Қазақстанда алғаш рет парахоккейден ұлттық құрама жасақталды

Автор: Azattyq Rýhy

15 адамнан тұратын команда халықаралық жарыстарда бақ сынауға дайын

Фотолардың авторы: Алиакбар Қадырбаев

Елордалық спорт мектебінде мүгедек спортшыларға арналған жаңа спорт түрі - парахоккейден команда жасақталды. 15 адамнан тұратын команда халықаралық дәрежеде бақ сынауға дайын.

«Тарлан» спорт кешенінде құрылған команда бүгінде бір-біріне бауырмал, бір отбасы мүшесіндей ұжымға айналған. Azattyq Rýhy тілшісі паралимпиадалық хоккей спортының мән-жайымен танысу үшін команда өкілдерімен әңгімелесіп қайтты.

Құрама мүшесі Қуат Карипбаев 34 жаста. 17 жасында жол апатына ұшырап, жүру мүмкіндігінен айырылған. Бірақ, Қуат сынақ жігерін жаншымай, керісінше, шыңдағанын айтады.

«Мектепте оқып жүргенде еркін күреспен шұғылдандым. Спортты бұрыннан жақсы көремін. Алайда, 17 жасымда жол апатына ұшырадым. Қиын жағдайдан шығуға маған спорт көмектесті. Бірінші воллейболға қатыстым. Ал слэдж-хоккей туралы мен паралимпиадалық орталықтан естідім. Басында келгенде шананы дұрыс тебе алмадық. Қазір үйрендік. Бұл жерде жаңа достар таптым. Жалпы, қиын емес. Воллейболды да тастаған жоқпын, қазір екі спорт түрімен айналысамын», - деді Қуат.

Қуат – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. 2004 жылы Нұр-Сұлтанға көшіп келген, 4 баланың әкесі. Қазір команданың шабуылшысы. 25 жасында үйленген азамат отбасымен бақытты екенін айтты.  

Қайрат Сабыр есімді азамат – слэдж-хоккей құрамасының қорғаушысы. Жыл басынан бері осы спорт түрімен айналысып келеді.

«Жарнамадан естігенде, өзімді осы спортта сынағым келді. Алғаш мұзға шыққан кезден бастап бәрі ұнады. Осы спортқа ғашық болдым. Бәріміз бір отбасыға айналдық. Бізге сенім артып, жол сілтегені үшін жаттықтырушыларға рахмет. Күніне 2 сағаттан жаттығамыз. Шаршамаймыз, керісінше, шынығамыз. Хоккейге дейінгі өмірім сүреңсіздеу еді, спортқа көңіл бөлгелі бәрі жақсы. Әлем чемпионатына қатысу - үлкен мақсат», - дейді Қайрат.

Қайраттың жасы 35-те. Үйдің тұңғышы Қайратқа туғанда-ақ «аяқ деформациясы» диагнозы қойылған. Қазір Қайрат балдақпен жүреді, ал спорт оның денсаулығының жақсаруына жақсы әсер етеді екен.

Бұл спорт түрі алғаш 1994 жылы Лиллихамерде өткен Қысқы паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Сосын жоғары жылдамдық пен үлкен физикалық күшті қажет ететін командалық ойын ретінде көпшіліктен қолдау тапты. Бұл - денесінің белден төмен бөлігі зардап шеккен жандарға арналған спорт.

Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырмасымен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебінде парахоккей спорт түрі ашылды. Бұл спорт түрінен 3 алғашқы даярлау тобы бар. Жалпы,  спортшылар саны - 15 адам. Жаттығу «Тарлан» мұз айдынында өтеді. Спортшыларды қаламыздағы парахоккейден аға жаттықтырушы Тимур Бексейітов жаттықтырады. Қазір секцияға адам қабылдау жүріп жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Әлия Жақсылық.

Айта кетерлігі, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған хоккейдің сурдо түрі де дамып жатыр. 2015 жылы алғаш рет сурдохоккейден Қазақстан құрамасы Ресейде өткен халықаралық жарысқа алғашқы азиялық команда ретінде қатысқан. Ал, парахоккей бойынша әрекет 2017 жылдан басталды.

«Парахоккей командасы 2017 жылы Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтың бастамасымен ашылды. «Тарлан» спорт кешені парахоккейге арналып жасалды. Бұл ғимарат - Азиядағы жалғыз парахоккей спортына ыңғайлап салынған ғимарат», - деді Шайбалы хоккейден сурдоолимпиада федерациясының вице-президенті Талғат Алпысов.

Парахоккейге кез келген адам қатыса алады. Жасқа ерекшелігіне шектеу жоқ. Медициналық көрсеткіштер мен өзге де талаптар жөнінде Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің сайтынан мәлімет алуға болады.

«Командадағы жігіттерге алғыс айтқым келеді. Олардың әрқайсысы жеңімпаз. Жаттықтырған кезде әрқайсысының талпынысын көресің. Күш-жігері мықты. Әдетте дені сау адамның өзі спортпен айналысуға ерінеді. Уақытын компьютер клубтарында өткізетіндер көбейді. Ал, бұл жігіттер денсаулығындағы ақауға қарамастан, көлігі болмаса да, қыстың суығына қарамастан жаттығуға келіп жүр», - дейді Талғат Алпысов.

Айта кетерлігі, ұлттық құрамаға қыздар да қабылданады. Талғат Алпысов парахоккейдің еліміздің өзге де аймақтарында дамығанын қалайтынын айтты. Осы ретте ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті әр облыс әкімдігінен қолдау күтеді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан