$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.10.2020, 17:32
Кейіпкер

«Мотиваторым – Криштиану Роналду». Паралимпиада спортшысымен сұхбат

Сиязбек Дәлиев – Пара Азия ойындарының жеңімпазы

«Мотиваторым – Криштиану Роналду». Паралимпиада спортшысымен сұхбат

Сиязбек Дәлиев балалық шағында болған жазатайым оқиға салдарынан екі қолынан айырылған екен. Бүгінде ол жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия параойындарының чемпионы және рекордшысы.

Тағдырдың сынағынан сүрінбей, жігері жасымай, екі қолынан айырылса да алға ұмтылған кейіпкеріміз көпке үлгі. Azattyq Rýhy тілшісі жүзумен шұғылдануды 17 жасынан бастаған Сиязбек Дәлиевпен әңгімелесіп қайтқан еді.

Сиязбек Дәлиев 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап жүзуді қолға алыпты.

«Спортқа бала кезімнен бейім болдым. Әсіресе, күрес пен футболды ерекше жақсы көрдім. Алайда, денсаулығыма байланысты маған бұл спорт түрлерімен айналысу бұйырмады. Жарақат алған соң, денені әрдайым шынықтыру керек болды, физиотерапия ауадай қажет. Екі қолымнан айырылғандықтан, денемнің белден жоғары бөлігі жетілмей қалмас үшін физикалық жаттығу жасауға мәжбүрмін. Суда жүзу - бұлшық етті дамытуға ыңғайлы спорт деп айта аламын. Өйткені, адам жүзгенде дене мүшесінің бәрі жұмыс істейді», - дейді спорт шебері.

«САЛҒЫРТ КОМПАНИЯ ҚОЛЫМ ҮШІН ӘЛІ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕЙДІ»

Қарағанды облысының тумасы Сиязбек Дәлиев кішкентай кезінде Целиноградқа көшіп келген. 2002 жылы елорданың Лесозавод ауданында қайғылы оқиға болды.

«Мен мектепте оқитынмын. Маусым айы, оқу маусымы аяқталған тұста сенбілік жасадық. Мектептің артындағы трансформатор сымдары ашық жатқан. Құрылысы аяқталмаған. 10 мың вольттық тоқ ұрды. Бұған қаланың электр энергиясына жауапты компания кінәоі болатын. Оларды сотқа бердік, компания әлі күнге дейін өтемақы төлеп келеді», - деді Сиязбек.

Баланы ауыр халде ауруханаға жеткізген соң, дәрігерлер оны аман алып қалатынына күмәнданған. Ауыр жағдайды бастан өткерген Сиязбекке еңсесін тіктеп, денесін жаттықтыруға осы жүзу спорты көмектескен.

«Алғашқы бапкерім – Загородный Владимир Кирилович. Біздің құраманы үш бапкер жаттықтырады. Қазір бас бапкерім – Саттар Бейсенбаев. Аптасына 3 рет жүзуден жаттығуға барамын», - деді Сиязбек.

СПОРТШЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

2008 жылы жүзу спортына қатыса бастаған Сиязбек бір жылдан кейін Токиода өткен Азия ойындарына қатысты.

«Ең бірінші қатысқан халықаралық жарысым – 2009 жылы Токиода өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары. Бұл жарыста мен 2 күміс, 2 қола жүлде иелендім. Осы жетістіктен кейін менде үлкен мотивация пайда болды. Халықаралық жарыстар, бірінші рет шетелге шығу – мұның бәрі ұнады. Бастапқыда өзіме сенімсіздік те болды. Небәрі 1 жыл дайындалсам да, сәтін салып, жарысқа қатыстым. Жеңіс тұғырынан көріндім. 2010 жылы ересектер арасында өткен Азия ойындарынан жүлдесіз қайттым. Бәсеке тым жоғары болды. Нағыз чемпиондар қатысты», - дейді Сиязбек.

Дегенмен, Сиязбек осы жарыста жүлделі орынға ілінбесе де, үздік он споршының қатарына енген. Үздіктермен бір қатарда өнер көрсету Сиязбекті одан сайын қамшылаған.

«2014 жылы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болдым. 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарына тағы да қатысып, бұл жолы алтын жүлдеге қол жеткіздім», - дейді спортшы.

Сиязбек Дәлиев – 2 баланың әкесі. Жары Эльвирамен университетте танысқан. 2015 жылы екеуі отау құрған. Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы университетте (дене шынықтыру және спорт) білім алған. Сосын Алматыдағы Спорт және туризм академиясын бітірген.

«Жарыста жеңіске жетіп, алтын медаль алған кезде еліміздің көк туын желбіреткенім үшін, сондай мүмкіндігімнің болғаны үшін қатты қуанамын. Мотивация деген сол. Мен үшін нағыз мотиватор – Криштиану Роналду. Сондай мықты спортшылардың деңгейіне жетсем деп армандаймын», - дейді Сиязбек.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САНАТТАҒЫ СПОРТ ШЕБЕРІ

Сиязбек тынымсыз еңбегі мен жеңген медальдары үшін «Жыл спортшысы» номинациясы бойынша «Алтын адам-2009» марапатына ие болған. 2011 жылы «Жыл спортшысы» номинациясын, 2019 жылы мүгедектер арасындағы республикалық байқауда «Жыл спортшысы» атанған. 

«Қазақстанның жүзу құрамасы еліміздегі паралимпиадалық командалар арасындағы үздігі деуге болады. Біз қатысқан жарысымыздан үнемі жүлделі ораламыз. Мәселен, 2018 жылы Азия ойындарынан жеңген 5 алтынды да Қазақстан құрамасы жүзу спортынан алды. Зүлфия Ғабидуллина – Рио-де-Жанейродағы паралимпиада ойындарының чемпионы. Ержан Сәлімгереев пен Дима Ли – екі дүркін Азия ойындарының чемпионы. Әнуар Ахметов – бес дүркін Азия чемпионы. Ұлттық құрамада осындай мықты чемпиондарымыз бар», - деді кейіпкеріміз әріптестерін мақтан тұтып.

Пандемияға байланысты қараша айында өтеді деп жоспарланған жарыстар кейінге қалдырылған. Алайда, Сиязбек алда болатын жарыстарда әлі де топ жаратынына сенімді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары