Ол бір жарым айда 3 мың шақырымды артқа тастаған
Алматы қаласының 17 жастағы тұрғыны Сайфулла Тілек велосипедпен Қазақстанды аралап жүр. Маусым айында жолға шыққан саяхатшы 3 мың шақырымды артқа тастаған. ЖиҺанкез ең ұзақ алғашқы сапарын қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ерекше саяхатын оңтүстік астанадан бастаған Сайфулла бір жарым айда Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл және Қостанай қалаларын басып өтіпті. Жол ұзақтығы 3 мың шақырымнан асады. Саяхатшының жалғыз серігі – велосипед.
«Ел аралап, жер көру - арманым. Интернеттен әлемнің көрікті және ерекше жерлері туралы видео қарағанды жақсы көремін. Қазақстанның табиғаты да әсемдіктен кенде емес. Әрбір өңірі ерекше әдемі. Сондықтан саяхатымды бірінші елімізден бастауды жөн санадым. Ағайын-туыстың барлығы қарсы болды. Тіпті, бұл әрекетімді еріккенннің ермегіне балап, сөккендер де бар. Анам ғана қолдап, ақ батасын беріп шығарып салды. Осының өзі маған қанат бітіргендей. Әкем бірнеше жыл бұрын дүние салған. Болашақта шет елдерді аралап, тұрмысы, мәдениетімен танысқым келеді», - дейді Сайфулла.
ВЕЛОСИПЕД, 25 КЕЛІ ЖҮК ЖӘНЕ 19 МЫҢ ТЕҢГЕ
Велосипед, 25 келі жүк және 19 мың теңге. Жас саяхатшының үйінен өзімен бірге алып шыққан заттары осы ғана. Тәулігіне 100 шақырымнан астам жолды бағындырады. Күндіз жүріп, түнде демалады. Хостел, қонақүйлерге, кей күндері шатыр тігіп, далада түнеуге тура келеді.
Күннің ыстығы мен жауын-шашын жігітке кедергі емес. Жолай көрген-білгенін көңілге түйіп қана қоймай, сурет пен видеоға түсіреді. Ол үшін квадракоптер де ала шыққан. Тек оның барлығын монтаждауға уақыт тапшы екенін айтады. Қолы тисе, аздап жеке YouТube арнасына жүктейді. Кейін барлығын реттеп, интернетке салып қоймақ. Мақсаты – дүйім жұртқа еліміздің табиғатының қаншалықты әсем әрі бай екенін көрсету.
«Үйден шыққанда қалтамда 19 мың теңге ғана болды. Одан кейін туыстарым қол ұшын беріп, аздап қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Демеуші табылса жақсы болар еді. Велосипедтің дөңгелегінің камерасы жиі жарылады. Кейде күніне 3-4 рет ауыстыруға тура келеді. Ең көп шығын осы. Қазақстанның даласы қандай үлкен болса, халқының пейілі де сондай кең екен. Жолда кезіккен мүлде танымайтын адамдар үйлеріне шақырып, қонақ етеді, түнетеді. Келесі елдімекендегі таныс-туыстарына хабарласып, олар да қарсы алған кездері болды», - дейді жолаушы.
«ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ҚОҚЫСҚА ТОЛЫ»
Қарқаралы, Бурабай – жас саяхатшы осы өңірдердің табиғатының әсемдігіне қайран қалғанын айтады. Ол еліміздің осындай туристік әлеуеті бола тұра, аталған саланың дамымай жатқанына қынжылады. Сайфулланың көңіліне қаяу түсірген тағы бір мәселе – қоқыс.
«Қазақстанның әр өңірі өзіндік ерекшелік пен қайталанбас әсемдікке ие. Қаншама жерді басып өткенде, Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауылы өзгеше әсер қалдырды. Бір кездері тасы өрге домалап тұрған елдімекен болған екен. Қазір екі қабатты үйлері қаңырап бос қалған. Халқы қонақжай, мейірімді. Табиғаты керемет сұлу. Аспанмен таласқан таулары мен сылдырай аққан өзендері ерекше көз тартады. Туризмді дамытуға мол мүмкіндік беретін жер-ақ екен. Осындай байлық қараусыз қалып жатыр. Көңіліме кірбің түсірген тағы бір мәселе – қоқыс. Адамдардың түрлі қалдықтарды не себепті бей-берекет лақтыра беретінін түсіне алмаймын. Қазақ даласы шина, пластик бөтелке, полиэтелен пакеттер мен ылғалды сүрткішке толып кеткен», - дейді жиһанкез.
Студент өз саяхаты арқылы Қазақстандағы экологиялық проблемаға жұрт назарын аудартуды көздейді. Жас жігіт осылай жалғаса берсе, болашақ қандай болатынына алаңдайды.
«КАРАНТИН САЯХАТТЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ ҚИЫНДАТТЫ»
Сайфулла Алматы қаласындағы Қаржы-технологиялық колледжінің 3-ші курсына көшкен. Өзі таңдаған наубайхана-кондитер мамандығын меңгеріп жүр. Саяхат барысында болашақ кәсібінің пайдасы тиіп жатқанын айтады. Өйткені карантиндік шараларға байланысты қоғамдық орындардың көбі жұмысын тоқтатқан. Сондықтан кей күндері далада түнеуге тура келеді. Мұндай жағдайда ұялы телефонын қуаттау да қиынға түседі.
«Өзіммен бірге саяхатқа арналған газ баллон, плита, су, қарақұмық және жарма ұнтағын алып жүремін. Тамақ сатып алып ішетін мүмкіндік болмағанда асты өзім әзірлеймін. Ел аралап жүріп талай қызықты басымнан кешіріп келем. Бірде даладағы аялдамалардың біріне тоқтап, шамалы көз шырымын алуды ұйғардым. Шамалы ұйықтап тұрып велосипедке мініп бірден қозғалып кеттім. Біраз жүргеннен кейін ғана қайтадан артқа кеткенімді аңғардым. Осылайша, 7 шақырым жерді 3 рет өтуге тура келді», - дейді ол.
Саяхатшының ендігі жоспары – Қазақстанның батыс, оңтүстік өңірлерін аралап, қыркүйек айына қарай үйіне жету. Ал келер жылы осындай сапарға бірнеше адамнан құрылған топ болып қайта шығуды армандайды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО