Бұл әрекеттер тұтынушылардың таңдауын шектейді
Монополияға қарсы орган «Астана ЕРЦ» мекемесіне заңсыз әрекеттері үшін ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, 14 қарашада «Астана ЕРЦ» ЖШС БТҚ бойынша төлемдерді қабылдау тәртібінің өзгергені туралы хабарлама орналастырды. Жарияланған ақпаратқа сәйкес төлем тек «Kaspi.kz» қосымша арқылы қабылданады, ал басқа банктер мен төлем жүйелері уақытша қолжетімді емес.
Бұл әрекеттер тұтынушылардың таңдауын шектеуге, қаржы нарығының бір қатысушысы үшін басым жағдайлар жасауға әкеп соғуы мүмкін және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 10) және 11) тармақшаларында көзделген бұзушылықтар белгілерін қамтиды.
«Осыған байланысты Астана қаласы бойынша БҚДА департаменті Кодекстің 198-бабын басшылыққа ала отырып, «Астана ЕРЦ» ЖШС-не бәсекелестікті шектеуге әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жіберді.
Департамент сонымен қатар нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие субъектілер нарықтың барлық тұтынушылары мен қатысушылары үшін тең және кемсітпейтін жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті екендігіне назар аударады», – делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.