Ақтөбе облысында бұзылған автобустан 14 жолаушы эвакуацияланды
Апатты жағдай Хромтау ауданында, Хромтау қаласынан 85 шақырым жерде болған
Ақтөбе облысында ТЖМ құтқарушылары KAZ06 тасжолында бұзылып қалған жолаушылар автобусынан 14 адамды, соның ішінде 8 баланы қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апатты жағдай Хромтау ауданында, Хромтау қаласынан 85 шақырым жерде болған. «РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда – Алматы – ҚХР шекарасы» бағытындағы автожолдың 921-шақырымында жолаушылар автобусы техникалық ақауға байланысты тоқтап қалды.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары жедел жетіп, бұзылған автобустағы 14 жолаушыны эвакуациялады. Жолаушылардың барлығы Хромтау қаласындағы жақын маңдағы кемпингке аман-есен жеткізілді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ және жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж болмады.