Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем қызметкерлеріне үндеу жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол саладағы еңбек жағдайы жіті қаралып жатқанын айтты

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған үндеуін жариялап, олардың еңбегінің маңызын атап өтті. Министр Instagram парақшасында жариялаған жазбасында саладағы еңбек жағдайы мен жалақы мәселелері жіті қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Бұл — құрметке лайық ауыр еңбек»

Министр жедел жәрдем мамандарының тәулік бойы істейтін жұмысы үлкен құрметке ие болуға тиіс екенін атап өтті.

«Сіздер — ең қиын сәтте бірінші болып жететін адамдарсыздар. Күн сайын ауыр жағдайлармен, тәуекелмен, күйзеліс пен үлкен жүктемемен бетпе-бет келесіздер. Соған қарамастан, адамдардың өмірін құтқаруды жалғастырасыздар. Бұл — зор құрметке лайық еңбек», – деді Әлназарова.

Жалақы мен жұмыс жағдайы қайта қаралады

Министрдің айтуынша, ведомство бірнеше айдан бері жедел жәрдем қызметіне қатысты барлық аспектіні жан-жақты зерттеп жатыр. Оның ішінде еңбек жағдайын талдау, жалақы жүйесін қайта қарау, қосымша аудит жүргізу, кадрлық жағдайды бағалау – басты бағыттардың бірі.

«Біз бұл мәселе бойынша толық әрі әділ шешім қабылдау үшін жүктеме мен кадр тапшылығының қосымша аудитін тапсырдық. Жақын уақытта нақты шешіммен қайта ораламыз деп үміттенемін», – деді министр.

Диалогтың ашықтығы маңызды

Министр медицина қызметкерлерінің проблемаларын ашық айтуға құқығы бар екенін ерекше атап өтті.

«Сіздің даусыңыз маңызды. Мәселелерді айту — заңды және қажет процесс. Мен медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бағытталған ашық, конструктивті диалогты қолдаймын», – деді ол.

Әлназарова кез келген қысым көрсету әрекетіне қатаң түрде жол берілмейтінін мәлімдеді.

Шу ауданындағы жедел жәрдем қызметкерлерінің шағымы

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Шу ауданындағы медициналық қызметкерлердің бейнеүндеуі тараған еді. Олар жеке ғимараттың жоқтығы, жалдамалы, талапқа сай емес бөлмелерде жұмыс істеу, электр қуатының жиі ажырауы, бірқатар медициналық ұйымға пациент жеткізудегі қиындықтар сияқты мәселелерді атап өткен.

Сондай-ақ медқызметкерлер инфекциялық пациенттермен жұмыс істегенімен, еңбекақының жауапкершілік деңгейіне сай еместігін жеткізген.