Құдайбергеннің анасы да әлеуметтік желі арқылы жылы лебізін жіберіп, өз парақшасында жазба қалдырды. Басқа да блогерлер мен танымал тұлғалар салған портреттерімді жоғары бағалап, мақтап жатады. Ол кісілердің ризашылығын естіп, өзіме үлкен мотивация аламын.

Кубиктен бос уақытым артылып жатса, көп балалар сияқты смартфонда отырғанды, Playstation ойнағанды ұнатамын. Әлеуметтік желілерде болып жатқан жаңалықтарды оқып, трендтен қалмауға тырысамын. Сондай-ақ, футбол ойнағанды жақсы көремін. Ағылшын тілі курстары мен күреске барамын. Болашақта программист болғым келеді. Қазір осы бағытта өзімді дамытып жатырмын», - дейді оқушы.

Тимур кубиктерден портрет салғысы келетіндерге ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Ең бірінші үлкен сабыр керек екенін түсіндім. Себебі, кубикті құрастыру барысында бір комбинация дұрыс келгенше бірнеше рет қайталауға тура келеді. Портретті құрау үшін үлкен логика да қажет. Асықпай, барлық қырын суретке сәйкес келетіндей жинап шығасың. Бұл кейін сенің өмірде де сабырлы болуыңа және тез қимылдауға септігін тигізеді», - дейді Тимур.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан
Фотосуреттер Тимур Омаровтың отбасылық альбомынан

Серіктес жаңалықтары