Алматы облысында жазасын өтеуші азамат домбыра жасап жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары сұранысқа ие екен

Фото: polisia.kz

Алматы облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар да еңбек өнімділігін арттыруға үлес қосуда, деп хабарлайды Polisia.kz.

Нақтырақ айтқанда, ЛА-155/14 мекемесіндегі ЖК «Гецинер» жеке кәсіпорнында сотталған қолөнер шебері Кенжебек Әбішев домбыра жасап жатыр.

«Домбыра – қазақпен егіз аспап. Өйткені, қазақ қара домбырасын тастаған емес. Тарихы шамамен, тас дәуірінен басталатын жәдігер. Домбыра жасалатын материалына тікелей байланысты болғандықтан, оны жасау үшін қарағай, шырша, қайың секілді тығыз ағаштар пайдаланылады. Домбыра құралып немесе ойылып екі түрлі әдіспен жасалады. Ұлттық аспап бас, мойын, шанақ секілді үш құрылымнан тұратын технологиясы күрделі жұмыс болғандықтан, оны жасауға төрт-бес күндей уақыт кетеді. Аталарымнан мирас болып келе жатқан осы өнерімді жиырма жасымнан бастап, кәсібіме айналдырдым», – дейді қолөнер шебері.

Қазір жазасын өтеуші Кенжебек Әбішев аталған кәсіпорында жұмысшы болып еңбек етіп жатыр. Жұмысын биыл маусым айынан бастаған К. Әбішев аз уақытта өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, басқа да жазасын өтеп жатқандарға үлгі бола білді. Оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары өте сапалы, бәсекеге қабілетті, үлкен сұранысқа ие екен.