Тағы 12 адам әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында
Вьетнамда су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 90 адамға дейін жетті. Бұл туралы елдің Ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы табиғи апаттардың салдарын жою қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Vietnam News басылымына сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегінше, тағы 12 адам әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында. Табиғи апаттың экономикалық шығыны 343 миллион долларға жетті. Апат 1154 тұрғын үйді қиратып немесе зақымдады. Су деңгейінің біртіндеп төмендеуіне қарамастан, тек Даклак провинциясының өзінде 50 мыңнан астам үй әлі де толық немесе жартылай су астында қалып отыр. 80 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы жойылған, тағы 117 мың гектар су астында тұр және толығымен жарамсыз болып қалу қаупі бар.
Сонымен қатар, орталық өңірлер мен елдің оңтүстігі арасындағы көлік байланысы ұлттық №1 магистральдің ашылуының арқасында ішінара қалпына келтірілді. Алайда жергілікті бірқатар автожол әлі жабық тұр.
Бұдан бөлек, оңтүстік бағыттағы алты теміржол станциясы жұмысын қайта бастай алмай отыр, оған орталық және оңтүстік провинциялар арасындағы толыққанды қатынасты қалпына келтіруге мүмкіндіктің болмауы себеп.