Жетімдер үшін дүкенде аяқ киім сатқан атыраулық бойжеткен волонтерлік қоғамдастығын қалай құрды

Автор: Azattyq Rýhy

Azattyq Rýhy тілшісі Әмина Жәрдемқызымен сұхбаттасты

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – небәрі 22 жасында «Жүректен жүрекке» волонтерлік қорының негізін қалаушы, бүгінгі күнге дейін мейірім мен қолдауға зәру мыңдаған жетімнің, мүмкіндігі шектеулі ауру балалардың басынан сипап, жағдайы төмен отбасылардың мұқтажын өтеуге септігін тигізіп жүрген атыраулық Әмина Жәрдемқызы.

Волонтерлік үшін жеке кәсібін тастап, аяқ киім сатқан

Әмина волонтерлікті осыдан 7 жыл бұрын бастаған. Алғаш достарымен бірге жетімдер үйіне көмек көрсетуге барған кейіпкеріміз ондағы бүлдіршіндерге бауыр басып, қайырымдылықпен айналысу үшін жеке кәсібін дүкендегі саудаға айырбастаған.

«Волонтерлікке 2013 жылы келдім. Алғашқыда достарым жетімдер үйіне көмектесейікші деп ұсыныспен келіп, өзіміз жиналып жетімдер үйіне бардық.  Қайырымдылықпен айналысуды бастапқыда екі қыз, екі жігіт болып бастаған едік. Араларында үлкені – мен, 22 жастамын. Өзімнің полиграфиялық жеке орталығым болған. Достарымның хабарласуынан кейін волонтерлік қызметім басталып кетті.

Алдымен Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйіне демалған уақытымызда барып тұрдық, сурет салатын құралдарымызды, университеттің заттарын апарып тұрамыз. Мақсатымыз – балалармен бірге жұмыс істеп, олардың қолынан шыққан заттарды жәрмеңкеге шығарып сатып, түскен қаржысына балаларға жеке гигиеналық құралдар алып беру еді. Неге гигиеналық құралдар десеңіз, сол кезде интернат балалары Италияға лагерьге кетейін деп жатыр екен. Апайлары «киім-кешек, бәрі бар, тек жеке тазалық заттары қажет» деп айтты. Сөйтіп, үнемі ол жерге барып жүріп, балалармен жақсы араласып кеттік.

Бір айдан кейін үлкен бір жәрмеңке ұйымдастырдық. Ол кезде менің достарымның бәрі Атыраудағы «Тамаша» деген жәрмеңкеде бір апта жұмыс істеп, бір апта демалатын. Ал мен жеке кәсібім болған соң, демалыссыз жұмыс істейтін едім. Содан жаңағы достарыма мені өздеріне жұмысқа алуды өтіндім, себебі, олар бір апта демалған кезде интернатқа баратын, мен де олармен бірге барғым келетін. Содан жеке кәсібімді жауып, аяқ киім сатушысы болдым», - дейді Әмина.

Осылайша, Әмина жеке кәсіптегі табысын балалардың қасында бірге болу бақытына айырбастаған. Ол кезде қайырымдылықпен айналысып жүрген қыз-жігіттер де қарапайым базар қызметкерлері болған.

«Мен үшін балалармен бірге болудың өзі үлкен қуаныш болатын, табысым аса маңызды болмады. Еріктілердің басым көпшілігі жаңағы мен айтқан сауда орталығының қыз-жігіттері, біреуі сауда үйінің әкімшісі, енді бірі жүк тасушы, тағы бір күзетші болатын. Бәріміз бірігіп, үлкен істер жасайтын болдық. Алғашында тек жетімдер үйіне көмектесеміз деген ой болды, кейіннен тарқап кетеміз деп ойладық. Бірақ бұл дәстүрімізді қоя алмадық. Бір-бірімізге бауыр басып қалдық, одан қалды, мұқтаж отбасылар «осы жақта көмек көрсететін жастар бар екен» деп бізді іздей бастады. Ислам деген балақайдың отасына 400 мың теңге ақша жинап бердік. Осылайша, қайырымдылық шараларын бастап кеттік. Жастар болған соң көбінесе жүрекше пішінді шарларды жүріп сататынбыз. Екі күнде 400 мың теңгедей ақша жинап, мұқтаж отбасыларға апарып беретін едік. Осы күнге дейін өте көп адамға көмектестік. Мешіттерде, сауда орталықтарында қайырымдылық жәрмеңкелерін жасайтынбыз», - дейді кейіпкеріміз.

Оклахомадан Қазақстанға дейін

Үйінің тұңғышы Әмина бала кезде өте тұйық болған. Айтуынша, волонтерлікке келгеннен кейін көпшілік алдына шығып сөйлеуді меңгеріп, белсенді болып, өз мінезін ашқан. Біраз уақыттан кейін АҚШ елшілігінің жергілікті жас көшбасшыларға арналған «IVLP» арнайы бағдарламасының грантын жеңіп алған.

«IVLP – жабық бағдарлама, ол баратын адамдардың бағытына қарай дайындалады. Аталған жобаның «Қайырымдылық, азаматтық белсенділік және волонтерлік» деген бағытымен Атырау қаласы бойынша мен өттім. АҚШ елшілігі біздің жолақымызды, жүріп тұруымызды, жатын жерімізді бәрін төлеп берді. Үш апта біз Америка Құрама Штаттарының 5 штатында болдық. Әр штаттың ең мықты еріктілер тобымен, қайырымдылық қорларымен, азаматтық белсенділерімен кездестік. Олар бірігудің арқасында қандай нәтижеге жетіп жатқандарымен айтып, біз білмейтін жаңа жобаларының идеясын бөлісті. Сұрақ-жауап форматында жақсы пікірталас болды. Кейін сол жерден өзімізге қажеттіні алдық», - дейді ол.

Әминаның сөзінше, АҚШ-та волонтерлікпен айналысатын жастарға үлкен қолдау көрсетіледі. Олардың әрбір қайырымдылық сағаты үшін оқу орындары мен дүкен желілерінде жеңілдіктер қарастырылған.

«АҚШ-та еріктілік дегенді балабақшадан бастап баланың санасына сіңіреді. Ол жақта инклюзивті балалар қарапайым балалармен бір балабақшаға барады. Балаға «Кейт, мынау сенің досың Джон. Ол саған қарағанда әлсіздеу, себебі мынадай. Бірақ сен оған көмектесіп, қолдап отыруың керек» деп түсіндіреді. Яғни, мейірімділік қасиеттерін сонау бала күнінен дамытады. Ал мектепте 9-11 сыныптарда сен волонтерлік сағаттарын жинап, түрлі қоғамдық ұйымдарға барып көмектессең, жылдың аяғында сені «Алтын белгі» сияқты жақсы номинациялармен, медальдармен марапаттайды. Олардың деңгейі алтын белгіден артық болмаса, кем болмайтындай-ақ.

Мектеп кезінде белсенді болған еріктілердің еріктілік сағаты ақылы оқуға түсетін кезде оқуының 20-30%-ын төлеуге, жинаған балын өзіне футболка, кітап сияқты қажетті заттарға айрбастауға мүмкіндік жасалған. Бізде еріктілерге енді ғана жеңілдіктер беріліп жатыр ғой. Ол жақта ерікті болмасаң оқуға түсуің, жұмысқа тұруың қиын. Егер сен үлкен компанияның басшысы бола тұрып, қайырымдылықпен айналыспасаң, қоғам саған дұрыс көзқараспен қарамайды.

Осындай қоғам үшін жұмыс істейтін ұйымдар, волонтерлер үшін біздің елде де жеңілдіктер көбірек қарастырылса деген тілегім бар. Баланың бәрі сабақты 5-ке оқымайды ғой, үлгерімі төмен балалардың өздері қайырымдылыққа келгенде белсенді болуы мүмкін.

Жалп, волонтерлік деген барлық жерде болуы керек. Мен өзім бұрын жасық, көп сөйлемейтін бала болғанмын. Волонтерлік мені жақсы тәрбиелеп шығарды, көп адаммен танысасың, ортада сөйлеп үйренесің, шүкіршілік айтып үйренесің. Яғни, берері мол іс», - дейді Әмина Жәрдемқызы.

Балалар орталығы және пандемия кезіндегі көмек

Бүгінде Әмина Атырау облысы Ішкі саясат бөлімі басқармасының Азаматтық басқарма төрағасы. Әминаның бастамасымен 2018 жылы балаларға арналған екі орталық ашылып, әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастыруда.

«2018 жылы әкімшіліктен бес қабатты үйдің астыңғы қабатын сенімгерлік басқаруға алдық. Ол ғимараттың ішіне 12 миллион теңгедей қаражат жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір сол жерде балаларға арналған екі орталық бар. Біреуі – «Венера» инклюзивті балалар орталығы, екіншісі – «Марс» әлеуметтік шеберханасы.

Біз халықтан көп қаржы сұрауға әуес болмадық, қолымыздан келгенінше өзіміз табуға тырыстық. Кейін үлкен жобаларға көшкенде жан-жақтан көмек сұрай бастадық және көп компаниялар бізді қолдай бастады. Бір қуантарлығы, қазақстандықтардың қайырымдылық жасаудағы белсенділігі соңғы жылдары жоғарылады. Мысалы, 2013 жылдары Атырауда 2-3 волонтерлік қана топ жұмыс істесе, қазір шамамен, қайырымылықпен айналысатын 50-ден көп ұйым бар», - деді ол.

Әмина пандемия кезінде де волонтерлік штабын құрып, үлкен жұмыстар атқарған.

«Пандемия кезінде волонтерлік штаб құрдық. Штаб бес бағытта жұмыс істеп жатыр. Онда азық-түлік, дәрі-дәрмек пен маскаларды тарататын 100-ге жуық автоволонтер жинадық, сосын пандемия кезінде бағаны бақылайтын волонтерлеріміз болды. Облыстағы, қаладағы қандай да бір дүкенде, дәріханада баға өсіп кеткен болса, волонертерлер соларды аптасына үш рет барып тексеріп тұрады. Бұл жерде біз қалалық кәсіпкерлік бөлімімен жұмыс істедік. Үшінші – медицина бағытындағы волонтерлік. Яғни маска тігетін волонтерлер, сосын аспаз волонтерлер. Аспаз волонтерлер бекеттердегі полицейлер мен дәрігерлерге жүрек жалғайтын ыстық тамақ пісіріп таратты. Наурыз-сәуір айларында 8 миллион теңгеге жуық ақша жинадық. Ол қаражаттың бәрі Атырау облысы мен қаласындағы 2000-ға жуық отбасыға азық-түлік себетін алуға жұмсалды. Одан бөлек, маска тапшылығы болған кезде маска тіктік, маска саттық. Маусым айы дәрі тапшылығы болған кезде, дәрі тараттық», - дейді ол.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан