$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.09.2020, 11:49
Кейіпкер

АҚШ-та тәжірибе шыңдап, Қазақстанда қоқыс теріп жүр

Жас кәсіпкер жергілікті халықты қоқысты жинау мәдениетіне үйретуді ойлайды

АҚШ-та тәжірибе шыңдап, Қазақстанда қоқыс теріп жүр

Қайыржан Айсин АҚШ-та тәжірибе шыңдап, Қазақстанда қоқыс теріп, қомақты қаржы тауып жүр. Петропавл қаласының тұрғыны 26 жасында 750 мың теңгеге өз бизнесін ашқан. «Вторсырье» серіктестігі шыны, пластик, қағаз сынды тұрмыстық қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге тапсырады. 8 жыл бойы нәпақасын қоқыстан тауып жүрген кәсіпкермен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Жеке кәсіпті бастауға көбі жүрексінеді, сіз қалай бастадыңыз, қанша ақша салдыңыз?

- Шын мәнінде, бизнеске келуім кездейсоқ болды, кәсіпкерлік туралы қатты ойланған емеспін. Мен ол кезде 26 жаста едім. Қазіргі тілмен айтсам, бәрі сананы жаңғыртудан басталды. «Work and Travel» бағдарламасы арқылы АҚШ-қа бардым. Онда шағын ғана қонақүйде тұрдым. Әр жұмыс аптасының соңында біз пластик, шыны, қаңылтыр қалдықтарды жинайтынбыз. Оның барлығын жол талғамайтын үлкен көлікке тиеп, көрші қалаға апаратынбыз. Ол жерде жүгіміздің барлығын тапсырып, чекке айырбастаймыз. Аталған чек дүкеннен белгілі бір сомаға тауар алуға мүмкіндік береді.

Күнде кешке мейрамханада жұмыс істеп жүрдім. Онда барлық қағаз қоқысты бөлек жинаймыз, «олжаны» белгілі бір компания қызметкерлері алып кететін. Сонымен қатар, АҚШ-та қоқыс тасымалдайтын компаниялар жылына екі рет электроника мен жиһаз жинайды. Ол күндердің «Shredding day» деген атауы да бар.

Осылайша, мен Америкада жүріп қоқысты бөліп жинау механизмімен таныстым. Шет елде ол үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – халық қоқысты бөліп жинауды әдетке айналдырған. Бізде көпшілік екінші рет өңдеуге болатын тұрмыстық қалдықтардың арзан бағаға қабылданатынына шағымданады. Ал Америкада тіптен аз төленеді. Табиғатты ластамау үшін халық ондаған шақырымды жүріп өтіп, қоқысты белгіленген жерге тапсырады. Сондықтан мен елге қайтып оралғанда қоқысқа басқа көзбен қарадым. Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын мекеме ашу идеясы осылай келді. АҚШ-та тапқан 5 мың долларды сол мақсатқа жұмсадым. Сол сәттен бері 8 жыл өтіпті.

БІЗДІҢ ХАЛЫҚТА ҚОҚЫСТЫ ЖИНАУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСПАҒАН, БІРАҚ ЕУРОПАДАҒЫ ӨМІРДІ АРМАНДАЙДЫ

- Осы 8 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының арасында қоқысты сұрыптау, қаланы ластамау сынды мәдениет қалыптасты ма?

- Біз контейнердегі қоқысты шығарумен қатар, өтінім бойынша әр үйде жиналып қалған тұрмыстық қалдықтарды да алып кетеміз, түрлі акциялар ұйымдастырамыз. Өкінішке қарай, халық тарапынан белсенділік байқалмайды. Пластик, қаптама пленкалар, қағаз, алюминийден жасалған құтыларды жинаймыз. Бөлек контейнерлер тұрғанымен, көпшілік оны басқа қоқыспен бірге тастай салады. Оны тағы тазалауға тура келеді. Өйткені көпшілік қоқысты полигонға апарып тастаудың зардабы жайында ойлана бермейді. Біреулер экологияны сақтап қалу өз қолымыздан келетініне сенбесе, енді біріне жалқаулық жар бермейді. Осыған қарамастан, Еуропа мемлекеттеріндегі өмірді аңсайды: сондай жағдай жасалып, тәртіп орнауын армандайды. Алайда біз әлдеқайда жақсы өмір сүре алатынымыз жайында ойланбаймыз. Бәрін өзіңнен бастау керек. Ол қоқысты бөліп жинауға ғана қатысты емес.

- Қоқысты бөліп жинау мәдениеті қалыптасу үшін не істеу керек?

- Бізде бірінші кезекте экологиялық мәдениет жоқ. Бүгін тастай салған пластик бөтелке ертең қандай зардап әкелетініне мән бермейміз. Оның шіруіне жүздеген жылдар қажет. Ол табиғатқа ғана емес, бірнеше ұрпақтың денсаулығына зиянын келтіреді. Пластик – шірімейтін топқа жатқызылатын материал, ең қауіпті қалдықтардың бірі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1950-2018 жылдары жер бетінде пластиктің 6,3 миллиард тоннасы өндірілген. Оның тек 9 пайызы қайта өңделсе, 12 проценті өртелген. Пластикті жақсақ, ол атмосфераға улы заттар бөліп шығарады. Оның адам ағзасы мен қоршаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті. Оны жоюдың бір ғана қауіпсіз жолы бар. Ол материалды арнайы қондырғының көмегімен жою.

Өзіңіз айтқан қоқысты бөліп жинау мәдениеті қалыптасу үшін халық санасына тұрмыстық қалдықтардың экологияға қаншалықты зиян екенін жеткізу керек. Қоқысты бөліп жинауды кеңселерде міндеттеп, енгізу қажет. Пайдасын ұғынған адам оны үйінде де әдетке айналдырады.

- Түрлі акциялар ұйымдастырып тұратыныңыз жөнінде айттыңыз. Сол жобаларға тереңірек тоқталсаңыз...

- Екі жыл қатарынан облыстық әкімдіктің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «Green help» қоғамдық ұйымы, «Радуга» ЖШС-мен бірлесе акция ұйымдастырып келеміз. Қоқысты бөліп жинауда алдыңғы қатардан көрінген үйдің тұрғындары марапатталады. Осылайша, біз жергілікті халықты тұрмыстық қалдықтарды іріктеуге үйретеміз. Өкінішке қарай, арнайы контейнерлердің пайдаланылмай бос тұратын кезі жиі кездеседі.

Сонымен қатар, қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Өткен күзде «Қоқысты 5-ке тапсыр!» акциясы өтті. Жиналған 71 мың теңгеге көпбалалы отбасыларға көмек көрсеттік. Қазан айы бойы электр қондырғыларды алып кетуде зейнеткерлерге жеңілдіктер жасаймыз.

Біз үшін «Eco Car» жобасы биылғы жылдың басты оқиғасына айналды. Ол – екінші рет өңдеуге болатын қалдықтарды қабылдайтын мобильді бөлімше. Жастардың бастамаларын қолдауға арналған IV республикалық «3.2.1. Старт!» жобасына қатысып, қаржы ұтып алдық. Оның көмегімен аталған жобаны жүзеге асырдық. Қызметкерлеріміз қоқысты тұрғындардың үйінен алып кетеді. Тек ол дұрыс сұрыпталған болуы шарт. Біз үйден шықпай-ақ экологияны сақтап қалуға үлесімізді қоса аламыз!

- Жобаларыңызға сәттілік тілеймін. Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары