«Femme Like U» әнінің ремиксімен әлемдік чартты бағындырған қазақстандық кім?

Автор: Azattyq Rýhy

Әннің ремиксі YouTube желісінде 5 миллионнан астам қаралым жинаған

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, 2020 жылғы жаздың хитына айналған «Femme Like U» әніне ремикс жасаған. 25 жасар Мадияр Оңалдиннің француздық хитқа жасаған ремиксі әлемдік топ-чарттарда жаздың көп жүктелген танымал әніне айналды.

Қазақстандық жігіт Эмма Питерстің орындауындағы кавердің әуенін өз талғамында әрлеп, лейблдарға жіберген. Azattyq Ruhy тілшісі бір күнде танымалдылыққа ие болған талдықорғандық жігітпен шығармашылығы турасында сұхбаттасты. 

Бір кездері француздық әншінің орындауында хит болған Kей Мароның «Femme Like U» әні Мадиярдың өңдеуінде Apple Music платформасында бір миллионға жуық, You Tube желісінде 5 миллионнан астам қаралым жинаған.

«Қазір ескі әндерді заманауи нақышқа салып қайта орындау трендке айналды. Менің өзім де ескі әуендерді тыңдағанды қатты ұнататынмын. Карантин уақытында әлеуметтік желілерді қарап отырып, Эмма Питерстің орындауындағы француздық әннің каверіне бірден көзім түсті. Тыңдап, неге ремикс жасап көрмеске деген ойға келдім. Ән қатты ұнағандықтан барымды салып, әрлеп шықтым. Кейін оны Эмманың лейблдарына жібердім. Осылайша, туынды көпшіліктің назарына ұсынылды. Кейін тыңдармандар тарапынан үлкен қаралымдар жинап, танымал платформалармен желілерде таралып кетті. Шынын айтсам, аталған жұмысымның осынша танымал болуы мүмкін екені ойыма да кіріп шықпады. Дегенмен, тыңдарманға ұнайтынына сенімді болған едім», - дейді Мадияр

«FEMME LIKE U ЖҰЛДЫЗДЫ УАҚЫТЫМА АЙНАЛДЫ»

Аталған әуеннің әрлеуінен кейін, Мадиярға шетелдік ірі компаниялардан ұсыныстар келіп түскен. Бүгінгі таңда отандасымыз олардың бірнешеуімен келісімшарт жасасып та қойған. 

«Femme Like U» шыққаннан кейін маған хабарласып, ұсыныс тастағандардың саны күрт өсті. Бұл әннің шыққан кнзі менің жұлдызды уақытыма айналды десем де болады. Жалпы, музыкамен айналысып жүргеніме 10 жылдай болып қалды. Мектеп кезінен әуендерді өзімше өзгертіп, басқаша жағынан тыңдап қарағанды қатты ұнататынмын. Бірақ ол кездерде біздің еліміздегі музыка өнерінің жағдайы төмен болатын. Сол себепті, музыкаға тек хобби ретінде қарадым.  Кейін мектепті аяқтаған соң IT саласына кетемін деген шешім қабылдап, Алматыдағы Нархоз университетіне оқуға түстім. Төрт жыл білім алып, «Alibaba Group», «American Express», «Hublot» сынды ірі компаниялардың жарнамалық бағытында жұмыс жасадым. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Жұмыс істеп жүрген уақыттың ішінде музыкаға деген құштарлығымның басылмайтынын әбден түсіндім. Сол себепті, ішкі жан дүниемнің қалауын орындаймын деп, шығармашылыққа қайта келдім. Қазір осы салада тұрақты жұмыс істеп жатырмын», - дейді ол

                         

  «МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМІМ ЖОҚ»

Мадиярдың негізгі мамандығы IT саласы болғанымен, ол өзін музыкалық продюсер деп санайтынын айтады.  

«Көбі мені диджей, музыкант кейбірі тіпті, ән айтады деп жатады. Бірақ мен ешқандай да әнші емеспін. Мен музыкалық продюсермін. Яғни, әнге идея, аранжировка, вокал жазу, жеке жазылған әуендерді біріктіріп, белгілі дүниенің толыққанды аяқталған көшірмесін жасаймын. Батыста бұл өте танымал өнер түріне жатады. Өкінішке қарай, аталған салада жұмыс істеп жүрген көптеген талантты адамдар болғанымен, біздің елде электрондық би музыкасы дамымаған. Дегенмен алдағы бір-екі жылда бұл өнердің де елімізде сұранысы жоғары болары сөзсіз. Аталған саладағы кәсіби білімім болмаса да, барлығын өз қызығушылығыммен әлеуметтік желілердегі арнайы әрлеу бағдарламалары арқылы үйрендім. Десе де, алдағы уақытта музыка саласын тәжірибелі түрде меңгеріп, білімімді жоғарылатқым келеді. Өзіме болашақта міндетті түрде осы ойымды жүзеге асырамын деп мақсат қойдым. Барлығы дұрыс жаққа өзгеретініне сенімдімін», - дейді музыкант. 

Жақында, Мадиярдың кезекті әуені көпшілікке ұсынылады. Ол әннің де «Femme Like U» сияқты тыңдармандарымыздың жүрегінен орын аларына сенімді.

«Қазір, «Femme Like U» әнінен бөлек, «Break My Heart Again», «Bask At Me», «Mais Je T’ aime», «Hold Me» сынды ремикстерім бар. Олар жастардың арасында өте жақсы тыңдалып жүр. Алдағы уақытта өзімнің авторлық әуендерімді көбірек шығарып, шетелдік үлкен лейблдармен жұмыс істеу жоспарлап отырмын.

Тыңдармандарымның қолдауы маған үлкен мақтаныш пен шабыт сыйлады. Сол себепті, музыка саласын одан әрі жалғастырмақпын. Болашақта шығармашылығымда үлкен өзгерістер болайын деп тұр. Жаңалық күтіңіздер», - дейді Мадияр Оңалдин. 

Еске сала кетейік, бұған дейін танымал әндерге ремикс жасап, шетелдіктерді таңғалдырған павлодарлық Иманбек Зейкенов жақында ғана әлемдік жұлдыз Marshmello және Usher-мен жаңа ән шығарды. Қазақстандық музыканттың «Too much» деп аталатын әуені You Tube желісінде жарияланды.

Сағыныш Ибргаим, Нұр-Сұлтан

Тегтер: