20 жастағы қазақстандық қыз Илон Маск ұсынған жобада жұмыс істейді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Hyperloop вакуум пойызы қаңқасының 3D-дизайнын жасайды

Фото: tengrinews.kz

20 жастағы Жанна Ықылас жас мамандар қатарында Илон Маск ұсынған Hyperloop вакуум пойызы жобасында жұмыс істейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

2013 жылы Илон Маск вакуум пойызының жобасын ұсынған еді. Бұл жоба капсуланың арнайы туннельде жоғары жылдамдықпен жүруін көздейді. Калифорнияда жыл сайын SpaceX капсула жасау бойынша конкурс ұйымдастырады. Жаннаның командасы екі рет осы конкурсқа қатысып, финалға жетуге сәл қалған. Дегенмен, 2019 жылдан бері конкурстың келесі кезеңі қашан өтетіні әлі хабарланбаған.

Жанна Флорида университетінің Gatorloop командасының мүшесі. 2017 жылдың қаңтар айында бұл командаға 1500 адамнан небәрі 22 адам іріктелген.

«Менің командада екі қызметім бар. Біріншісі – бизнес және инновация саласындағы вице-президент. Бұл жұмысыма Gatorloop-тың бренд-имиджін құру, конференциялар мен іс-шараларға материал дайындау, зерттеу жобаларын ұйымдастыру жұмыстары кіреді. Екіншісі капсуланың қаңқасымен жұмыс істеуді қамтиды: 3D-дизайнын жасау, материал таңдау, анализ жасау», - дейді Жанна Ықылас.

Айта кету керек, Жанна Ақтауда туып-өскен. 2016 жылы экономикалық лицейді бітіріп, Франциядағы бизнес мектепке оқуға түскен. Францияда Жаннаға екі диплом алу мүмкіндігі ұсынылған. Осылайша ол Флорида университетін таңдап, 2019 жылы тамыз айында АҚШ-қа кеткен.