ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

«20 млн теңге қарызға баттым»: букмекерлік кеңселердің құрбаны болған жігіттің бүкпесіз әңгімесі

«Ойынқұмарлық орға жығады» дейді Нұрдәулет Назаралы

Нұрдәулет Назаралы, кейіпкер

Адам бойында құмарлықтың неше түрі болады: біреу карта ойнауға құмар, біреу ақшаға, атаққа, араққа, есірткіге құмар, енді біреу жай ғана көрсеқұмар... Бірақ, құмарлықтың соңы тәуелділікке ұласса, қиындық деген сол.

Azattyq Rýhy тілшісіне 24 жастағы жігіт Нұрдәулет Назаралы басынан өткен оқиғасын айтып берді. Ағынан жарылған шымкенттік жігіт бүгінгі әңгімесінен құмар ойынға салынғалы жүрген, әлде салынса да, мойындамай жүрген бір жан болса да сабақ алса, соның өзін үлкен жеңіс деп есептейді. Ендеше, сұхбатты оқиық. 

- Нұрдәулет, қазір ойынқұмарлықтан толық арылып, жұмыс істеп жүрсіз. Еске алайықшы, ең алғаш ақша тігу туралы ой қайдан келді? 

- Ең бірінші Чемпиондар лигасына ақша тігуден басталды. Екі жігіт болып букмекерлік кеңседегі досымызды алып кетуге бардық. Оның қарызға батып жүргенін білеміз. Шығарып алып кетейік, ойын бөлейік дедік. Ол жігіт кеңседе 5 минуттай кідірді. Чемпиондар лигасына қатысты менің пікірімді сұрап, 1000 теңге тігіп кетті. Таңертең қуанып оятты. 20 коэффициент жинап беріппін, 1000 теңгесі бірнеше сағатта 20 мыңға айналды. Міне, сол кезде «Мен де ұтып алсам болады екен ғой» деген ой туды. Алдымен аптасына 1 рет, 2 аптада бір рет 500-1000 теңгеден ақша тіге бастадым. Сосын 2 жылдан кейін 5000 теңге тігіп, 15 мың ұтып алдым. Яғни, ірі көлемде ақша тігу 2 жылдан кейін басталды. Одан кейін, ұсақ-түйек тіккенше, ірі көлемде ұтуға болады ғой деп ойладым.

- Ең көп ұтысыңыз қанша?

- 1 млн теңгеден көп. Бірақ қайтадан ұтылдым.

- Ал ұтылған ақшаның жалпы сомасы қанша?

- Минус 20 млн теңге ұтылыстамын. Оның бәрін отбасым төледі. Қазір 150 мың теңгедей берешегім қалды.

- Бұл жағдайдан қалай арылдыңыз? Әдеттей, ұтылып жүргендер «мен аурумын», не болмаса «мен ойынқұмармын» деп мойындамайды ғой...

- Негізі ондай адамдар көп. Қарызға белшеден батса да, бұл жай өміріндегі «қара жолақ» деп мойындамайды. Мен ең алдымен, дінге жүгіндім. Имам дем салды, ол да көмектеседі. Мен діннің көмегі жоқ демеймін, бар. Бірақ әркімге әртүрлі әсер ететін тәсілдер бар. Мен иглотерапияға, психологқа бардым. Күніне 7500 теңге төлеп, 2-3 ай емделдім. Ол да көмектеспеді. Содан, үйден кетіп қалдым. 1 аптадан кейін несие алайын деп отырған жерімнен үйдегілер мені тауып алды. Тоқтатты. «Сені емдейтін орталық бар, соған қаралшы. Көнсең, шыққан соң бәрін жасап береміз. Үй, көлік алып береміз» деді. Шыны керек, мен 2-3 ай жатсам, жатып шығайын, қарызымды жапса болды деп ойлап, «Аманат» орталығында емделуге келістім. Алайда, 1 айдан кейін ойым өзгерді. Олар берген тапсырмалардың арқасында мен анализ жасап, өзгере бастадым. Анамның көз жасына қалғанымды түсіндім.

- Ойынқұмар достарыңызбен әлі араласып тұрасыз ба?

- Достарымның не істеп жүргенін білмеймін, араласпаймын. Емделіп шыққаннан кейін, олармен араласуға тыйым салынады. Себебі, социумды өзгертпесең, қайтадан соған айналып келесің.

- Қанша уақыт ойнадыңыз?

- Ойынға 3-4 жыл кетті. Басында футболға ставка қойдым, сосын Counter-Strike, Dota деген ойындар бар. Оларға ставка қоюға болады. Кішкентай кезімнен бастап ойнайтынмын. Бұл ойындарды түсінемін ғой деп, ақша тіге бергенмін.

- Қазір немен айналысасыз?

- ЖОО бітіргенмін. Соңғы жылын емделіп жүріп бітірдім. Мамандығым бойынша – сәулетшімін. Емделгенімді көргеннен кейін, маған орталықтағы мамандар тәлімгер тауып берді. Өзім таңдау жасадым. Қазір сол кісімен бірге жеке кәсіптемін.

- Ойынға ақша тігіп жүргендерге не айтар едің?

- Оқырманға, жастарға ақыл айтқаныммен, олар «бұл мен туралы емес, маған қатысы жоқ» деп ойлайды. Мен де соңына дейін осылай ойладым. Айтарым, егер әжетханаға кіріп бара жатқанда, шай ішіп отырғанда, тойда отырғанда Олимпқа (букмекер кеңсесі – ред.) кіре берсең, сенің құмарлыққа салынғаның. Құмарлығы жоқ адам олай жасамайды. Мен қазір 15-20 мин телефонсыз отырып, тамақ іше аламын. Бұрын 5 минутқа шыдай алмай, ұялы телефонымды ұстап отырып тамақ ішетінмін.

- Яғни, адамның өзіне білінбей ме?

- Иә, басында білінбейді. Ставкаң жоғарылаған сайын «басың кетіп барады» деген сөз. Медицинада бұл ауру қатарына енгізілді. Минусқа кірдің бе, ақша ұтылып жатсың ба, демек, сен де ойынқұмарлық қақпанына түстің. «Өзім қойып кетем» деген жоқ. Аяғы сынған адам, өзі сала алмайды ғой. Сол сияқты. 1-2 жыл қойып, қайтадан бастай бересің. Маманға барып емделу керек.

Бақылау жасай аламын деп ойлау – қате. Мәселен, мен емделіп жатқанда, тоғызыншы айда қатты ойнағым келді. Ақша қажеттілігінен емес, үйдегілермен ұрысқанда ойнағым келетін. Кез келген қиындық кезінде миым ойнағысы келіп, сигнал беретін. Сол сияқты, нашақорлар шеккісі, маскүнемдер ішкісі келіп тұрады, ойынқұмарлар ойнағысы келіп тұрады. Ең басты проблема мида. Ми рахаттанғысы келеді. Бұл жерде тек маман ғана көмектесе алады.

- Маманнан басқа қандай көмектер болды?

- Ойынқұмар адамның бір орында тұруына болмайды. Жұмыс істеу керек, жаттығу, спорт, кітап оқу сияқты басқа қызығушылықтар көмектеседі. «Ойынды қойдым» деп үйде жатуға болмайды. Себебі, ол кейін тағы шығады.

- Емделушілердің дені қанша жаста?

- Орталықта көп адам емделді. Көбі - ер адамдар. Ойынқұмар қыздарды кездестірмедім, бірақ мамандар қыздардың да барын айтады. Ойынқұмарлық жас таңдамайды. 15-17 жастағы жасөспірімдерді де, 50, 73 жастағы емделушіні де көрдім.

- Науқастың емделуге өз ынтасының оянғаны басты фактор ма?

- Негізі, орталыққа емделуге науқастардың 90 пайызын туыстары алдап әкеледі. «Санаторийға бара жатырсың» деген сияқты сылтаумен.... Іштей одан арылуға ынтасы оянатындар бар, оянбайтындары да бар. Орталықта емделіп шығып, бірінші күні-ақ ішіп, шегіп кететіндер бар. Соңғы айда ынтасы ашылып, қойып кететіндер бар. Бірақ емделіп шығуға кепіл беретін жағдайдың 95 пайызы адамның өз ынтасына, 5 пайызы емге байланысты деп сеніммен айта аламын.

Сұхбаттасқан: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан