FlyArystan әкесі қайтыс болған жолаушыға ақшасын қайтарудан бас тартты

Автор: Алмас Ерсін

Әуе комапниясы билетті қайтару процесі заңнамалық нормалармен реттелетінін мәлімдеді

Фото: FlyArystan

FlyArystan әуе компаниясы әкесі қайтыс болған жолаушыға ақшасын қайтарудан бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Не жағдай болды

Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде Жансая Омарова есімді қолданушы жазды. Оның айтуынша сырқаттанып қалған әкесіне бару үшін FlyArystan-ға алдын ала билет сатып алған. Алайда әкесі ұшқанға дейін қайтыс болып кеткен соң билеттің ақшасын қайтарып алуға шешім қабылдайды. Бірақ әуе компаниясы одан бас тартқан.

«Мәселе ақшада емес. Мәселе – FlyArystan біздің қайғымызды, біздің басымызға түскен қасіретті түкке тұрғысыз етіп қабылдауында. Олардың адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасы жанды ауыртады. Әкемнің қайтыс болғанын естіген сәтте мен бірден Шымкентке дейін билет сатып алдым, бірақ маған Қызылордаға бару керек болатын», - деп жазды Жансая.

FlyArystan-ның жауабы

FlyArystan агенттікке берген ресми түсініктемесінде әуе компаниясының қызметі барлық әуе компаниясы үшін міндетті болып саналатын заңнамалық нормалармен реттелетінін атап өтті.

«№540 бұйрықпен бекітілген жолаушыларды, багажды және жүкті әуе көлігімен тасымалдау ережесінде жолаушының немесе онымен бірге жүретін отбасы мүшесі ауырып қалған немесе қайтыс болған жағдайда, тиісті медициналық растау анықтамасы болған жағдайда, рейстің мәжбүрлі түрде тоқтатылуына байланысты билет құнын толық қайтару көзделген», - деп атап өтті компания.

Әуе компаниясы егер рейстің жолаушысы емес жақын туысы аурып қалса немесе қайтыс болса, билет құны сатып алу кезіндегі тариф шарттарына сәйкес қайтарылатынын түсіндірді.

Бұл оқиға желі қолданушыларының наразылығын туғызды.