Қазақстанда жыл басынан бері 100-ге жуық адам экстремистік ісі үшін сотталды

Автор: Асыл Арман

Деструктивті діни ағымдардың жақтастары қолға түсті

Фото: ҰҚК

Қазақстанда жыл басынан бері 100-ге жуық адам экстремистік әрекеті үшін сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл қараша айында Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді, оның ішінде әлеуметтік желіде насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдардың 6 жақтаушысын ұстады

Тергеудің болжамы бойынша, олар діни негізде шабуылдар мен кісі өлтіруге шақырулар таратқан, сонымен қатар зайырлы тәртіпке қарсы шыққан.

«Тінту барысында олардан атыс және суық қару, сондай-ақ көптеген діни әдеби кітап тәркіленді. Сот санкциясымен ұсталған күдіктілер қамауға алынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар, 3 қарашада осындай қылмысы үшін терроризмге шақыру материалдарын таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енді.

Жыл басынан бері ҰҚК органдарының материалдары бойынша террористік және экстремистік әрекет үшін 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған.