«Арқамда тұтас Қазақстан тұрғандай»: халықаралық физика олимпиадасында тұңғыш «алтын» алған қазақ қызының оқиғасы

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жас физик Нұргүл Егенбергенова ғылым деген ұл не қыз үшін болып бөлінбейтінін айтады

Фото: Нұргүл Егенбергенованың жеке мұрағатынан

Жақында Колумбияның Букараманга қаласында әлемнің ең білімді оқушылары жиналған сахна төріне Қазақстанның Көк Туы бес мәрте көтерілді. Бұл – жай ғана марапаттау рәсімі емес, еліміздің білім мен ғылымдағы әлеуетін әлемге танытқан тарихи күн болғаны анық. Иә, әлемнің 85 елінен келген 381 оқушы қатысқан 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы тұңғыш рет бес алтын медаль жеңіп алды. Бұл – ұлттық құраманың бұрын-соңды қол жеткізбеген жетістігі. Сол алтындардың бірі астаналық NURORDA мектебінің оқушысы Нұргүл Егенбергеноваға бұйырды. Бірақ оның жеңісі тағы бір себеппен тарихқа енген еді. Нұргүл – Қазақстан тарихында физикадан халықаралық олимпиаданың алтынын жеңіп алған алғашқы қыз. Бүгінде бұл жаңалықты көпшілік тарихи рекорд ретінде қабылдап жатыр. Ал Нұргүл Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында жеңісін басқаша бағалайтынын айтты. Ол үшін бәрі жетінші сыныптағы кішкентай ғана арманнан басталған екен…

Кей бала өзі сүйсінетін сүйікті әншісінің суретін қабырғаға не қолындағы затына жапсырады. Кейбірі болашақ мамандығын дәптерінің сыртына жазып қояды. Ал Нұргүл партасына «IPhO Gold» деген жазуы бар кішкентай стикер жабыстырып қойған екен. Сол кезде әлемдегі ең беделді физика олимпиадасының алтыны қандай еңбекпен келетінін толық түсінбеген де болар. Бірақ күн сайын көзіне түсіп тұрған сол жазу оның өзіне берген үнсіз уәдесіне айналғандай.

«Нәтиже жарияланған сәтте, ең бірінші есіме жетінші сыныптағы өзім түсті. Осыдан төрт жыл бұрын партама «IPhO Gold» деп жазып қойған едім. Оның нақты не екенін соңына дейін түсінбесем де, сол стикер мені күн сайын жігерлендіретін. Төрт жылдан кейін сол арманның орындалғанын көргенде, адамның ойына алған мақсатына жетуге болатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Ол үшін тек еңбек, дұрыс дайындық және өзіңе деген сенім керек», – дейді Нұргүл.

Айтқандай, спортшылар халықаралық жарыста жеңіске жеткенде жұртшылық ең алдымен Көк Тудың көтерілуін күтеді. Өйткені ол – бүкіл халықтың жеңісі. Ғылымдағы олимпиада да дәл сондай. Әлемнің ең дарынды оқушылары жиналған сахнада Қазақстанның аты аталып, Көк Ту көтерілген сәтте Нұргүлдің де бойын ерекше сезім билепті.

«Бұл мен үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік болды. Халықаралық олимпиадаға барған әрбір оқушы өз елінің амбассадоры іспетті. Сондықтан сахнаға шыққанда өзің үшін емес, Қазақстан үшін тұрғаныңды сезінесің. Көк Тудың көтерілуін көргенде ерекше толқыдым. Сол сәтте арқамда тұтас Қазақстан тұрғандай әсерде болдым. Мұндай сезімді сөзбен жеткізу қиын. Ол маған қуаныштан бұрын жауапкершілік сыйлады. Елімнің абыройы үшін әлі де көп еңбек етуім керек екенін ұқтырды», – дейді ол.

Нұргүлдің айтуынша, Қазақстаннан бұрын-соңды ешбір қыз бала IPhO алтынын алмағанын жақсы білген. Бірақ ол мұны ешқашан кедергі санамаған.

«Өзім осы олимпиада тарихында үшінші қазақ қызымын. Бұған дейін қыздардың алтын алмағанын білетінмін. Бірақ ешқашан «қыз болғандықтан қолымнан келмейді» деп ойлаған емеспін. Керісінше, менен кейінгі қазақ қыздарына жол ашқым келді. Болашақта бұл жетістік қалыпты дүниеге айналса екен деймін. Қазақ қыздары IPhO-дан үнемі алтын алып тұрса, мен өз мақсатымның орындалғанын сезінер едім», – дейді жас зерттеуші.

Иә, көрермен медальды, жеткен жетістікті ғана көреді. Ал оның ар жағында шығарылған мыңдаған есеп, жүздеген ұйқысыз түн, талай рет өзіңді өзің жеңген сәттер жататыны тек Нұргүлге ғана аян екені сөзсіз.

«Олимпиаданың ең қиын тұсы – есептердің күрделілігі ғана емес. Кейде шешім бірден табылмайды. Сондай кезде ең қиыны – өзіңді жоғалтып алмау. Мен терең тыныс алып, нәтижені емес, есептің логикасын ойлауға тырысатынмын. Бұл психологиялық қысымды жеңуге көмектесті», – дейді ол.

Үздіксіз қатысып келе жатқан халықаралық олимпиадалар Нұргүлге тек медаль ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа достар да сыйлаған.

«Мен халықаралық олимпиадаларға жиі қатысатындықтан, көпшілігін бұрыннан танимын. Басқа елдерден жақсы достарым бар. Бос уақытта болашақ жоспарларымызды талқыладық. Олар Қазақстандағы олимпиадалық дайындық жүйесіне ерекше қызығушылық танытты», – деп ағынан жарылды жас зерттеуші.

Нұргүл бүгінде өзі сияқты ғылымға қызығатын қыздарға бір ғана кеңес айтқысы келеді.

«Өздеріңізге ешқашан күмәнданбаңыздар. Ғылымда ұл немесе қыз деп бөлінбейді. Мұнда тек қызығушылық пен еңбек бағаланады. Егер қиындық кездессе, көмек сұраудан қорықпаңыздар. Себебі бұл жолда ешкім жалғыз емес», - дейді ол.

«Қызымыздан алтын медаль емес, адам болып қалыптасуына тілекшіміз

Кез келген чемпионның жеңісі марапаттау рәсімінде басталмайды. Ол үйдегі қарапайым әңгімеден, ата-ананың сенімінен, мұғалімнің бір ауыз жылы сөзінен бастау алатыны хақ. Нұргүлдің ата-анасымен сөйлескенде осыны анық сезіндік. Олар қызының әлемдік олимпиадада топ жарғанын мақтанышпен айтқанымен, әңгіме барысында бірде-бір рет «біз чемпион тәрбиеледік» деген сөз айтқан емес. Керісінше, жеңістің артында отбасының сабыры мен баласына деген сенімі тұрғанын қайта-қайта еске салды.

«Ең бірінші көзімізге жас келді.  Қуаныштан не айтарымызды білмедік. Бір сәтте осы күнге дейінгі барлық еңбек көз алдымыздан өтті. Сансыз жарыс, дайындық, ұйқысыз түндер... Бірақ бәрінен де ерекше әсер еткені – қызымыздың Қазақстанның намысын қорғап тұрғаны. Әлемнің алдында Көк Туымыз көтеріліп, Қазақстанның аты аталған сәтті көргенде жүрегіміз жарыла жаздады. Бұл – әр ата-анаға бұйыра бермейтін бақыт. Медаль уақыт өте келе мұражайға қойылар. Бірақ қызымыздың «Қазақстан үшін еңбек еткім келеді» деген сөзі біз үшін кез келген марапаттан қымбат», – дейді Нұргүлдің әкесі.

Нұргүлдің ғылымға бейімі кездейсоқ келмеген. Ата-анасы оның кішкене кезінен өзгеше әрі қызығушылығы таусылмайтын бала болғанын айтады.

«Кішкентайынан «неге?», «қалай?» деген сұрақтары таусылмайтын. Кез келген нәрсенің себебін білгісі келетін. Төртінші-бесінші сыныпқа келгенде мектеп бағдарламасы оған аздық ете бастады. Сонда оның бұл қызығушылығын өшіріп алмауымыз керек екенін түсіндік», – дейді анасы.

Сөйтіп ата-анасы қыздарын арнайы мамандандырылған лицейге береді. Бұл шешім Нұргүлдің ғылым жолындағы алғашқы үлкен қадамына айналады. Дегенмен ата-анасы оның жетістігінің сырын ерекше әдістемеден емес, қарапайым тәрбиеден көретінін жасырмады.

«Біз ешқашан «міндетті түрде бестік ал», «бірінші болуың керек» деп талап қойған жоқпыз. Себебі баға – адамның құнын анықтамайды. Біз үшін ең маңыздысы – еңбектенуден жалықпайтын, адамгершілігі мол азамат тәрбиелеу болды. Үйде кітап оқитынбыз, пікірлесетінбіз, балалардың ойын тыңдайтынбыз. Қызығушылығын қолдадық, бірақ таңдауын ешқашан өз қолымызға алған жоқпыз», – дейді Нұргүлдің ата-анасы.

Олардың айтуынша, бүгінгі жеңістің негізі дәл сол еркіндікте жатыр. Алайда қол жеткізген жоғары нәтижелердің артында қиындық та аз болмаған. Халықаралық олимпиадаларға қатысу, оқу-жаттығу жиындары, сапарлар, дайындық – бәрі отбасы үшін де үлкен сынаққа айналған кездер де болған.

«Әрине, оңай болған жоқ. Кейде жарыстан жүлдесіз келетін кездер болды. Сондай сәттерде Нұргүлдің көңілі түсетін. Бірақ біз ешқашан «болды, қоя сал» деген емеспіз. «Бұл – соңғы мүмкіндік емес» деп қайта жігерлендіруге тырыстық. Осындай жолда ұстаздарының еңбегі де өте үлкен болды. Біз оларға әрқашан ризамыз», – дейді чемпионның жақындары.

Нұргүл Егенбергенованың оқиғасы – бір оқушының алтын медалі туралы ғана әңгіме емес. Бұл – қазақ отбасындағы тәрбиенің, қазақ мектебіндегі білімнің, қазақ ұстазының еңбегінің нәтижесі. Ал жақында Колумбия төрінде бес рет көтерілген Көк Ту әлемге Қазақстанның табиғи байлығымен ғана емес, білімді ұл-қыздарымен де қуатты ел екенін көрсетті.