Астанада хирургтер көзі көрмей қалған жас жігітке ота жасап, жанарын қалпына келтірді

Автор: Асыл Арман

Мүмкіндігі шектеулі науқастың көру қабілеті қалпына келтірілді

Фото: Астана әкімдігі

Астанада хирургтер көзі көрмей қалған жас жігітке ота жасап, жанарын қалпына келтірді. Күрделі отаны №3 көпбейінді қалалық аурухананың микрохирургтері жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әкімдігінің мәліметінше, Ақмола облысынан келген 19 жастағы пациентке көру қабілетін қалпына келтіру бойынша сәтті операция жасады.

Даниял Есенжол ата-әжесімен бірге Көкшетаудан Астанаға келді. 19 жастағы жігіт I топтағы мүгедектікке ие: оған «Церебралды салдану» диагнозы қойылған. Сонымен қатар, Даниял эпилепсияға шалдыққан.

Туыстарының айтуынша, соңғы алты айда Даниялдың көру қабілеті қатты нашарлап, іс жүзінде көрмей қалған. Бұған көздің қабығында пайда болған бұлдырлану – катаракта себеп болған.

Отбасының көмек сұраған өтінішіне №3 көпбейінді қалалық аурухананың микрохирургтері бірден назар аударып, Даниялға сәтті операция жасады.

Операция толықтай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізілді.

«Немеремде катаракта мен көз бұршағының сыртқа шығып тұруы бар. Жаздың басында көзінің қарашығы толық ағарып кеткенін байқадым. Тек силуэттерді ғана көретін. Қазір палатаға кірсем, мені көрді. «Мен қандай түсте киініп тұрмын?» деп сұрасам, «көк түсте» деді. Енді бәрін көріп отыр», — дейді пациенттің әжесі Сабила Сатпаева.

Ол Астанаға үлкен үмітпен келгенін айтады.

«Бұған дейін немеремді Астанадағы жеке клиникаға апардық, олар да, облыстағы дәрігерлер де қабылдамады. Кейін осы ауруханаға жүгінуді ұсынды. Мен мұнда үлкен үмітпен келдім. Міндетті түрде қабылдайтынына, операция жасалатынына және оның қайтадан көретініне нық сендім».

Пациентке көз микрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дулат Балтабаев операция жасады.

«Пациент портал арқылы жоспарлы түрде госпитализацияланды. Ол жарты жылдан астам уақыт мүлдем көрмеген. Екі көзінде катарактаның күрделі түрі және көз бұршағының жартылай орын жылжытуы бар. Науқаста туа біткен ауру – церебралды салдану. Өңірдегі бірнеше клиника қабылдаудан бас тартқан. Біз невропатологтар мен анестезиолог-реаниматологтардың қолдауымен операция жасау туралы шешім қабылдадық. Операция жалпы наркозбен өтті және сәтті аяқталды. Алғашқы тәулікте-ақ пациенттің көру қабілеті қалпына келе бастады. Мұндай науқастар көмексіз қалмауы керек. Хирургиялық емді уақытында жасау маңызды. Бір жарым ай көлемінде екінші көзіне оперция жасауды жоспарлап отырмыз. Науқас көмек түрін кепілдендірілген көлем аясында алды», — деді микрохирург.

Оның айтуынша, пациентке катарактаны факоэмульсификация әдісімен алып тастау операциясы жасалды. Бұл – ультрадыбыстың көмегімен бұлдырланған көз бұршағын ұсақтап, микротіліктен шығарып, орнына жасанды линза имплантациялайтын заманауи, жарақаты аз әдіс. Операция тігіссіз жүргізіледі.

«Өз ерекшеліктері болды. Пациент ұзақ көрмегендіктен, көздің жағдайы нашарлаған. Бірақ операция техникалық тұрғыдан еш қиындықсыз өтті. Біз оған жаңа линза қойдық. Сонымен қатар, шыны тәрізді денеде де патология болғандықтан, арнайы сұйықтықпен алмастыра отырып, артқы витрэктомияның бір бөлігін жүргіздік. Операцияның нәтижесі өте жақсы», — деп қорытындылады Дулат Дәулетұлы.