Нұр-Сұлтанда тағы бір провизорлық орталықтан КВИ жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты
Пандемия кезінде 700 науқасты қабылдаған госпитальде бірде-бір өлім жағдайы тіркелмеген
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ардагерлер госпиталінің базасында ашылған провизорлық орталықтан коронавирус инфекциясын жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты. Кенжетай Көшеков басында сырқаты тұмау түрінде басталып, кейін дем жетпей, қатты қиналғанын айтады.
«Осындағы дәрігерлерге алғысым шексіз. Әуел баста тұмау жұқтырдым деп ойладым, кейін дем ала алмай, қатты қысылып, ауру әбден асқынып кетті. Мұндағы дәрігерлер өте қатты күтім жасап, емдеп шығарды. Қазір денсаулығым жақсы, 12 күн ішінде мен аурудан құлан-таза айықтым», - дейді Кенжетай ата.
Ал, Ардагерлерге арналған госпиталь директорының орынбасары Жүніс Ахметовтың айтуынша, мұндағы дәрігерлер бұрын инфекциялық ауруларды емдеп көрмесе де, провизорлық орталыққа түскен 700 адамның бәрін дерттен аман алып қалған.
«Ең ақырғы науқасты аман-есен үйінен шығарып отырмыз. Дәрігерлердің еңбегі үшін басымды иіп алғыс айтамын. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 23 маусымдағы бұйрығымен біздің госпиталь коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын провизорлық орталыққа айналды. Екі ай ішінде дәрігерлер 700 адамды қабылдап, 350 адамды госпитальға жатқызып, емдеді. Қалғанына басқа орталықтардан орын тауып берді. Емделген науқастардың бірде-бір өлім жағдайы тіркелген жоқ», - дейді госпиталь директорының орынбасары Жүніс Ахметов.
Жалпы, елордадағы «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған орталық клиникалық аурухана» соғыс (Ұлы Отан – авт.) ардагерлерін ғана емес, ауған соғысының ардагерлерін, Чернобль апатына қатысқан адамдар мен тәжік-ауған шекарасында болған соғыс ардагерлерін емдейтін мекеме. Енді коронавируспен ауырған соңғы адамды жазып шығарған дәрігерлер ұжымы бұрынғы (негізгі – авт.) жұмыс режиміне қайта оралмақ.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан