ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Тележүргізуші Марина Сахарова қазақ тілін білмейтін шенділерді сынға алды

Танымал тележүргізуші «Қазақ тілін білмейтін шенділер үшін ұяламын» деп жазба қалдырды

фото: instagram.com/marinaa_sakharova/

Отандық тележүргізуші Марина Сахарова қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмайтын шенеуніктерді сынға алды. Бұл туралы тележүргізуші Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

Автор «Шенділер үшін ұяламын» деп жазба қалдырып, мемлекеттік қызметкерлердің халық алдында қазақ тілінде есеп беру керектігін алға тартқан.

«Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толды. Алайда, осы уақыт ішінде мемлекеттік қызметшілердің мемлекет тілінде сөйлемеуі қыңжылтады. 30 жылда 30 сөзді мүдірмей айтуды үйренбеген, мемлекеттің тіліне немқұрайлы қараған басшылар ел алдына шығып, қазақша сөйлеуге неге ынталы емес? «Алдыңғы арба қалай жүрсе, артқы арба солай жүреді». Елдің арасынан суырылып шыққан, жұрттың мұң-мұқтажын ескеретін билік басындағы ел ағалары қазақша есеп берсе, бұл әрине барлығымызға үлгі болар еді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген адам ұлтына қарамастан, қазақ тілін білуі, насихаттауы тиіс. Бұл дарқан пейілді қазақ халқына деген адалдығымыз болмақ», - дейді Марина Сахарова.