$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2020, 10:44
Кейіпкер

20 жасында әлемдік мобильдік қосымша негізін қалаған қазақстандықпен сұхбат

Алматылық Еркежан Жолдасова 166 елге арналған платформа құрған

20 жасында әлемдік мобильдік қосымша негізін қалаған қазақстандықпен сұхбат
Еркежан Жолдасова

Бүгінгі кейіпкеріміз – Еркежан Жолдасова небәрі 20 жасында алға қойған мақсатқа тезірек жетуге көмектесетін мобильдік қосымша ойлап тапқан. Платформа мақсатқа жетудің дағдыларын үйренуге, қойған жоспарға дұрыс жетуге көмек береді. Өткен жылы ғана пайдалануға берілген 24Goals платформасын қолданатындардың саны өте көп. Әлемнің 166 еліне арналған желі жүктелуі жағынан ірі қосымшаларды басып озып, чарттардың арасында сегізінші орынға тұрақтаған.

Azattyq Ruhy тілшісі алматылық Еркежаннан қосымшаны қалай жасап шыққанын және шетелде білім алып, жұмысқа орналасу үшін қажет негізгі алғышарттар жайында сұрап білді.

«Менің аты-жөнім Еркежан Жолдасова, жасым 21-де. Алматы қаласының тумасымын. Негізгі мамандығым - компьютерлік ойындар құрастырушы. Өз басым әр ісімді жоспарлап, белгілі бағытпен жүруге үйренгенмін. Алдыма мақсат қойсам, соған жетпейінше тағат таппаймын. Шетелде білім алып жүргенде ойыма бірнеше тілде қызмет көрсететін платформа құру идеясы келді. Көп ұзамай 20 жасымда 166 елге арналған өмірлік тепе-теңдікті, психикалық жағдайды және визуалды мотивацияны сақтай отырып, қойған мақсатқа неғұрлым тиімді және жақсырақ жетуге көмектесетін мобильді қосымшаны жарыққа шығардым. Себебі, біз демалып немесе ұйықтап жатсақ та, мақсатқа жету жолында жұмыс істей беруге болады. Қосымшада бір айда жасалу керек жоспарыңыз бен мақсатыңызды белгілей аласыз. Сол арқылы мобильдік желі оның орындалуын қадағалап отырады», - дейді Еркежан.

Аталған платформа ағылшын және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді. Жобаны әзірлеуге шамамен 6-7 ай көлемінде уақыт кеткен.

«Жобаны әзірлеуге шамамен 3 ай, ал техникалық және сандық дайындыққа екі айдай уақыт жұмсадық. Қосымша қалтадағы тұрақты көмекші ғана емес, құнды шеберлікке ие болудың ресурсы болып саналады. 24Goals - көптеген ағылшынтілді бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметі бойынша соңғы жылдардағы ең тиімді және серпінді бағдарлама қатарына кірді. Шығарылымнан кейін бірнеше күн ішінде жүктелу көрсеткіші 12,500-ден асып, алпауыт чарттардың арасында 8-ші орынға ие болды», - дейді ол.

Еркежан кішкентайынан шетелде оқу туралы мақсат қойып, кәмелет жасқа толған соң IELTS көмегінсіз шетелдік грантты ұтып алған. Айтуынша, технолгия дамыған заманда адам қайда білім алам десе де, мүмкіндігі жоғары.

«Мен әрдайым шетелде білім алып, тәжірибемді жетілдіргім келетін. 15 жасымнан бастап ағылшын тілін үйрене бастадым. Өзімді жан-жақты дамытып, халықаралық емтихандарға дайындалып жүрдім. Шетелде білім алу бойынша әртүрлі көрмелерге қатысып, шетелдік университет өкілдерімен, студенттерімен, түлектерімен сөйлесіп тұратынмын. Одан бөлек, халықаралық деңгейде жастардың көшбасшылық қабілетін арттыруға көмек беретін ұйым – AIESEC-та волонтерлік қызмет атқардым.

Өзім барып тұратын кезекті бір көрмеде Еуропа университеттерімен танысып, ондағы гранттық бағдарлама туралы білдім. Аталған университеттің сайтына өтініш толтырып, мотивациялық ілеспе хат жаздым. Алты ай өткен соң оқу орны мені сұхбаттасуға шақырды. Сұхбатта өзімнің шет тілін жоғарғы деңгейде білетінімді дәлелдеуім керек болатын. Осылайша, жақсы нәтиже көрсетіп IELTS-тың көмегінсіз 18 жасымда Еуропалық одақтың грантын жеңіп алдым. Польша еліне аттанып, сол жерде білім алдым», - дейді Еркежан.

Ол жеке мобильді қосымша ашу үшін ең алдымен үлкен төзім мен кәсіби мамандардан тұратын топ қажетін айтады.

«Инстаграм парақшамда әрдайым біз өмір сүретін әлем мүмкіндіктерге толы және оны пайдалану, пайдаланбау өз қолымызда екенін айтып отырамын. Жеке кәсібіңді бастаудан еш қорықпау керек. Жеке платформаңызды жасау үшін ең алдымен, үлкен төзім қажет. Одан кейін қаржылық бюджет жасаушылар тобы, маркетинг бөлімі, техникалық қолдау мен заңды тіркеу және жоба менеджерлері қажет. Мұндай жұмыстың артында да үлкен күш жатыр. Ең бастысы - алған мақсаттан қайтпау», - дейді ол.

Еркежанның айтуынша, шетелде сұранысқа ие, жалақысы жоғары маман болу үшін ағылшыннан бөлек, тағы бірнеше тілді меңгеру маңызды.

«Мен күн сайын жаңа вакансияларды бақылап, компания иелерімен байланысып, шетелдік мансап туралы жаңалықтарды оқып отырамын. Жалақыңыз бен құндылығыңызды едәуір арттыратын, ағылшын тілінен басқа өзім іріктеген ТОП-4 тілмен бөліскім келеді. Ең алдыңғы қатарда: неміс, француз, корей және жапон тілдерін оқуға кеңес берер едім. Егер сіз орыс және ағылшын тілдерінен басқа, еуропалық немесе азиялық тілдердің бірнешеуінде сөйлей алсаңыз, сіз бағасы жоғары адамға айналасыз. Бірақ, басқа тілдерді өз қалауыңыз бойынша үйреніңіз. Бірнеше тілмен шектеліп қалуға болмайды. Қандай жағдайда да көп тіл білгеннің артықтығы жоқ», - дейді алматылық.

Еркежан саяхаттағанды жақсы көреді. Және осы бағытта өзіне толық бостандық беріп, әрбір ісіне қолдау көрсеткен ата-анасына үлкен алғысын айтады. Себебі, ол 16 жасынан бастап саяхаттап, өз алдына өмір сүруді қолға алған.

«Саяхаттаған қатты ұнайды. Үнемі жаңа елге барып, олардың мәдениетімен танысқым келеді. 16 жасымнан бастап өз бетімше саяхаттауды үйрендім. Менің ата-анам әрдайым таңдауыма қарсы шыққан емес. Ең бастысы, маған бостандық берді. Қазір олардың сенімі мен қолдауына үлкен алғысымды айтамын. Осы жасыма дейін 25-тен астам елде болдым.

Шет мемлекеттерге шыққан әр сапарымда бөтен жерде, үйімнен жырақта жүрмін деп жүрексінген емеспін. Барынша қорықпауға, ашық болуға тырысып келемін. Осы жылы да жұмыс барысымен біршама елге баруды жоспарлаған едім. Бірақ, пандемия салдарынан жоспарым орындалмады. Өзім де деннің саулығы үшін жоспарымды кейінге қалдыруды жөн көрдім», - дейді Еркежан.

Кейіпкеріміз жетістікке жету үшін әр адам өзіне салғаны жөн деп есептейді. Білім алу жолында ешқандай шектеу болмау керек екенін айтқан ол, жан-жақты өзгерістерден қорықпауға шақырады.

«Көптеген жастың қателігі – бір істі бастар алдында үнемі кідіріс жасайды. Өз-өзіне сенбеу, біліміне күмәндану, өзгерістерден қорқу, әрекет етпей күнделікті өмірін пайдасыз өткізу сияқты қасиеттер - қазіргі жастардың бойында өте көп. Өзің сүйген істе жетістікке жету - әркімнің өз қолында.

Қазіргі дамыған заманның ең басты құралы – білім. Мен әлеуметтік желідегі оқырманыма үнемі білім алу жолында ақша аямау керек екенін айтып отырамын. Жоғарғы білім алу жолында мүмкіндігінше көп қаражат құйсаңыз, ол міндетті түрде сізге екі немесе үш есе болып қайтады. Жан-жақты даму үшін түрлі курстарға қатысыңыз және үнемі пайдалы ақпарат білуге тырысыңыз. Шетелде жұмыс істеп, тәжірибе жинау үшін қорықпаңыз. Сіздің болашағыңыз тек өзіңізге байланысты», - деп қорытындылады әңгімесін Еркежан.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары