$ 518.66  597.44  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында тұмауратқан оқушылар мектепке кіргізілмейтін болды

Сыныпта оқушылардың 30%-дан астамы ауырғанда сабақ онлайн өтеді

Маңғыстау облысында тұмауратқан оқушылар мектепке кіргізілмейтін болды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысындағы мектептер мен балабақшаларда эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Тұмау немесе ЖРВИ белгілері анықталған балалар сабаққа жіберілмей, ата-анасы келгенше дереу оқшауланады. Бұл туралы өңірлік білім басқармасының басшысы Клара Құлатаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Спикердің айтуынша, өңірде науқастар санының өсуі байқалып отыр. Сол себепті білім беру ұйымдарына санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейту тапсырылған. Барлық мектепте таңертеңгі фильтр ұйымдастырылған: қызметкерлер мен оқушыларды визуалды тексеру жүргізіледі, қажет болған жағдайда дене қызуы өлшенеді. Жөтел, мұрынның бітелуі, қызу немесе аурудың өзге де белгілері бар балалар жедел түрде бөлек бөлмеге жіберіліп, үйіне қайтарылады.

Білім беру ұйымдары үш сағат сайын сыныптарды желдетіп, ылғалды тазарту жүргізуге, температуралық режимді сақтауға және санитайзерлердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. Бірқатар мектепте бұқаралық іс-шаралар уақытша тоқтатылды, ал кейбір ұйымдарда маска тағу режимі енгізілді.

Клара Құлатаева Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігерінің 2025 жылғы 20 қарашадағы №1 қаулысына сәйкес, сынып оқушыларының 30%-дан астамы ауырғанда, жағдай тұрақталғанға дейін сабақ онлайн форматқа ауыстырылатынын еске салды. Медициналық қызметтер балалардың денсаулығын және күнделікті сабаққа қатысу деңгейін бақылауды жалғастыруда.

Ата-аналарға балаларында алғашқы ауру белгілері байқалғанда мектепке жібермеу және сауығып шыққаннан кейін міндетті түрде медициналық анықтама әкелу ескертіледі. Сондай-ақ баланың неліктен сабаққа келмегені туралы ақпаратты сынып жетекшісіне ата-ананың өзі хабарлауы тиіс.

«Балалардың денсаулығы – басты басымдық. Ата-аналардан алдын алу шараларына түсіністікпен қарауды және ауырған баланы сабаққа жіберіп, қауіп төндірмеуді сұраймыз», – деп атап өтті білім басқармасы.

Серіктес жаңалықтары