Елордадағы көпсалалы ауруханадан вирустық пневмониямен жатқан соңғы науқас шығарылды
Бұдан былай аурухана штаттық режимде негізгі қызметіне көшеді
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 көпсалалы қалалық аурухана коронавирус індетін жұқтырып, ауруханада ем алып шыққан соңғы науқасты үйге шығарып салды. 53 жастағы науқас жұқпалы аурулар ауруханасына 4 тамызда түсті. Госпитализация кезінде тексеруден өткеннен кейін әйелге екіжақты вирустық пневмония диагнозы қойылған.
«Аурухананың барлық медициналық қызметкерлеріне алғысым шексіз. Сондай мейірімді екен, жылы лебізбен, жақсы көңілмен қарады. Тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, саған деген жылы қарым-қатынастың көмегімен емделуге болатынын білген қандай керемет», - дейді індеттен жазылған әйел.
Оның айтуынша, денсаулығының сыр бергенін байқап, үй жағдайында, амбулаторлы ем қабылдапты. Бірақ одан денсаулығы жақсармағаннан кейін ауруханаға жүгінуге тура келгенін айтты. Әйелді ауруханаға шұғыл түрде жатқызып, тиісті ем-дом шараларын жүргізуді бастапты.
«№1 көпсалалы қалалық ауруханасы жұқпалы аурулар ауруханасы болып бейімделгелі бері 3,8 мыңнан астам адам коронавирус індетінен және ауыр және орта деңгейлі пневмония диагноздарымен емделіп шықты. Оның ішінде 3,5 мыңға жуық науқас ауруханадан шығарылды. Бұл уақыт аралығында стационарда 367 дәрігер жұмылдырылды», - деді аурухананың бас дәрігері Марат Абдуов.
18 тамыздан бастап әкімдіктің №1 көпсалалы қалалық ауруханасы жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмысын тоқтатып, одан ары негізгі қызметін штаттық режимде бастайды.
18 тамыздағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 301 пациент ауруханаларда коронавирус індетінен ем қабылдауда. 5 шілдеден бастап елордада пневмониямен ауыратын науқастар саны 1 333 адамнан 179 адамға дейін азайған.