$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2020, 18:33
Кейіпкер

«Ақтөбеден адал еңбекпен ақша табуға келгенмін»: өндірістік жарақат алған Қайрат әділдік іздейді

ІІ топтағы мүгедек болып қалған Қайрат алған жарақатының «өндірістік» екенін дәлелдей алмай жүр

«Ақтөбеден адал еңбекпен ақша табуға келгенмін»: өндірістік жарақат алған Қайрат әділдік іздейді

«Мен елордаға арман қуып келдім... Мүгедек болып қаламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Мұның бәріне жұмыс беруші кінәлі», - деп бастады сөзін Қайрат Меңдіғалиев.

Azattyq Rýhy агенттігінен көмек сұраған Қайрат елордаға Ақтөбеден көшіп келгенін айтты. 18 жасынан бастап түрлі құрылыста дәнекерлеуші (сварщик) болып жұмыс істепті.

«2019 жылы ақпанда дәнекерлеуші болып «STROY GROUP KZ» ЖШС-не жұмысқа орналастым. Жұмыс беруші Сәбит Қартсейітовке еңбек кітапшамды, дәнекерлеуші сертификатымды, тағы басқа қажетті құжаттарымды тапсырдым. Сынақ катушкасын дәнекерлеп көрсеттім, оның көңілінен шықты. Ауызекі түрде айлығымның 200 000 теңге көлемінде болатынын айтты. «Уайымдама, еңбек келісімін жасаймыз» деді. Мен оның сөзіне сеніп, жұмысқа кірістім», - дейді Қайрат.

Ақпан айынан бастап 1 мамырға дейін Қайрат осы мердігер компанияда жұмыс істейді. Жылу желісін тартумен айналысады. Алайда, осы уақыт аралығында жұмыстан 1 тиын да айлық алып көрмеген. Ол аздай, 1 мамырда жұмыс орнында оқыс оқиғадан ауыр жарақат алған.  

«Мереке деген тек күнтізбеде, ал ардан безген жұмыс берушілер  бізді мереке күндеріне, сенбі, жексенбіге қарамай жұмысқа шығарды. Алған нысанды уақытында өткізу үшін аямай жұмысқа салады. Дәнекерлеу кезінде апат болып, үстімді топырақ басып қалды. Салдарынан екі омыртқам сынып кетті. Менімен бірге жұмыс істеген азаматтар мені тақтайға жатқызып, 3 метр тереңдіктегі траншеядан шығарып алды. Жедел жәрдем қызметін күтпей, ауруханаға жеткізді. Дәрігерлерге бұл «тұрмыстық жарақат» деп айтыпты. Қабылдау бөлімі арқылы мен аурухана бөлімшесіне түстім. Маған ота жасап, омыртқама металл бөлшектерін орнатты», - дейді Қайрат.

Осы жағдайдан кейін Қайратқа 2-топтағы мүгедектік берілді.

«Дәрігерлерге «бұл - тұрмыстық жарақат» деп айтқан менің әріптестерімнің бірі бастықтың туысы, екіншісі бастықтың досы болатын. Олар неге жедел жәрдемді күтпеді? Себебі, жасырып қалғысы келді», - дейді Қайрат.

Алайда, қабылдау бөліміндегі дәрігер Қайраттың сөзіне сеніп, «өндірістік жарақат алды» деп құжат толтырыпты.

«Ақпаннан мамырға дейінгі айлығымды Сәбит (бастығы – авт.) ауруханаға әкеліп берді. Уақытында 1 тиын да бермеген. 30 сәуірде бригада болып айлығымды сұрағанымызда «Көлік алып қойдым, күте тұрыңдар» деген жауап алғанбыз. Мен балалар үйінің түлегімін, бұл факт арқылы аяушылық тудырғым келмейді. Бірақ, ол бізді әбден басынды», - дейді ол.

Қайраттың жұмысқа шыққан күні берген құжаттарын жұмыс беруші не себепті 7 ай бойы ұстап, еңбек шартын жасамағаны белгісіз. Бірнеше рет телефон шалып, байланысқа шыққаннан кейін, Azattyq Rýhy тілшісіне мердігер компанияның басшысы Сәбит Қартсейітов былай жауап берді:

«Мұның барлығы – оның ойлап тапқан өтірігі, ол маған ешқашан құжаттарын берген емес. Жұмыскерім болған емес. Тануын танимын. Бірақ оның сөзінің бәрі өтірік. Егер оның сұрақтары болса, сотқа барсын», - деді де, байланысты үзіп тастады.

Қайрат алған жарақатынан кейін орнынан тұрып, екі аяғын басқанына шүкір етеді. Алайда, әділдікке жете алмағаны үшін қапалы.

«Заңгерлер маған алдымен қылмыстық, одан кейін азаматтық сот болуы тиіс деді. Ал мен оны білмей, азаматтық сотқа ғана шағымдандым. Мен әділдікке жете алмадым. 18 жасымнан бері дәнекерлеуші болып істеймін. Ақтөбеден ұрлық жасау үшін, жамандық жасау үшін емес, адал еңбекпен нан табу үшін келдім. Елорданы салуға үлес қостым. Бірақ жағдайым осы. Басқа азаматтардың басынан өтпесін деп, сіздерге жағдайдың бәрін айтып отырмын», - деп сөзін қорытындылады Қайрат.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары