Петропавлдық полиглот 5 тілді жетік біледі

Автор: Azattyq Rýhy

Мектеп оқушысы жаңа сөздерді музыка арқылы меңгереді

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11--сынып оқушысы Артем Герман қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерін жетік біледі. Жас полиглот жаңа сөздерді музыка арқылы меңгеретінін айтады. Осылайша шет тілдері тез жатталып, санаға оңай сіңеді екен. Жасөспірімнің мақсаты осымен шектелмей, басқа да шет тілдерін меңгеру. Ол өз болашағын медицинаның нейро немесе кардиохирургия саласымен, байланыстыруды армандайды. Полиглот көп тіл меңгеруінің басқа да құпияларын Azattyq Rýhy тілшісімен бөліскен еді.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРМЕЙТІНДЕРДІ ТҮСІНБЕЙМІН...»

Артем Герман бір қараған көзге қарапайым, ұяң оқушы. Ойлана сөйлеп, сұрақтарға байыппен жауап береді. Барлық қатарластары сынды қазақ тілін 1-ші сыныптан оқи бастаған. Ол тілді меңгеру үшін мектеп бағдарламасы жеткілікті болғанын айтады. Жасөспірімнің ата-анасы ешқашан репититор қызметін пайдаланбаған, ұлын қосымша сабақтарға сүйремеген. Орысша тілі шыққан баланың келесі меңгергені – қазақ тілі. Ол мемлекеттік тілді білу – өзінің азаматтық борышы санайды. 

«Мен қазақ тілін 1-ші сыныптан үйрене бастадым. Алдыңа шынайы мақсат тұтып, соған ұмтылсаң – бұл қиын емес. Елімізде қазіргі қолданыстағы мектеп бағдарламасы мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шығу үшін жеткілікті.  Орыс тілі – менің туған тілім. Ал қазақ тілі – мен туған Отанымның тілі. Сондықтан Қазақстанда тұрып жатқан әрбір адам оны білуі шарт. Ағылшын – халықаралық қатынас тілі. Мектепті аяқтаған соң шет елде, Венгрияда оқуды армандаймын. Ал неміс және француз тілдерін әлемді аралап, саяхат жасау үшін үйреніп жүрмін. Жалпы, адам неше тіл білсе де артық болмайды. Сондықтан осы үйренгеніммен тоқтамақ емеспін. Болашақта түрлі ұлттардың тілдерін меңгеруді жалғастыра беремін», - дейді Артем. 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айгерім Жантаева бастапқыда оқушысының ерекше қабілетін байқамағанын айтады. Оған Артемнің ұяң мінезі себеп болса керек.

«Мен Артемға 9-шы сыныптан сабақ беріп жүрмін. Ол өте салмақты. Бастапқыда оның қазақ тілін жақсы білетінін аңғармадым, өйткені ол тұйық. Бірінші сынақ тапсырғанда-ақ оның білімінің деңгейі қандай екені аңғарылды. Ол жаңа тақырыпты тез меңгеріп алады. Жазбаша жұмыстарда соның барлығын ұтымды пайдаланады. Қатесіз жазады. Бір ерекшелігі өз жұмысын бірнеше рет тексеріп, оның дұрыс екеніне көз жеткізгенде ғана мұғалімге тапсырады», - дейді педагог. 

КӨП ТІЛ МЕҢГЕРУДІҢ ЕҢ ҚАРАПАЙЫМ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Артем келесі кезекте испан және латын тілдерін меңгермек. Полиглот бәрін өзі үйренеді. Интернет арқылы «Tandem» мобильді қосымшасының көмегімен шет елдерде көп дос тапқанын айтады. Соның арқасында сөйлеу дағдысын дамытып, тәжірибесін шыңдайды.    

«Қазір тіл меңгеруде «Tandem» бағдарламасын пайдаланатындар баршылық. Мыңдаған шақырым қашықтықта өмір сүретін адамдар бір-бірінің көмегімен шет тілдерін үйреніп жатады. Бұл өте ыңғайлы. Ортақ қызығушылық уақыт пен қаражатты үнемдейді. Мен өзіме Германиядан дос таптым. Екеуміз Интернет арқылы байланысқа шығамыз. Әңгіме-дүкен құрамыз. Осының арқасында неміс тілін біраз үйрендім. Жалпы, немісше 7-ші сыныптан, яғни Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға қабылданғанда үйрене бастадым. Білім ордасында түрлі шет тілдерінен элективтік курстар бар. Өз қалағаныңды таңдайсың. Шет тілдердің «әліппесін» сонда үйрендім деуге болады. Ары қарай біліміңді өзің дамытасың. Бастапқыда онша ұнай қойған жоқ. Кейін жақсы нәтижеге қол жеткізе бастағанда қызығушылығым арта түсті. Мен үшін тіл меңгерудің ең тиімді жолы – музыка. Әсіресе француз өнері ұнайды. Әуен, ұйқас арқылы сөздерді тез жаттаймын. Әр ұлттың тілі арқылы мәдениетін де білесің», - дейді полиглот. 

Ізденімпаз оқушыны ұстаздары да жоғары бағалайды. Мұғалімдер оның болашақта жақсы маман иесі болатынына сенімді.

«Артем жауапты, алғыр оқушы. Сабағына көп көңіл бөледі. Үнемі жинақы жүретін бала. Онымен әңгіме-дүкен құрған қызық. Ол кез келген мәселеде қызықты ойлар айтады. Сыныптастарымен де жеке тапсырма орындағанда  алғырлық танытады. Сондықтан оны барлығы сыйлайды. Мұғалімдердің де тілін таба біледі. Өте салмақты оқушы. Ол өте мұқият. Оның осы қабілеті және интеллектуалдық деңгейі осындай нәтижеге қол жеткізуіне септесті деп ойлаймын», - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Құсайынова.

АРТЕМ – КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН

Артемнің ұлты – белорус, нағашы әжесі қазақ. Ал нағашы атасы – орыс ұлтының өкілі. Ол өзінің туған тілімен қатар, қазақ, татар, өзбек, қырғыз сынды бірнеше түркі тобына жататын бірнеше тілде сөйлеген. Мектеп оқушысы өзінің ерекше қабілетін нағашы атасынан дарыған деп есептейді. Себебі, оның отбасында басқа полиглоттар жоқ. Ата-анасы бір тіл білумен шектелген. 

«Бойымда бірнеше ұлттың қаны болғандықтан, тілдері меңгеру маған оңайға түсетін болуы керек. Таныстарым менен «Күні бойы сабақ оқисың ба?» деп сұрайды. Шын мәнінде, олай емес. Мен үшін оның бәрі тез және жеңіл. Сөздерді жай ғана жаттау жеткіліксіз. Ол тез ұмытылып қалады. Сондықтан мен шетелдік достарыммен сөйлесіп тұрамын», - дейді оқушы.
Артем Герман химия-биология бағытындағы зияткерлік мектепте математиканы тереңдете оқиды. Болашағын медицина саласымен байланыстыруды армандайды. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО