«Қазақ тілін меңгеру – халқымның жүрегіне апарар жол болды» – Түркияда туған қазақ Хусейн Ертұғрұл
Домбыраны серік еткен Хусейннің сөзінше, түрік ағайындар қазақтың қара домбырасының үнін естіген сайын оның тылсым табиғатына таңырқап, «бұл аспаптың жаны бар екен» деп сүйсінеді екен
Кейде туған жердің қадірін дәл сол топырақта емес, одан жырақта жүрген жандар тереңірек сезінетіндей көрінеді. Түркияда дүниеге келіп, қазақ тілін білмей өскен Хусейн Ертұғрұлдың өмір жолы – соның жарқын дәлелі. Қазақстанға білім іздеп келген жас жігіт араға аз уақыт салып ана тілімізді еркін меңгеріп қана қоймай, қазақтың қара домбырасын өмірлік серігіне айналдырды. Бүгінде ол Ыстамбұлда ұлттық өнерді дәріптеп, шетелдегі қандастардың рухани тамырынан ажырамауына өзіндік үлес қосып келеді. Оның шығармашылық жолы қазақтың ұлттық болмысы мен мәдениеті географиялық шекарамен өлшенбейтінін, ал рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа өнер арқылы жалғасатынын айқын көрсетеді. Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Хусейн Ертұғрұл Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын өміріндегі ең үлкен бетбұрыстардың бірі деп атап, дәл осы сапардың қазақ тіліне, ұлттық өнер мен мәдениетке деген сүйіспеншілігін оятқанын айтты.
«Түркістанға аяқ басқан күннен бастап өзімді бөтен елде жүргендей сезінген емеспін. Керісінше, баяғыдан іздеп жүрген рухани мекенімді тапқандай күй кештім. Қаланың тарихы, адамдардың дархан көңілі, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуі маған ерекше әсер етті. Сол сәттен бастап қазақ мәдениетін терең тануға деген құштарлығым бұрынғыдан да арта түсті», – дейді ол.
Хусейннің қазақ мәдениетіне деген құрметі ең алдымен тілден басталды. Қазақстанға келгенге дейін қазақша бір ауыз сөз білмеген ол төрт-бес айдың ішінде еркін сөйлейтін деңгейге жетті. Мұны ол ерекше қабілетпен емес, тілді шын көңілмен қабылдап, қазақ ортасымен етене араласудың нәтижесі деп түсіндіреді. Оның пікірінше, тіл – ұлттың тек қарым-қатынас құралы емес, ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен рухани жадын сақтап тұрған ең басты құндылық. Сондықтан қазақ тілін үйрену арқылы ол халықтың тарихына, салт-дәстүріне, дүниеге көзқарасына жақындай түскенін айтады.
«Қазақ тілін үйренуді ешқашан міндет деп қабылдаған емеспін. Мен үшін бұл – халықтың жүрегіне апарар жол болды. Тіл – ұлттың жаны. Егер адам өз ана тілін құрметтесе, ол өзінің тарихын да, мәдениетін де жоғалтпайды. Сондықтан дүние жүзіндегі әрбір қазақ ана тілін сақтап, оны күнделікті өмірде қолдануға ұмтылуы керек», – дейді Хусейн Ертұғрұл.

Тілді меңгергеннен кейін оның жүрегінен ерекше орын алған тағы бір қастерлі құндылық – қазақтың қара домбырасы. Түрік халқына етене жақын бағлама аспабы тұрса да, Хусейн саналы түрде домбыраны таңдағанын тағдырдың сыйындай қабылдайды. Өйткені оның пайымынша, домбыра – екі ішекті музыкалық аспап қана емес, тұтас ұлттың тарихи жады мен рухани болмысын бойына сыйдырған қасиетті мұра. Он бес жылдан астам уақыт бойы күй өнерімен айналысып келе жатқан ол республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды, алайда өнердегі ең үлкен жетістік марапат емес, тыңдаушының жүрегіне жол табу екенін айтады. Қазанғаптың «Көкіл» күйін ерекше сүйіп орындайтын өнерпаз әр күйдің астарында тұтас бір дәуірдің тағдыры жатқанын сезінетінін жасырмайды.
«Домбыраны алғаш қолыма алған күннен бастап оның үнінен ерекше бір қасиетті сезіндім. Қазақтың қуанышы да, мұңы да, тарихы да осы екі ішектің бойына сыйып тұрғандай көрінді. Кейде бір ғана күй ешқандай сөз айтпай-ақ адамның жан дүниесін толқытып, өткенмен тілдестіре алады. Сондықтан мен үшін домбыра – ұлттың үнін бүгінге жеткізіп тұрған киелі мұра», – дейді ол.
Ұлттық өнерді дәріптеу Хусейн үшін тек сахнамен шектелмейді. Бүгінде ол Түркияда қазақтың «Беташар» дәстүрін өткізіп, ұлттық салт-дәстүрдің мәнін түрік жұртшылығына да, шетелдегі қандастарға да кеңінен таныстырып келеді. Оның айтуынша, мұндай рәсімдер тек бір отбасының қуанышы емес, халықтың мәдениетін танытатын рухани алаңға айналып отыр. Түрік көрермені домбыраның үніне таңданысын жасырмаса, алыстағы қазақтар үшін мұндай кездесулер туған жердің лебін сездіріп, ұлттық тамырмен қайта қауыштырғандай әсер қалдырады. Осы сәттерде ол өнердің адамдарды жақындастыратын ең қуатты күш екенін анық аңғарады.
«Түрік ағайындар домбыраның үнін тыңдаған сайын оның өзгеше табиғатына таңырқайды. Көпшілігі «бұл аспаптың жаны бар екен» деп айтып жатады. Ал шетелдегі қазақтардың көзінен туған елге деген сағынышты көргенде, домбыраның тек музыка емес, рухани көпір екенін тағы бір мәрте сезінемін. Өнердің шекарасы болмайтыны дәл осындай сәттерде анық байқалады», – дейді ол.
Қазақтың күй өнерін кейінгі буынға аманаттау – Хусейн шығармашылығының тағы бір маңызды бағыты. «Отандастар қорының» қолдауымен ол Түркияда домбыра үйірмелерін ұйымдастырып, қазақ балалары ғана емес, түрік, қырғыз және ұйғыр ұлтының өкілдеріне де ұлттық өнерді үйретіп келеді. Оның шәкірттері арасында мектеп жасындағы балалармен қатар, өмірдің әр кезеңіндегі ересектер де бар. Ұстаз ретінде ол алдымен орындаушылық техниканы емес, домбыраға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруды маңызды санайды. Сондықтан әр сабақ күйдің шығу тарихымен, аңыздарымен және қазақ халқының дүниетанымымен астасып жатады.
«Мен үшін шәкірттің күйді дұрыс орындағанынан бұрын, оның домбыраны жүрегімен қабылдағаны маңызды. Егер бала осы аспапты сүйсе, кейін оның шеберлігі де табиғи түрде қалыптасады. Домбыра үйрету – жай ғана музыка сабағы емес, бұл ұлттық сана мен тарихи жадыны тәрбиелеудің жолы. Әсіресе шетелде өсіп келе жатқан балалар үшін ол туған халқымен байланысын үзбейтін рухани көпірге айналады», – дейді өнерпаз.
Өнер иесі ұлттық тәрбиенің бастауы ең алдымен отбасы екенін ерекше атап өтеді. 2018 жылы шаңырақ көтерген Хусейн бүгінде бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол балалардың ұлттық құндылықтарды кітаптан бұрын ата-ананың күнделікті өмірінен үйренетінін айтады. Сондықтан өз отбасында қазақ тілінде сөйлеп, домбыра үнін үзбеуге, салт-дәстүрді тұрмыспен ұштастыруға ерекше мән береді. Оның пікірінше, ұлттық болмысты сақтау үлкен мінберлерден емес, әр шаңырақтағы тәрбие мен күнделікті өмірден басталады.
«Балаларымыз ең алдымен біздің қалай өмір сүріп жатқанымызға қарайды. Сондықтан қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрімізді өзіміз ұстанбасақ, оны балаға үйрете алмаймыз. Домбыраның үні естіліп тұрған үйде халықтың рухы да бірге асқақтайды деп сенемін. Болашақтағы ең үлкен арманым – Қазақстандағы өнер ұжымдарымен бірлесіп жұмыс істеп, қазақ балаларына арналған халықаралық домбыра лагерьлерін ұйымдастыру», – дейді Хусейн Ертұғрұл.